«Жасыл» экономиканы дамыту мәселелерін талқыланды
Бүгін Астанада ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі және БҰҰДБ саясат және бағдарламалық қолдау бюросының директоры Хаолянь Шумен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Іс-шараға ҚР БҰҰДБ Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов пен БҰҰДБ департаментінің директоры Айнұр Баймырза қатысты.
ҰЭМ басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және барлық маңызды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.
«Біз БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған елдік бағдарламасын қолдаймыз. Ол ел дамуының басым бағыттарын қамтиды. Оның ішінде әлеуметтік мәселелеріне аса назар аударылады. Бағдарлама ҚР-да жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар аясында өзекті болып табылады», - деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар, тараптар Париж келісімін ратификациялауда және экономиканы декарбонизациялау бойынша ҚР-дың маңызды рөлін ерекше атап өтіп, «жасыл» экономиканы дамыту мәселелерін талқылады.
«Қазақстан өз алдына 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша биік мақсат қойды. Біздің ел Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудың институционалдық базасын қалыптастыруға және дамытуға көп көңіл бөледі. ТДМ-ға қол жеткізу аясында 262 жергілікті индикаторлар қарастырылған, олар мемлекеттік жоспарлау жүйесімен біріктірілген. Бұл мәселеде біз ең озық тәжірибелерді қарастыруға және болашақта осы тәжірибені қолдануға дайынбыз», - деп хабарлады министр.
Сондай-ақ, ол 16-17 маусымда Алматы қаласында өткен Орталық Азия елдерінің ТДМ бойынша екінші Саммитін ұйымдастырғаны үшін БҰҰДБ-ға алғысын білдіріп, «Қазақстан қатысушы елдердің географиясын кеңейте отырып, үшінші саммитті қабылдауға дайын»,-деді министр.
Өз кезегінде Хаолянь Шу БҰҰ-ның Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайындығын растады.
«БҰҰДБ экономиканың түрлі секторларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Әсіресе салық және тарифтік саясат, білім беру және цифрландыру салаларында. Жалпы, Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Бұл салада сіздер басқа елдерге үлгі бола аласыз», - деді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі.