Байден мен Сидің кездесуі кейінге қалды
Алдағы демалыс күндері Үндістан астанасында G20 саммиті өтеді. Бұл дабыралы халықаралық жиын әлем назарында болмақ. Өйткені, күрделі жаһандық жағдайда көптеген мәселелер осындай ауқымды диалог алаңында талқылануға тиіс болатын. О баста АҚШ президенті мен Қытай басшысы да осы жиын аясында кездесіп, екі елдің терең қайшылығын жеңілдетеді деп күтілген. Бірақ Қытай басшысының Жаңа- Делидегі жиынға қатыспайтыны мәлім болды. Оның орнына премьер-министрі Ли Цян бара жатыр. Вашингтон мен Бейжің ортасындағы шиеленіс әлемге елеулі әсер етіп тұрғандықтан, Жаңа-Делиде жүздесуге артылған үміт ақталмай қалды. Бұған қарап, сарапшыларда АҚШ–Қытай қатынасы одан ары терең текетіреске кетуі мүмкін деген көзқарас басым.
АҚШ–Қытай қайшылығы
АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Ши Жінпің (Си Цзиньпин) соңғы рет былтыр қарашада Индонезияның Бали қаласында кездескен. Алғашқы ресми кездесуі де сол болатын. Онда да кездесу G20 саммиті аясында өтті. Шыны керек, бұл кездесу екі елдің қарым-қатынасына оң жағынан әсер етпеді. Тараптардың ұстанымы алшақ екені сол кезден де белгілі болған. Содан бері де екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас нашарлай түспесе, жақсарған жоқ. Вашингтон мен Бейжің ұдайы өздерінің ұстанымдарын қайталап, қайшылықтың ең негізгі түйіндерін шешуге ортақ ниет танытпады. Дегенмен, биыл жыл басынан бері бірқатар дипломатиялық жүрістер сырт әлемге оңды прогресс сынды көрінді. Мысалы, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Блинкен, Қаржы министрі Джанет Йеллен, Байденнің климат жөніндегі өкілі (кеңесшісі) Джон Керри және Сауда министрі Джина Раймондо қатарлы жоғары лауазымды тұлғалары Бейжіңге бірінен соң бірі сапарлай барды. Ал Қытайдың да Сыртқы істер министрі, сыртқы саясат бойынша арнайы өкілі, сауда өкілдері сынды лауазымды тұлғалары Вашингтонға сапар шекті. Осының бәрі АҚШ пен Қытай арасында дипломатияның қайта жанданып, тіпті президенттер ортасындағы жоғары деңгейдегі кездесу болады деген болжамдарға жол ашқан. Бұл арқылы тараптар қарым- қатынасты келіссөзбен реттеуге тырысып жатқандай болып көрінген.
«Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті әр тарапқа әртүрлі жағынан маңызды. Бұл ең ауқымды диалог алаңында көптеген мәселелер талқыға түседі. G7 саммитіне қарағанда қатысушы мүшелерінің көптігі және ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді. Қазір жаһандық геосаяси алаңдағы температураның екі қызу нүктесінің бірі – АҚШ–Қытай қайшылығы. Байден мен Ши үшін де бұл алаңда кездесіп, қарым-қатынасты жаңа арнаға салуға мүмкіндіктері бар-тын.
Сирек сапарлайтын Си, үмітсіз Байден
«Мен үмітсізденіп қалдым» депті АҚШ президенті Байден Делавэр штатында жасаған мәлімдемесінде. Бұл оның Қытай басшысының саммитке қатыспайтынын білгеннен кейінгі айтқаны. Журналистер сұрағына жауап бергенде: «Мен үмітсізденіп қалдым, бірақ мен онымен кездесемін», – деген Байден. Қайда кездесетіні жайында ашып ештеңе айтпаған, турасында оны Байденнің өзі де білмеуі мүмкін.
Қарашада Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) басшыларының саммиті Сан-Францискода өтеді. Бұған Қытай басшысы Ши Жінпің қатысады деп күтілуде. Бірақ Бейжің тарапынан анық мәлімет жоқ. Шынтуайтында, Ши Жінпіңнің биылға жоспарлаған шетелге сапарларының реті тым сирек. Бұған америкалық ақпарат құралдары назар аудармай қалған жоқ. Олар Қытай басшысының Үндістандағы саммитке қатысудан бас тартуы Қытай–Үндістан қарым-қатынастарын одан әрі салқындатуы мүмкін деген болжамдарды да алға тартқан.
Оған керісінше, Байден шетелдік сапарларға белсенді болып тұрғандай. Бұл жолы ол Үндістан сапарымен шектеліп қалмайды. Ол Вьетнамға да сапарлауды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – АҚШ Қытайға жақын Азия елдеріндегі позициясын одан ары нығайта түсуге тырысып жатыр дегенді білдіреді. Байқап отырғанымыздай, Үндістан мен Вьетнам да Құрама Штаттармен қарым-қатынасты жақсартуға ынталы. Соның өзінде Ханой да, Жаңа-Дели де Вашингтонмен қарым-қатынастың дамуында Бейжіңмен шиеленіске алып баруынан алаңдайды, әрі барынша сақтықпен қадам жасайды.
Үлкен жиырмалықтағы үлкен үмітсіздік
Кезекті «Үлкен жиырмалық» жиыны геосаяси қайшылықтарға толы кезде өткелі тұр. Бұл бір жағынан саммиттің өзектілігін де айқындай түскендей. Өткізуші тарап Үндістан өкілдері барлық мәселеде ортақ косунсты табу жиынның басты мақсаты екенін айтады. Соған қарамастан Қытай мен Ресей басшыларының саммитке қатыспауы «Үлкен жиырмалық» арасындағы геосаяси бөліністі де айқындай түсті. Оның үстіне, жақында БРИКС бас қосуында Бейжің мен Мәскеу осы G20 мүшелерін өзіне қарай көбірек тартқаны бар. Осының бәрі кезекті жиын діттеген жерге жете ала ма дейтін сұраққа бастайды.
Жиында талқыланатын тақырыптың бірі – Украинадағы соғыс . «Үлкен жиырмалық» ішінде ортақ келісімге қол жеткізуге деген үміт жоқтың қасы. Тіпті, қайшылық былтырғы Балидегі саммитке қарағанда тереңдей түседі деп болжануда. Осының бәрі қазіргі әлемнің қаншалықты кереғар күйде тұрғанын айқындайтын бір мысал. Бір тарапта – АҚШ бастаған Батыс елдері, бір тарапта – Ресей мен Қытай бас болған тағы бір күш орталықтары. Әр тарап дерлік халықаралық диалог алаңдарын өзіне бұрғысы, халықаралық тәртіпті өз тұрғысынан қайта қарастырғысы келеді. Сондықтанда «Үлкен жиырмалық» секілді аса ықпалды диалог форматы да қызу ойын алаңына айналып отыр. Соған қарамастан Жаңа- Дели кезекті саммит тараптар арасындағы пікір алшақтығын қысқартуда үлкен рөл атқарады деп сенеді.