Егде жаста ел басқарған...

Егде жаста ел басқарған... интернет

Мемлекеттік жоғары лауазымға, әсіресе ел билеуші қызметіне жасқа байланысты талаптар қойылады. Себебі түсінікті – ел тізгінін ұстар тұлғаның саяси не әскери тәжірибесі болуы маңызды. Кез келген ел басқарған тұлға биліктің биігіне жетпей тұрып, жылдар бойы түрлі мемлекеттік және саяси қызметтерде шыңдалған. Кейбірі билікке жасы ұлғайғанда келсе, енді бірі жас шағынан ел басқарып, мемлекеттің тағдырын шешкен. Аqshamnews.kz тілшісі әлемдегі егде жаста ел басқарғандар тізімін ұсынады.

50 жыл ел билеген

Халифа ибн Салман әл-Халифа (Бахрейн) – (1935-2020)

Ол 1970 жылдан – 2020 жылға, яғни өмірінің соңына дейін Бахрейн мемлекетінің үкімет басшысы болған. Оған дейін мына қызметтерді атқарған:

1957–1960: Білім кеңесінің төрағасы

1960–1966: Қаржы басқармасының президенті

1962–1967: Манама қаласы муниципалды кеңесінің төрағасы

1966–1970: Әкімшілік кеңесінің төрағасы (1970 жылы Мемлекеттік кеңес болып өзгертілген)

1970–2020: Үкімет басшысы

Бахрейннің заманауи мемлекеттік жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарған Халифа ибн Салман әл-Халифа 2020 жылы 11 қарашада қайтыс болған.

Ең кәрі монарх

Салман ибн Абдул-Әзиз әл-Сауд (Сауд Арабиясы) –  89 жас

Ол – Сауд Арабиясының мәлігі, премьер-министр және Сауд Арабиясы қарулы күштерінің бас қолбасшысы. 2015 жылы 23 қаңтарда ағасы Абдулла мәлік қайтыс болғаннан кейін мәлік және премьер-министр болды. Сауд әулетінің жиырмасыншы басшысы. Таққа отырғанға дейін 2011-2015 жылдары Қорғаныс министрі және 1963-2017 жылдары Эр-Рияд губернаторы болған. Ол Әбд әл-Ғазиз мәліктің тірі ұлдарының ең үлкені және әлемдегі ең кәрі монарх.

48 жыл бойы Эр-Рияд провинциясының губернаторы болған Салман қаланы заманауи мегаполиске айналдырды, инфрақұрылымды дамытып, сауда мен туризмді өркендетті.

60 кітаптың авторы

Махмуд Аббас (Палестина) –  89 жас

Палестинаның белгілі саясаткері, 2003 жылы автономияның премьер-министрі, 2005 жылы Ясир Арафаттан кейін президент болып сайланды. ФАТХ қозғалысының алғашқы мүшелерінің бірі болған Аббас Израильмен бейбіт келіссөздер жүргізуде және Палестинаның өзіндік саяси жолын қалыптастыруда маңызды тұлғаға айналды. 2005 жылғы сайлауда ол 60 пайыздан астам дауыс жинап, ел тізгінін ұстады.

Ағылшын, иврит, неміс, орыс, француз тілдерін меңгерген Махмуд Аббас 60-тан астам кітаптың авторы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Эмигрант президент

Мишель Наим Аун (Ливан) –  92 жас

Әскери генерал әрі саясаткер Аун 1988–1990 жылдары Ливанның премьер-министрі әрі уақытша президенті болған. 1990 жылғы 13 қазанда Сирия әскері таң атпастан Аунның қарамағындағы аймақты қоршауға алып, оқ жаудыра бастаған.  Сирияның шабуылын естіген Аун киініп те үлгермей, ұйқыдағы киімімен Франция елшілігіне бас сауғалап барып, саяси баспана сұраған. Сирия әскері Ливаннан кеткен 2005 жылы еліне қайта оралған. 2016 жылғы 31 қазаннан 2022  жылдың 30 қазанына дейін Ливанның президенті болды. Қазір ол Ливан парламентінің мүшесі және «Еркін патриоттық қозғалыстың» көшбасшысы.

Әлемнің ең кәрі президенті

Поль Бийя (Камерун) – 92 жас

Жақында ғана (27 қазан) қорытындысы белгілі болған сайлауда Поль Бийя 53,66% дауыспен жеңіске жетіп, Камерун президенттігіне сегізінші рет сайланды. Ең кәрі президент бұл елді 1982 жылдан бері басқарып келеді. Ол – Камерунның екінші президенті. Қырық жылдан астам уақыт бойы ел билеп келе жатқан Бийяның билігі жиі сынға ұшырайды. Сыртқы бақылаушылар елдегі сайлаулардың әділдігіне де күмән келтіреді. Соған қарамастан Бийя тағы жеті жылға сайланды.

Композитор лингвист

Колвилл Норберт Янг (Белиз) –  93 жас

Сэр Колвилл Янг –  1993 жылғы 17 қарашадан 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін Белиздің генерал-губернаторы болды. Ол Скауттар қауымдастығының басшысы, генерал-губернаторлыққа 1993 жылы тағайындалып, келесі жылы рыцарлық атаққа ие болған.

Ғылым мен білімнің дамуына ерекше көңіл бөлген Янг Белиз университетінің негізін қалаушылардың бірі. Ол сонымен қатар композитор, әдебиетші және бірнеше кітаптың авторы лингвистика саласынан докторлық дәрежесін алған. Оның еңбектерінің қатарында «Белиз әдебиеті мен білімі», «Креол нақыл сөздері» және «Кариб бұрышы шақырады» атты жинақтар бар.

Демократ әмір

Сабах әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах (Кувейт) –  (1929-2020 ж)

Кувейттің бесінші әмірі, елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болған. 1963–2003 жылдары 40 жыл бойы сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Ол Парсы шығанағындағы соғыстан кейін Кувейттің халықаралық беделін қалпына келтіріп, елдің экономикасын қайта көтерген. Ол билікте отырған кезде әйелдерге дауыс беру құқығын беріп, мемлекеттік қызметпен айналысуына мүмкіндік жасаған. 2020 жылы 29 қыркүйекте ұзаққа созылған науқастан көз жұмған.

Күрескер Кастро

Рауль Модесто Кастро Рус (Куба) –  94 жас

Фидель Кастроның бауыры Рауль Кастро 1959–2006 жылдары Қорғаныс министрі, 2006–2018 жылдары Кубаның президенті болды. Фидель денсаулығына байланысты қызметінен кеткен соң, 2008 жылы парламент Раульді ресми түрде президент етіп бекітті. Ол социалистік бағытты сақтай отырып, Кубаның біршама экономикалық реформаларын бастады.

32 мемлекеттің патшайымы

ІІ Елизавета, Элизабет Александра Мэри (Ұлыбритания) –  (1952-2022)

Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның патшайымы Елизавета II 1953 жылы Вестминстер аббаттығында тәж киген. Ол британ тарихындағы ең ұзақ билік құрған монарх ретінде әлемге кеңінен танылды.

Патшайым II Елизабета Виндзор әулетінен шыққан болатын. Таққа 1952 жылғы 6 ақпанда, яғни 25 жасында, әкесі VI Джорджтың өлімінен кейін отырды. Таққа отырғанда II Елизабет 32 тәуелсіз мемлекеттің патшайымы болған және өмірінің соңына қарай бұл сан 11 ел болып азайды, Ұлттар достастығының төрайымы және Англия шіркеуінің басшысы, Ұлыбританияның қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қызметін атқарды.

Елизавета патшайым –  борыш пен қызметке адалдығымен, сабырлы парасатымен танылған тұлға. Оның билігі елдегі және әлемдегі ауқымды әлеуметтік өзгерістермен тұспа-тұс келді.

Малайлардың қорғаушысы

Махатхир бин Мохамад Искандар (Малайзия)  100 жас

Малайзияның ең танымал саясаткері, әлемдегі ең қарт мемлекет басшысы. 2018 жылы 92 жасында премьер-министр болып сайланып, бұрынғы зейнетінен кейін қайта билікке оралды. Ол 1981–2003 жылдары да елдің премьері болған. «Малай дилеммасы» атты кітабында ұлт мәселелерін қозғап, малай халқының құқықтарын қорғаушы ретінде танылды.

Махатхирдің саяси ерік-жігері мен жаңашыл реформалары Малайзияны Оңтүстік-Шығыс Азияның ең серпінді дамыған елдерінің біріне айналдырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:56

11:09

10:55

10:44

10:17

10:16

09:55

09:21

09:14

08:55

08:40

08:34

00:02

23:59

23:56

17:48

17:30

17:16

16:58

16:27

16:11

15:45

15:24

15:18

15:01