ffin.kz

Түркі бірлігінің бекем болуы маңызды

Түркі бірлігінің бекем болуы маңызды Ақорда

Жаһандық саясаттың ауаны күн сайын құбылуда. Халықаралық саясаттың күн тәртібі сәт сайын өзгеріп, саяси қатысушылар арасында әралуандылық қалыптасуда. Биыл жыл халықаралық саяси коньюктураның алдағы бес жылдықтағы бағыты мен мазмұнын анықтауда шешуші жыл болмақ. Жыл басынан бері Әзербайжан, Ресей, Иран, Ұлыбритания елдерінде президент сайлауы өтсе, өткен апта Францияда парламент сайлауы өтті. Жыл соңында анықталатын АҚШ президентін сайлау компаниясы аясындағы саяси күрес үдей түсіп, Пенсильвания штатында сайлаушылармен кездесу барысында АҚШ президенттігіне республикалық партия атынан кандидат, экс-президент Дональт Трампқа қастандық жасалды. Жаһандық геосаясаттың фундаментальды өзгерісі аясында Түркі елдерінің бірлігінің бекем болуы өте маңызды. Алдымен бас қаламыз Астанада Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті аясында «ШЫҚ Плюс» форматы аясында Түркі мемлекеттері ұйымы басшылары кезіксе, 6 шілдеде Шуша қаласында Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті болып өтті. Бұл тұрғыда Түркі мемлекеттері ұйымының жаһандық геосаяси өзгерістер аясында болашағы мен маңызын талдап көрелік.

Әзербайжанда, Шуша қаласында 6 шілдеде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Саммитке Әзербайжан, Қазақстан,  Өзбекстан Қырғызстан Республикаларының Президенттері, Венгрия Премьер-министрі, Түркияның вице-президенті, Солтүстік Кипр, Түрік Республикасының Президенті сынды маңызды саяси тұлғалар қатысып, Түркі мемлекеттері одағының болашағы туралы маңызды тақырып талқыланып, Шуша декларациясы қабылданды.

Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – түркі елдерімен байланысын Түркі мемлекеттері ұйымы аясында дамыту. Еліміз әрқашан түркі әлемімен байланыс аясын саяси, экономикалық және құрылымдық-институционалдық бағытта дамытып келеді. Түркі мемлекеттерінің ұйымы бүгінде халықаралық саясатта маңызды саяси күш орталығына айналды. Алтай мен Анадолы арасын қамтып жатқан ауқымды географиялық аймақ Еуропа мен Азия арасын біріктіретін бірегей көпірге айналды. Логистикалық түрде Орталық Азия мен Кавказды Жерорта теңізі және Қара теңіз порттарымен байланыстыратын көлік дәліздері Еуразия даласындағы сауда тасымалы жолының тиімді әрі бірегей балама жолын қалыптастырды. 

Шушада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті ұйым елдері үшін маңызды болуының басты екі себебі бар. Біріншіден, Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің Қарабақты ресми түрде Әзербайжан территориясы ретінде мойындап қана қоймай, институционалды түрде «Шуша деклациясын» қабылдауы. Екіншіден, Шушада өткен саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының алдында тұрған маңызды мәселелерді шешудің тиімді жолы ұсынылды. Мысалы, Әзербайжан тарапынан Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығы шотына 2 миллион АҚШ доллары аударылды. Аталмыш қаржы ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық бағытта жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуеті өте зор. Маңызды бөліктерінің бірі – логистикалық әлеуеті Осы мақсатта  Каспий теңізі арқылы өтетін  Орта дәліз логистикалық хабының жалғасы ретінде  Шығыс-Батыс көлік дәлізін одан әрі дамыту көзделіп отыр. Нәтижесінде  Баку – Тбилиси – Карс теміржолының жылдық өткізу қабілеті 1 миллионнан 5 миллион тоннаға дейін арттырылды. Бұл жоба Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, себебі аталмыш сауда жолы арқылы еліміздің транзиттік әлеуеті артып, түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуда Каспий теңізінің әлеуеті артпақ. Түркі мемлекеттері ұйымының құрылымын жетілдіру және бюджетін ұлғайту біздің ортақ мақсаттарымызға қол жеткізуге көмектеседі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шушада өткен бейресми саммит барысында Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік орнату бағытындағы әрекеттердің маңыздылығын атап өтті. Қалыптасқан геосаяси жағдаятты мұқият зерделей отырып, конструктивті диалогты ұсынды. Осы тұрғыда, Қазақстан медиация қағидасына ерекше мән беріп, Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөздер үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін білдірді. Бұл Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдаудағы белсенді ұстанымын көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңыздылығын талдай келе, соңғы жылы контейнерлік тасымал көлемі екі есе өскенін ескеріп, жүктерді жеткізу уақытын қысқарту мақсатында іске қосылған Digital Trade Corridor платформасының тиімділігіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді. Яғни 3 миллион тоннаға жуықтады. Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді. Бұл тұрғыдан Қазақстанның сауда-логистика саласын тиімді цифровизициялауда жеке тәжірибесі Түркі мемлекеттері ұйымы аясында зор маңызға ие болып отыр.

Халықаралық саясаттағы алып державалар арасындағы мүдделер қақтығысы Еуразия аймағында идеологиялық бөліністі қалыптастырғанымен, еліміздің дәстүрлі түрде ұстанып келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясаты аймақта қалыптасып жатқан жағдаятта өз тиімділігін дәлелдеп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30