Саяси экстремизм америкалық демократиядағы дағдарыстың белгісі болуы мүмкін бе?
2001 жылғы Нью-Йорктегі оқиға әлемді өзгертті. «Егіздер ғимаратына» жасалған лаңкестік терроризмнің қаншалықты қауіпті құбылыс екенін көрсетті. 13 шілдеде президенттікке үміткер Дональд Трампқа қарсы жасалған қастандық саяси экстремизмнің қаншалықты қауіпті екенін дәлелдеді. Жалпы, саяси терроризм мен экстремизм ғасыр дертіне айналды. Бірақ экстремизм әдетте авторитарлы, тоталитарлы режим орнаған елдерде болады. Ал оның әлемде «демократияның үлгісі» деп аталған елде болуы көкейде еріксіз сұрақ тудырады. Ендеше, осыған жауап іздесек. Себебі, Қазақстан да терроризм мен экстремизмді басты қауіптердің бірі деп есептейді.
Сайлауалды кампания қыза түспек
13 шілдеде Республикалық партиядан президенттікке үміткер экс-президент Д.Трамп кезекті сайлауалды митингіне қатысты. Алайда, Пенсильвания штатында өткен саяси акция ол үшін сәтсіз аяқталуы мүмкін еді. Бірақ оған атылған оқ құлақ шекеден жанап өтті. Қазір сайлауалды кампания жүруде. 5 қарашада шешуші сайлау. Бұл қастандық кампанияны одан әрі өршелендіруі мүмкін.
Қастандықтың сәтсіз аяқталуы кімге тиімді? Әрине, Д.Трамптың кампаниясына тиімді. Себебі, дәл қазір республикалықтар бір жағы құпия ұйымдарды, екінші жағынан қазіргі президент Джо Байденге айып тағып отыр. Бұл республикалықтар мен оның негізгі үміткеріне саяси ұпай алып келеді. Сайлаушылардың алдында саяси құрбан бейнесі қалыптасып, Д.Трампқа дауыс беретіндердің саны артуы мүмкін. Қазір республикалықтар істің әділ әрі ашық тергелуін талап етіп отыр.
Джо Байденнің әкімшілігі мен жақтастары тағылған айыпты теріске шығарды. Олардың айтуынша, экс-президенттер құпия қызмет пен Ішкі қауіпсіздік министрлігінің қорғауында. Джо Байденнің жеке өзі сайлауға үміткерлердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге тапсырма бергенін мәлімдеді.
Құпия қызмет Ішкі қауіпсіздік министрлігінің жеке басқармасы. Оның қызметкерлері экс-президенттер мен сайлауда үміткерлерді қорғауға жауапты. Қастандық жасалғаннан бері басқарма басшылығы қауіпсіздік шараларының бәрі жасалғаны туралы мәлімдеген. Ал FBI (АҚШ Федералды тергеу бюросы) болса тергеу басталғанын, істің «саяси терроризм белгілері болуы мүмкін» деген айыппен жүріп жатқанын мәлімдеген.
Қастандықты кім жасады?
Оның артында кім тұр? Бұл сұрақтарға тергеу аяқталмай жауап беру мүмкін емес. Десе де, болжам жасауға болады. Президенттікке екі негізгі үміткер Джо Байден мен Дональд Трамптың сайлауалды штабтары бір мезетте сайлау кампаниясын өршелендіріп жібермеу керек екенін мәлімдеді.
Сырттай қарағанға қастандық Джо Байден жақтастары тарапынан жасалған сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, қастандықтың себебі бұдан да тереңде жатыр. Себебі, америкалық ақпарат көздеріне сүйенсек, қастандық жасаған азамат республикалық партия өкілі ретінде тіркелген. Оның әкесі де сол партияны қолдайды, ал анасы демократ.
Д.Трампқа қастандық жасаған азаматтың есімі 20 жастағы Томас Крукс. Пенсильвания штатында туып, сонда өмір сүрген. Қастандық жасалғаннан кейін оны арнаулы жасақ қызметкерлері атып мерт қылды. Америкалық басылымдар оның саяси портретін жасап шықты. Алайда, жас жігіттің неге мұндай әрекет жасағаны және үміткерге 140 метрге дейін қалайша жақын келгені туралы ақпарат әлі жоқ.
Томас Мэттью Крукс туралы алғашқы егжей-тегжейлі мәліметтер көрсетіп отырғандай, жас жігіт өзінің туған қаласы Пенсильванияда 2022 жылы орта мектепті бітірген. Оның мектептегі мұғалімі оны «құрметті азамат» деп сипаттап, Крукстің саясатқа қызығушылық танытатынын ешқашан білмегенін айтқан.
Жексенбі күні FBI Крукстің әлеуметтік желідегі парақшаларынан ешқандай қауіп көрмегенін және психикалық ауытқу таппағанын мәлімдеді.
Экстремизм саясиланып барады
Ақпарат көздерінде мынадай мәлімет те тарап отыр. Ол 17 жасында Демократиялық партияны қолдап, 15 доллар қайырымдылыққа жұмсаған. Алайда, кәмелет жасына толғасын республикалық атанған. Екіншіден, ол қарттар үйінде жалақысы аз қызмет атқарған. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады.
Біріншіден, отбасында әкесі мен анасының екі түрлі партияны қолдауы балаға психикалық қысым тудырған. Өз таңдауын жасауда қиналған болуы мүмкін.
Екіншіден, әлеуметтік жағдайының төмендігі қосымша себеп болуы мүмкін.
Десе де, мұндай қадамға баруына бұлар жеткіліксіз. Соңғы жылдардағы АҚШ қоғамындағы кері үдерістер ішкі наразылықты өршелендіріп жіберген сияқты. Соңғы 10 жылда АҚШ-та жасөспірімдер қолдарына қару алып, мектепте қылмыс жасап жатқаны туралы оқиғалар жиілеп кетті. Бұл қоғамда, әсіресе, жастар арасында экстремистік көзқарастың бар екенін көрсетеді. Мұның бәрі әлеуметтік экстремизмнің белгілері. Ал Томас Крукстың ісі экстремизмнің саясиланып бара жатқанын көрсетіп отыр.
Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, саяси экстремизм көбіне тоталитарлы, авторитарлы режим орнаған елдерде пайда болады. АҚШ секілді демократиясы әлемге үлгі елде оның пайда болуы көкейде еріксіз сұрақ туындатады. Саяси экстремизм америкалық демократиядағы дағдарыстың белгісі болуы мүмкін.