1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының жалпы несие қоржыны 22 трлн теңгеге жеткен
Risk Takers телеграм арнасының хабарлауынша, жыл басында банк секторының жалпы несие қоржыны 20 трлн теңгені құраған. Бұл жалпы активтер көлемінің 54 пайызына тең. 1 қазандағы жағдайға назар аударсақ, аталған көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 22 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ал жыл басында төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен (NPL) кредиттердің көлемі 668,8 млрд теңге болған екен. Бұл дегеніміз – жаплы несие қоржынының 3,31 пайызы. 1 қазандағы жағдай аталған көрсеткіштің де өскенін көрсетіп отыр. Дәлірек айтсақ, NPL көрсеткіші 3,6 пайызды немесе 801,8 млрд теңгені құраған.
Байқағандарыңыздай, NPL көрсеткіші 2022 жыл бойына біртіндеп өсіп келеді. Қаржылық тәуекел менеджері Берік Бейсенбековтің пікірінше, бұл жақсы тенденция емес. Өйткені, бұл жағдай мерзімі өткен қарызды басқарудың тиімсіздігін көрсетіп отыр.
Risk Takers-тің жазуынша, мерзімі өткен қарыздардың ең көп үлесін жеке тұлғалардың қарыздары құрап отыр. Анығын айтсақ, жалпы NPL көрсеткішінің 57 пайызы осы секторға тиесілі. Заңды тұлғалардың үлесі – 10 пайыз. Шағын және орта бизнес қарыздарындағы NPL көрсеткішінің үлесі 33 пайызға тең.
Бұл ретте, жалпы несие қоржынындағы үш сектордың үлесі келесідей: заңды тұлғалар – 18 пайыз, жеке тұлғалар – 55 пайыз, шағын және орта бизнес – 26 пайыз.
"Жұмыс істемейтін" кредиттер жинақталған банктердің бестігі келесідей: Jusan bank – 10,84 пайыз, Bereke bank (бұрынғы "Сбербанк") – 8,25 пайыз, "ВТБ Қазақстан" – 8,23 пайыз, "Еуразиялық банк" – 6,56 пайыз және Home Credit bank – 5,71 пайыз.
"Банктердің шағын және орта бизнесті несиелендіру көрсеткіші аса жоғары емес. Сөйте тұра, NPL көрсеткішінің үштен бір бөлігі осы секторға тиесілі. Міне, банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландыруға құлықсыздығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Өйткені бұл сегмент белгілі бір тәуекелдерге ие. Егер Түркиядағы жағдай басқаша. Өйткені, ондағы негізгі экспорттаушылар (95 пайыздан астамы) – шағын және орта бизнес субъектілері. Яғни әрбір кәсіпкер валюталық түсімді қамтамасыз етеді", – дейді Берік Бейсенбеков.
Міне, банк секторындағы несие портфелінің жай-күйі осындай. Бірақ жағдайды түзету үшін қандай қадамдар жасау керектігі әлі де беймәлім. Өйткені, пайыздық мөлшерлеме өскен сайын төленбейтін кредиттер саны арта береді. Мөлшерлемелердің өзгеруі, несие беру шарттарын қайта қарау жағдайды өзгерте алатын белгілі бір шаралар легі ретінде қарастырылса да, бұл проблемалардың себебіне ішінара ғана әсер етуі мүмкін.
"Бөлшек клиенттерге шоғырлану жақсылыққа апармайды және ерте ме, кеш пе Үкімет шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң да кешіктіріліп жатыр. Дегенмен биыл Президент оны нақтылауға және аяқтауға серпін берген еді. Ең бастысы, түсіндіру жұмыстары толыққанды жүргізілуі керек. Өйткені адамдарда осы заңға қатысты қате түсініктер қалыптасқан. Кейбір адамдар бұл заңды мемлекеттен берілетін сыйлық деп алақанын ысқылап жүр. Яғни, ескі кредиттер кешіріліп, жаңасын алуға жол ашылады деген түсінік қалыптасуда. Президент сайлауына дейін ынталандырудың мұндай әдісі қолданылмаса жақсы болар еді. Өйткені, тағы бір мәрте несие рақымшылығын жасаудың пайдасы жоқ. Себебі осыған дейінгі несие рақымшылығы сенімсіз қарыз алушыларға кедергі бола алмады", – дейді қаржылық тәуекел менеджері.