Білім бәсекесінің салтанатты ашылуы Almaty Theatre сахнасында өтті. Іс-шараға мыңға жуық қонақ пен қатысушы жиналды.
10–15 қаңтар аралығында мектеп оқушыларына арналған математика, физика және информатика пәндері бойынша 22-ші Халықаралық Жәутіков
олимпиадасы өтпек.
Биыл әлемнің 16 елінен 612 оқушы мен 122 жетекші келіп отыр. Қатысушы командалар ұлттық олимпиадалардың қорытындысы бойынша іріктелген.
Бес күнге созылатын сайыс екі турдан – теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптардың оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.
“Бұл олимпиаданың басты ерекшелігі – оның әрі жеке, әрі командалық форматта өтуінде. Командалар міндетті түрде бір мектептен жасақталуы тиіс. Осы арқылы біз физика-математика және STEM бағытындағы үздік мектептерді анықтаймыз”,-дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, биылдан бастап сайысқа қатысуға шектеу де енгізілген. Енді әр мемлекеттен 4 команда ғана қатыса алады. Ал өткен жылғы командалық жеңімпаз атанған 7 команда квотасыз қатысу мүмкіндігіне ие болды.
“Халықаралық Жәутіков олимпиадасы биыл Алматы қаласында өтуде. Бұған дейін 20 рет Алматыда ұйымдастырылса, былтыр олимпиада Астана қаласында өткен болатын. Биыл қайтадан Алматыда өткізіп отырмыз. Шетелден 45 команда келді. Әр командада 7 оқушы мен 2 жетекші болады. Оқушылар пәндер бойынша бөлінеді, яғни 3 математик, 2 физик және 2 информатик. Олимпиада аясында мұғалімдерге арналған математика, физика және информатика пәндері бойынша «IMPACT» атты қосымша олимпиада да өтеді”, - дейді «Республикалық физика-математика мектептері» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Алмас Күнгожин.
Халықаралық комиссияның төрағасы, академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, оқушыларға ғылымға негізделген, мазмұны терең, күрделі есептер беріледі. Барлық тапсырма оқу бағдарламасына сәйкес болғанымен, оларды орындау жоғары дайындықты талап етеді.
“Жәутіков олимпиадасы - әлемдік деңгейде ұйымдастырылатын халықаралық мәртебеге ие республикадағы жалғыз пәндік олимпиада. Әлемдік олимпиадалық күнтізбе жыл басында дәл осы Жәутіков олимпиадасынан басталады. Бізден ерте өтетін мұндай халықаралық деңгейдегі олимпиада жоқ. Биылғы олимпиадаға Пәкістан алғаш рет қатысып отыр. Алғашқы жылдары Вьетнам, Камбоджа және Қытай сияқты мемлекеттер де қатысуы мүмкін. Бұл олимпиаданың халықаралық ауқымының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді”,- дейді академик.
Жәутіков олимпиадасына биыл үшінші мәрте қатысып отырған алматылық оқушы Әділ Жиенбаев жарысқа тастүйін дайын.
“Республикалық физика-математика мектебінде 11-сынып оқимын. Олимпиада тапсырмалары өті күрделі, мектептегі ұстазым интенсивті түрде дайындайды. Әсресе, экперименталды турға дайындығым жоғары. Жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз”,- деді Әділ.