Біз бұрынғы режимнен жаңа мемлекет құрылысына көшу барысындамыз
Алматы қаласында референдум мазмұнын халыққа түсіндіру науқаны аясында түрлі саланың білікті мамандары мен сарапшылар арасында қызу пікірталастар ұйымдастырылуда. Мысалы, кеше «Қазақстандағы Республикалық референдум» атты сарапшылар дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Пікірталас алаңында Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің мүшелері, саясаттанушылар сөз алды.
Іс-шараның шымылдығын Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің мүшесі Қазыбек Алтайұлы ашты. Ол референдумды құр дауыс беру ретінде қабылдамай, оның ел өміріндегі маңызын кеңінен насихаттау қажеттілігін алға тартты.
«Алдағы маусымның 5-сі күні республикалық референдум өтеді. Оның мақсаты мен мазмұны осы отырғандарға мәлім деп ойлаймын. «Референдум» дегенде біз алдымен «Жаңа Қазақстан» терминін түсініп алуымыз қажет. Біз бұрынғы режимнен жаңа мемлекет құрылысына көшу барысындамыз. Өткеннің кемшіл тұстары болғанымен, мемлекет ретінде, тәуелсіз ел ретінде қалыптасқанымызды мойындау керек, бірақ біз одан әрі жоғарыға ұмтылуымыз қажет», - деді Қазыбек Алтайұлы.
Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Шолпанқұлұлы референдумның тарихи негіздеріне кеңінен тоқталды.
«Осы тақырып төңірегінде талай сұрақтар қойылып жатыр. Қалай осы референдумға жеттік?• Оның бастауында Президенттің 11 қаңтар күнгі «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деген үндеуі тұр.
• 10 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың бағдарламасын ұсынды.
• 22 сәуірде Конституцияны түзету мен толықтырулар енгізу үшін жұмыс тобы құрылды.
• 29 сәуір күні Президент бүкілхалықтық референдумды өткізуге шешім қабылдады.Нәтижесінде бар-жоғы бес айдың ішінде біздің жаңа тарихымызда үлкен өзгерістер орын алды. Яғни, Жаңа Қазақстанға бір табан жақындадық. Жаңа ел – дегеніміз тең мүмкіндіктер», - деді Серік Шолпанқұлұлы.
Қоғамдық кеңес атынан сөйлеген Бекнұр Сейтжанұлы алдағы референдумды тарихтан белгілі «Қоғамдық шартқа» теңеп, Конституция түбегейлі болмай, өзгерістерге ұшырап отыруы шарт деген ұстанымын жеткізді.
«Жалпы «Екінші республика» деген түсінік Франция тәжірибесінен алынған дүние. Ал референдум 18-19 ғасырдан белгілі «қоғамдық шарт» түсінігіне саяды. Бұл түсінік бұған дейін барлық философ, ақын-жазушылармен талай талқыланған. Оның мәні – халық болып Ата Заңды құру. Яғни алдағы референдумда мемлекет болашағын ел, жұртшылық шешетін болады. Ал Конституцияны өзгерту қаншалықты дұрыс дегенге айтарым: Ата Заң түбегейлі болмауы керек, халық қалауына қарай өзгермелі болуы тиіс», - деді Қоғамдық кеңес өкілі.
Ал әйелдер құқығын қорғаушы Зульфия Мұхамедбекқызы Конституциядағы адам құқығына қатысты өзгерістерге тоқталып, оның болашақтағы әсерін түсіндірді.
«Қазір референдумға баруға ешкімді көндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын, сондықтан құқыққорғаушы ретінде өз ойымды білдіргім келеді.
Мені адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін айқындайтын жаңа бабтың пайда болуы аса қуантады. Себебі, енді құқыққорғаушылар ешқандай мемлекеттік органға есеп бермейтін, тәуелсіз уәкілге айналып отыр. Мұндай өзгеріс бізге құқықтық жағынан қорған болмақ. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер институты күшейтілмек. Бұған дейін құқыққорғаушылар демократияның көрінісі ретінде ғана танылса, енді оның басты құралына айналмақ.
Екіншіден, әйел ретінде біз 24-бабтағы түзетулерге қолдау білдіреміз деп ойлаймын. Аталмыш бабқа сәйкес мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған, ал жаңа түзетулер бойынша ол жазалаудың бір түріне айналмақ. Менің 25 жылдық тәжірибемнің соңғы 15 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен құқықбұзушыларды ең болмағанда мәжбүрлі жұмысқа салу жазасын Заңға енгізу жолында өтті. Өйткені дамыған елдерде бұл қарапайым тәжірибе», - деді құқыққорғаушы.