Алматыдағы А.П.Чехов атындағы қалалық Орталық кітапхананың жас оқырмандары, дәлірек айтсақ, №147 гимназияның оқушылары «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабын талқылау үшін «дөңгелек үстел» басына жиналды.
Әдеби-рухани іс-шараға жақында ғана үлкен экранға шыққан «Болмаған балалық шақ» фильмінің бас кейіпкерлерінің бірін ойнаған жас актер Нұртілек Жарылқасын арнайы қонақ болып келді. Сөйтіп жасөспірімдер кітаптан киноға айналған шығарманы картина кейіпкерімен бірге талқылады. Жүздесу барысында туындыдағы бала тағдыры, оның құқығы, жан жарасы, ата-анаға деген сағынышы, ағайын-туыстың ара-қатынасы, ауылдың тыныс-тіршілігі, еркіндік, риясыз балаң махаббат тақырыбы да ешкімді бейжай қалдырмағанын білдік.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгіме аталған картинадағы Ақоштың бозбала шағын сомдаған Нұртілек Жарылқасынмен сұхбат ретінде жалғасты. Жас оқырмандар актерға сауалдарын қойып, арада жақсы диалог орнады.
– Дәстүрлі сұрағым бар: бұл рөлге қалай келдің?
– Кастинг ашық, жария түрде болды. Он мыңға жуық адам қатысты деп естідім. Солардың ішінде бағым жанып өттім. Алдымен кастинг директорының алдынан өтесің. Одан соң «пробаға» шақырды. Бірге ойнайтын партнерларыңмен бірнеше «проба» өтеді. Содан кейін ғана шақырту алдым. Соның өзінде де сенген жоқпын. Құлағыма «Түсірілім басталды. Дубль» деген сөз жеткенде ғана нақты сенген болармын деп ойлаймын.
– Актер болу арманың ба еді?
– Шынымды айтсам, актер емес, әнші болуды армандадым. Тоғызыншы сыныптан кейін осы Алматыға келдім. Бірақ алдымда «не істеймін, қайда барамын?» деген сұрақ тұрды. Чайковский атындағы музыка колледжіне барсам деді бір ойым. Бірақ қайта ойландым. Актерлықты таңдасам қалай болар екен дедім. Бұл салада ән де, би де, қимыл-қозғалыс, бәрі бар ғой деп ойладым. Сөйтіп Жүсіпбек Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжіне тапсырып, оқуға түстім. Оқу барысында, дәрістер кезінде қызығушылығым үдей түсіп, дұрыс жолда екенімді түсіндім. Сені ешкім киноға түсіп жатыр екенсің деп жіберіп қоймайды, әрине. Киноға түсу барысында колледждегі оқуымды да ақсатпадым. Келесі жылы диплом аламын. Кино әлеміндегі нағыз сапарым енді басталады деп ойлаймын. Ал негізі, жол салып берген «Болмаған балалық шақ» деп айтуға болады.
– Бұл сенің ең алғашқы басты рөлің ғой, қандай қиындықтар болды?
– Маған басында камераға жұмыс істеу қиындық туғызды. Түсірілім алаңындағы барлық адамның көзі бір саған қадалып тұрады, сондай кезде рөлімді сенімді ойнай алмай, алғашында қиналдым. Санаңда «бұл фильм ертең үлкен экранға шыққанда қалай болады, мен қалай көрінеді екенмін» деген қорқыныш болды. Біз негізі екі сағаттық киноны бір демде көріп шыға саламыз ғой. Бірақ оның арғы жағында қаншама еңбек жатқанын оған қатысқан адамдар жасқы біледі. Осы картинаны түсіру кезінде Алматы облысындағы алты-жеті ауылда болдық-ау. Қыс мезгіліндегі атпен болған сахналарда қиындықтар туды. Нарынқол ауданындағы Тоғызбұлақ деген ауылда болдық. Одан кейін Кеген ауданындағы Бесмойнақ ауылында түсірдік. Одан Жамбыл ауданының Аққайнар, Мәтібұлақ, Сұраншы батыр ауылдарында болдық. Отар стансасында да түсірілімдер болды. Осылай бірнеше ауылды аралап жүріп түсірдік. Камера алдында өзіңді сенімді ұстауда режиссер Айдын Сахаман да, Ақберен ағаның өзі де көп қолдау көрсетті. Рөлге, оқиғаға жүрегіңмен кіріп кеткеннен кейін, камераны да елемей кетесің.
– Әдетте кастингтен өткендерге талаптар қойылады ғой. Киноға түсетінің шешілген кезде саған нендей талаптар айтылды?
– Күнде жүгіру, төрт келі салмақ тастауың, атқа жақсы отыруың керек деген секілді талаптар қойылды. Мен өзі ауылда атпен шауып өскен баламын, сондықтан еш қиналған жоқпын.
– Кинода жүрегіңе жақын алған қандай сахналар болды?
– Картинада кішкентай Ақошты анасы тастап кетеді. Менде аяныш сезімі болды балаға деген. Кітабын оқығанда да қиналғаным бар. Өзімнің балалық шағымның бақытты өткеніне, әке-шешемнің мейіріміне қанып өскеніме тәубемді айттым іштей. Дегенмен, шын өмірде басымнан өтпеген оқиға болса да, Ақоштық тағдырын жүрегіме қатты қабылдадым, сахна кезінде жылап қалған сәттеріміз де аз болған жоқ.
Ақоштың ағасы Данышпанның қайтыс болатын сахнасы қатты әсер етті маған. Мен ол кезде рөлде емеспін, сахна сыртында тұрмын. Осы фильмде балалар жақсы ойнады, жүрекпен ойнады. Данышпан (рөлде Әлихан Сейсембай) «Мен өлем ғой, иә?» деп інісі Ақошқа (рөлде Шәкәрім Алмасбек) сұраулы жүзбен қарайды. Әлиханның өзі өз сұрағына сахнада шын жылап қалады. Одан кейін ағасының көз алдында кетіп бара жатқанына шын қиналып Шәкәрім де жылап жібереді. Осы сәтте сырттай бақылап тұрған бүкіл түсірілім тобы көзіне жас алды. Дереу түсірілім тоқтатылып, екі сағатқа үзіліс жасалды сонда. Осындай әсерлі, өксік қысқан сәттер менің Ерлан Біләл ағаммен, Ақбота Рахат әпкеммен болған сахналарымда жиі болды. Картинаны барлық актер жүрекпен алып шықты деп ойлаймын.
– Маған Берік Айтжановтың жұмыстары қатты ұнайды. Үнемі салиқалы, сабырлы кейіпкерлерді, ер мінезді рөлдерді сомдайды. Кинодағы өгей, қатыгез әке Тағайды да жақсы алып шықты. Сен сондай мықты актермен сахналас болдың. Қандай адам, қандай актер?
– Иә, өте орнықты адам екен. Өте тиянақты, бір сөзді. Айтылған уақытта келеді, біткен уақытта кетеді. Әр сөзі, әр қадамы нақты әрі анық. Тәртіптің адамы. Уақытты бағалай білетін жан десем қателеспеспін, бәлкім.
– Жұлдыз ауруымен ауырған жоқсың ба?
– Иә, бұл картина мені танымал етті. Өміріме өзгешелік енгендей. Бұрын теледидардан көріп жүретін атақты актерлармен бір кинода, бір жобада жұмыс істеймін, партнер боламын, түсірілім алаңында бірге жүріп, бірге шәй ішеміз деп кім ойлаған. Бұл да бір тағдырымның сыйы шығар. Көшеде, әлдебір жиындарда көрген кезде «сенімен суретке түсуге бола ма?» деп сұрайды. Әрине, қуанасың іштей танымал бола бастағаныңа. Бірақ жігітке ұстамды болған дұрыс деп ойлаймын.
– Менің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ең қызығып оқыған үш кітабым болды – «Қаракөз», «Махаббат, қызық мол жылдар» және «Болмаған балалық шақ». Сен түскен картинаның өн бойында трагедия, драма жатыр десем қателеспеспін. Ал, өзің оқыған, қатты әсерленген үш кітабыңды айтып бере аласың ба?
– Ілияс Есенберлиннің «Махаббат, қызық мол жылдары», Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», Дулат Исабековтің «Гаухартасы». Ал киноға түсер алдындағы әсерленіп оқып шыққаным – Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы». Ал дәл қазір Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» деген кітабын оқып жатырмын. Одан кейін «Абай жолын» қайталап оқып шықсам деген ойым бар.
– Ең сәтті, ерекше болған сахна қайсы деп ойлайсың?
– Ең ерекше болған сахна дейсіз бе? Картинаның ең соңғы нүктесі қойылған сәт шығар, бәлкім. Бұл – баланың нәзік жүрегіндегі қорқыныш пен үміттің тартысы туралы, бірақ алдағы күндерге үміт сыйлайтын фильм. Иә, эмоциялық тұрғыдан өте ауыр болды. Бірақ ең соңында тағдырлы бала – Ақоштың анасымен түсінісіп, табысқанын сезінудің, махаббат пен мейірімнің күші бәрінен де биік екенін түсінудің өзі ғажап күй сыйлайды. Оның үстіне, неше айдан бері бәріміздің бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз бар, көкейде қимастық сезімі болды.
– Жалпы, қандай рөлдер жаныңа жақын, қандай кинода өзімді жан-жақты көрсете алар едім деп ойлайсың?
– Ол жөнінде әлі ойланбаппын. Дегенмен, экшн жанрындағы картиналарға түсуді армандаймын, қабілет-қарымымды сол бағытта сынап көргім келеді.
Осы түсірілімде актер ағалар, актриса әпкелерден көп дүние алдым. Батасын да алдым. Бір картинаға шақтыру түскен еді, бұйыртса, алдағы айда соған кірісеміз.
– Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың кітапқа, шындыққа, өмірге деген көзқарасын кеңейтіп, рухани байытуда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Кездесуге №147 гимназияның 8-ші және 10-сынып оқушыларын кездейсоқ шақырған жоқпын. Аталған гимназия жеткіншектері «Оқуға құштар мектеп» жобасына белсенді қатысып келеді. Бұл білім ошағында көркем шығармаларды ұдайы оқып тұру міндеттелген. Оқып қана қоймайды, сынып ішінде сол шығарманы талдайды. Бүгінгідей гаджетке жіпсіз байланған заманда кітап оқитын баланың көбейіп келе жатқанына қуанамын.
Ал «Болмаған балалық шақ» туралы бірер сөз айтар болсам, Ақберен Елгезектің бұл кітабы бестселлерге айналып, 40 мың дана болып сатылған. Мен де оқып шыққанмын. Киносына да бардым. «Болмаған балалық шақ» – жай ғана кино емес, жанның айнасы дер едім. Бұл фильмді отбасымен бірге көруге болады. Себебі ол ана мен бала махаббатын, бауырға деген ыстық ықыласты, ағайын-туыс арасындағы тартысты һәм отбасы құндылықтарын суреттейтін мағыналы туынды, – дейді кешті ұйымдастырушы, А.П.Чехов атындағы қалалық Орталық кітапхананың кітапханашысы Айнұр Балаубаева.
Нұржамал ӘЛІШ
Almaty aqshamy газеті, №40, 3 мамыр 2025 ж.