Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мисс Қазақстан 2023» байқауының жеңімпазы Сабина Ыдырысованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Сабина ертең Үндістанға жол тартып, сонда өтетін «Miss World 2025» байқауының ақтық сайысында Қазақстан атынан бақ сынамақ, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Бұған дейін елімізде өткен сұлулық байқауында жеңіске жеткен Сабина алдағы сапарына қалай дайындалып жатқанын және байқау туралы өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, «Miss World 2025» байқауына қатысу тек атақ үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдениетін, сұлулығын, зияткерлік әлеуеті мен тарихын әлемге танытудың бірегей мүмкіндігі.
– Маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезініп отырмын. Бұл байқауға жай барып қатысып қайту емес, екі ел арасындағы дәнекер, алтын көпір болу деп түсінемін. Қазақстанды қалай жақсы көрсем, әлем де елімді солай танып, жақсы көрсе екен деймін, – деді Сабина.
Бірнеше айға созылған дайындық барысында Сабина Ыдырысова Кеин Кериш, Ақ Бұлақ және Алтын Емел табиғи аймақтарында визиттік бейнеролик түсірді. Сондай-ақ «Япурай» атты авторлық нөмір дайындап, дефиле, сахналық сөйлеу, макияж және ағылшын тілі бойынша жаттығулар жасады. Дизайнер Дилара Коржовамен бірге этно-модерн стилінде костюмдер әзірлеп, «Beauty with a Purpose» қайырымдылық аукционына арналған зергерлік бұйымдар жасатқан.
11–31 мамыр аралығында Телангана штатында өтетін байқаудың финалына 120 елдің өкілі қатысады. «Miss Kazakhstan» ұйымының өкілдері Сабинаның Қазақстан атын әлемге әйгілейтініне сенім білдіріп отыр.