Біз бүгін қазақ анимациясының бәсін бір сатыға жоғарылатқан «Бәс», «Бәрінен де сен сұлу», «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін», «Балалы үй – базар», «Сауға», «Жұмақ дегеніміз...», «Қошақан», «Жалқаубек» сынды мультфильмдер түсірген Үміт және Маржан Жұбаныштар туралы айтатын боламыз. Яғни өнер көгінде қазақы туындыларымен, ерекше қолтаңбасымен қанат жайған анасы мен қызының шығармашылығына үңілеміз. Олардың жоғарыда аталған туындыларының ішінде, әсіресе, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациясы көптің ықыласына бөленіп, Жапония, Қытай және Түркия мемлекеттерінен айтулы жүлде алып келді.
Үміт ЖҰБАНЫШ, суретші-безендіруші, Қазақстан Суретшілер одағы мен Кинематографистер одағының мүшесі:
АСПАН – БАЛА БІТКЕННІҢ ҚИЯЛЫН ҰШТАЙТЫН КЕҢІСТІК
– Өне бойы ұлттық колоритке тұнып тұрған «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмінің атауы да, бас кейіпкерінің есімі де ерекше екен, Тынжы деген кім жалпы?
– Тынжы – өзім ғой. Яғни автобиографиялық оқиғалар желісімен туған персонаж. Отбасында алты қыз болдық. Бала күнімде әкемнің «қыздар ертең жөніне кетеді, ал мына жиған-тергенім кімге қалады, шаңырақтың иесі болуы керек» деп ылғи жабырқап отыратыны есімде. Әкемнің сүткенжесі, еркесі болдым. Мені Тынжы деп атайтын. «Тынжы» дегеніміз – адамның ішіндегі оған маза бермейтін ерекше күш. Кішкентай күнімде бір орнында байыз тауып отыра алмайтын, өз-өзіне сыймай, тыншымай, әр нәрсеге ұрынып жүретін қияли, бұзықтау бала болыппын. Әпкелерім өз дегеніне көндіргісі, үй шаруасына жеккісі келгенде, әкем марқұм «Тиіспеңдер оған, ішіндегі тынжы бұны тыныш отырғызбай тұр. Жұмсамаңдар, жүре берсін» деуші еді.
Мультфильмдегі кішкентай Тынжы қыз да болса ауыл ұлдарымен бірге бәйгеге де шабады. Көршісінің «Бәйгеге қыз шаба ма екен?!» деп әкесін мұқатуы, күш-қуаты қайтқан әкенің атқа көтеріліп мінуге қауқары жетпей есекті ерттеуі, көршінің «Жұбеке, енді атқа міне алмайсыз, менің бұзығым мінсін» деп атын зорлықпен алып кетуі, осының бәрі мультфильмде көрініс табады. Тіпті болмағасын үнемі мұңға батып, күрсініп отыратын әкесін қуантқысы келген Тынжы «шаңырақтың иесі» деген затты тауып әкелу үшін жолға шығады. Тапқан, таппағанын оқырмандар туындымыздан біле алады.
– Шынайы өмірден алынғандықтан болар, әр оқиғасы сенімді, мағыналы. Сондықтан да мұндағы шығыстық таным-түсінік, сырлы сюжет кім-кімді болса да баурап алары сөзсіз. Осыншалықты ұлттық реңке бай туындыға қанша уақыт жұмсадыңыздар?
– Сол балалық шағымның оқиғаларын сөзбен өрнектеп, сценарий жазу үшін 15-17 жылдай уақыт кетті. Бертін келе ықшамдап, өңдеп шықтым. Әлі де шикілеу тұстары бар-ау деп, он ойланып, жүз толғанып жүргенімде қызым Маржан да оқуын бітірді. Ол әуелі А.Жұбанов атындағы саз мектебін оқып, одан соң О.Таңсықбаев атындағы өнер колледжін, сосын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын режиссер-аниматор мамандығы бойынша бітірді. Қызым студент кезінде «Сен сұлу» деген жобаны жасаған болатын. Қызымның қолынан бір нәрсе келетінін түсіндім де, «шаңырақтың иесін» бірге табуға ұсыныс айттым. Бұл анимацияны жасап шығаруға төрт жарым жылымызды беріппіз. Өз қаражатымызға жасап шықтық. Дәлірек айтсам, бізді IT саласының маманы – Мағжан ұлым қаржыландырды. Бізге көмектескен аниматор досымыз Арыстанбек Қасеновке айлығын төлеп берген де балам.
– Кейіпкер Тынжының әр қадамы, іс-әрекеті күнделікті оқиғалармен ғана емес, ғарыштық кеңістікпен, аспан әлемімен, мифтік образдармен өрбіп отырады. Бұл кімнің идеясы?
– Бала күнімізде ауылда кепе қораның үстіне шығып, қиялдың қанатына отырып алып көкке ұшатынбыз. Қораның ішінде қой-ешкілер, ал төбеде, биікте жүрген мен деп ойлап, ғажап әлемнің құшағына еніп кетуші едім. Иә, дәл байқапсыз, мультфильмде жылт-жылт еткен космостық жарықтар өте көп. Жалпы, ғарыш, аспан – бала біткеннің арман, қиялын ұштайтын кеңістік ғой. Сондағы кішкентай Тынжының арманы әкесіне шаңырақтың иесін тауып әкеліп қуанту, үлкен кісінің сөзімен айтқанда «өмірін ұзартып, жан-жағын жарық сәулеге толтыру» болатын.
Мен осы ретте Маржан қызыма үлкен алғысымды білдіремін. Менің ішкі ойымды ұңғыл-шұңғылына, қалтарыс-бұлтарысына дейін түсіне білген, миымның әрбір қыртысындағы ойымды айнытпай беріп, соны жоғары деңгейде жеткізе алды. Қазіргі тілмен айтқанда, мықты тандем құра білдік.
– Қазіргі қазақ анимациясының жағдайы қандай? Сын айтушылар жоқ емес әлі де. Бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау, көмек қандай?
– Қазіргі аниматор жастардың аяқ алысы қуантады. Мәселен, Адай Әбілдаев «Күлтегін», «Аңшы» деген мультфильмдерді, Тілек деген жігіт «Мұзбалақты» жасады. Тек жеткілікті деңгейде қолдау жетіспей жатыр дер едім. 10 минуттық мультфильм шамамен алты-жеті ай жасалуы керек. Ал бізде қаржы бөліне сала, екі айдан соң нәтижесі сұралады. Айтылған уақыттан бір күн кешіксең, айыппұл төлейсіз. Тереңінен түсінбейтіндер мультфильмді жеңіл-желпі дүние деп ойлайды. Мәселен, бір қимылды бір секундта қозғау үшін 24 сурет жасалу керек. Ал тұру, жүру, сөйлеу, секіру сияқты қимыл-қозғалыс үшін қанша кететінін өзіңіз бағамдай беріңіз. Мәселен, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмінде» елу шақты шақты персонаж болады деп ойлағанбыз. Бір қарасақ 188 персонаж жасап тастаппыз. Анимация дегеніңіз қиял-ғажайыпқа толы әлем ғой! БАҚ арқылы телеарналарға, түрлі әлеуметтік желілерге шыққымыз келеді. Бірақ бәрі қаражат сұрайды. Ол үшін мемлекеттен қолдау күтетінімізді де жасырмаймын. Шамамыз келгенінше тегін таратып жүрміз. Себебі, балалар контентін көбейткіміз келеді, олар ұлттық құндылықтарымыздан нәр алып өссе дейміз.
Маржан ЖҰБАНЫШ, жас режиссер-аниматор:
БАЛАЛАР КОНТЕНТІН КӨБЕЙТКІМІЗ КЕЛЕДІ
– Маржан, сіз қалада туып, қалада өстіңіз. Бірақ әрбір анимациялық шығармаңыздың мән-мазмұны ұлттық нақышқа тұрып тұр десек болады. Осы орайда «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» десек жарасар, бәлкім?
– Әрине. Анам Үміт ағам Мағжан екеумізді кішкентай кезімізден көрмелерге, шығармашылық кештерге сүйреп жүретін. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылға да жиі апаратын. Ұлттық һәм рухани құндылықтарды бойыма солай сіңірдім деп ойлаймын. Өзімнің де жүрегім өнер деп соға бастаған соң, көрген, түйгендерім ой-қиялыммен үйлесім тауып, осы жолға түстім. Анамның айтуынша, нағашы әжем өте әңгімешіл кісі болған екен. Көркем сөздермен өрнектеп жеткізер әрбір тағылымды әңгімесі бала жүрегіне сол күйі құйыла кететін көрінеді. Кейін сол әңгіме, оқиғалардың бәрін қылқаламмен, түрлі бояумен тілсіз сөйлете бастайды. Тіпті ауыл кейіпкерлерінің бейнесін, тыныс-тіршілігі кәдімгі асқабақтың қауақтарына жаза бастаған. Картиналарындағы оқиғалардың басым бөлігі шығыстық мотивпен өрілген. Маған анамның жұмыстарының ішінен махаббат, сезім, табиғат, ауыл тақырыптары ерекше ұнайды.
Анамды бірде бір курстасы «Қазақфильмде» «Қаңбақ шал» мультфильмін бірге жасауға шақырады. Содан бері Алматыға тұрақтап, өнімді жұмыс істеп келеді. «Қазақфильмнен» бөлек, «Айгөлек» журналында, «Мектеп», «Алматыкітап» баспасында да қолтаңбасы бар.
Маған анам: «Ішімде шешемнен қалған, баяғы дәстүрлі ауыл тіршілігінен қалған, өзімнің қиялыммен ұштасқан көп дүние жатыр. Соны шығаруға көмектесші», – дейді үнемі. Иә, мен анамның суреткерлігін әлемге паш еткім келеді. Себебі, оның қолтаңбасында ұлт тәрбиесіне бағдаршам боларлық күш, энергия бар. Соны дұрыс бағытта пайдаланғымыз келеді.
– Жалпы, өнерді жанкешті адамдар жасайды ғой. «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмі анимацияның отаны болып саналатын Жапонияда гран-при иеленгені елең еткізді бізді. Сол сәттегі сезіміңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Біз бұл мультфильмде ұлттық мінез бен болмысты, шаңырақтың қадірін, адамдар арасындағы көзге көріне бермейтін нәзік байланысты көрсетуге тырыстық. Көз майымызды тауысып жасаған туындымыз Токиода өткен «Tokyo film award» фестивалінің гран-приін жеңіп алды. Сөйтіп «Ұлттық анимацияға қосқан үлесі үшін» марапатын иеленіп, әлемдегі ТОП-5 фильмнің қатарына ендік. Сол жеңісімізден кейін олар бізді «шеберлік сыныбын» өткізуге шақырды. Осы сәтте екі есе арқаланып кеттік десек болады. Бір қызығы, олар да біз секілді ұл баланы шаңырақтың мұрагері деп әспеттейді екен.
Осы мультфильмімізге қызығушылық танытан түрік бауырларымыз да аттай қалап сұрап алып, өз елінде көрсетті. Көрермендер 150 адамдық залға сыймай, 200 адамға орын берілді. Сондағы жүрегімнің қуанышқа толған сәтін сөзбен өрнектеп жеткізе алмаспын. Ең бірінші кезекте ешқашан өзін көрсетуге ұмтылмаған, шеберханасында елеусіз ғана шығармашылығымен айналысып отыра беретін анам үшін қатты қуандым. Сондай-ақ, өзіміздің отандық «Baiqonur» фестивалінде «Ең үздік сценарий» номинациясын жеңіп алдық. Отандық демекші, мультфильм жарыққа шыққан 2022 жылы Алматыдағы «Esentai Mall» сауда үйінде де анимациямыздың таныстырылымын жасадық. Көпбалалы аналарға, өрендерге шақыру билетін жібердік. Мен өзіміздің қаракөздердің осындай ұлттық құндылықтармен сусындап өскенін, қадірлегенін, көргенін қалаймын.
Қытайдағы Chengdu қаласында өткен «The Golden Panda Award Festival»-ге де шақырылдық. Фильмімізді «Отель монстров Трансильвания» сияқты деңгейдегі фильмдермен теңестіріп, ең үздік бес фильмнің қатарына қосқаны да үлкен мәртебе болды біз үшін. Белгілі мәдениеттанушы, мифолог Зира Наурызбаеваның бізге «Түркі топырағына анимацияның дәнін еккен Әмен Қайдаров ағамыздың ізі өшпепті» деп баға бергенін де айтып кетсем артық болмас. Айтпақшы, былтыр «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» TURKTAV қорының баспасынан түрікше кітап болып басылып шығып, кішкентай оқырмандарына жол тартты.
Осындай марапаттар бізді шабыттандырып, алға жетелеуде. Анам екеуміздің егіз лебізімізден туындаған «Тынжы» студиямызда жаңа жобаларымыз дүниеге келуде. YouTube платформасында бүлдіршіндерге арнап қазақша контентті көбейту үшін ұмытылып бара жатқан өлеңдерімізді жаңартып, анимациялық клиптер жасауды қолға алдық.
– Қоғамдық көлікте келе жатқанда байқаймыз, балаларға телефоннан мультик қосып қоятын ата-аналар көп, аялдамаға жеткенше жыламай тыныш отырса дейді ғой, әрине. Сонда көбі шетелдік анимацияларды көріп отырады...
– Жалпы, мультфильмнің баланың дамуында рөлі орасан. Бәлкім ол жағы көзге көрінбес, бірақ бүгінгідей бесіктегі бөбектер де гаджетке жіпсіз байланған заманда олардың тілі осындай мультфильмдер арқылы шығады. Мәселен, бір жылдары отандық телеарналардан жиі көрсетілген Краустың «Алдар көсесін» алайық. Ол немістігіне, пысықтығына салып біздің жігіттердің алдын орап кетті. Шыны керек, персонаждары пәлендей тартымды дей алмайсыз. Мультфильм кейіпкерлері балаларды баурап алатындай жағымды болуы керек. Бала табиғаты әдемілікті сүйеді емес пе.
Дегенмен көп дүние қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан «инемен құдық қазғандай» еңбек етіп жүрген, 10-20 минуттық ғана анимацияға алты-жеті айын жұмсайтын жанкешті, шығармашыл аниматорлардың еңбегін саралайтын, әділ бағалайтын көркемдік кеңес, арнайы комиссия болса деймін. Айтпақшы, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» туындымыз жуырда YouTube-қа шықты. Басқа мультфильмдерімізді әлеуметтік парақшамыздан да көруге болады. Кішкентай достарға сапалы контент һәм тартымды, сүйкімді персонаждарға бай қазақша мультфильмдердің көп болуына тілекшімін.