ffin.kz

Сенім мол, үміт зор

Сенім мол, үміт зор almaty-akshamy.kz

Қазақстан қоғамы жаңару кезеңін бастан өткеруде. Көмескіленген дүние кейінге ысырылып, тың нәрсе алға озуда. Бұрын тұйықталып қалған тұйық тарқатылып келеді. Алда жақсылық орнайды деген үміт зор.


Әділетті Қазақстанның іргетасын қалау әрбірімізге тікелей қатысты. Отан барлығымызға ортақ. Осында ғұмыр кешіп жатқан әрбір адам қымбат. Қоғам болғаннан кейін сан түрлі ой болары анық. Алайда, елдік, ұлттық мүдде төңірегінде баршамыздың ұстанымы­мыз бір. Дәлірек, елге белгілі азаматтардың тұжырымы, ұсынысы, байламы маңыз­ды. Осыған орай саясаткер, қоғам қайраткері Дос КӨШІМНІҢ ой-пікірін білген едік.


НИЕТ БОЛСА,  БӘРІ ОҢАЛАДЫ


Біз өткеннен сабақ алуымыз қажет. Қай тұсымыз әлсіз, сол жағын оңдайық. Елдің несібесі өзіне берілетін уақыт орнады. Жаңа толқын ел тізгінін ұстайтын шақ туды. Мем­лекет басқаратын жаңа кадр алмасып жатыр. Соның ішінде жас азаматтардың келгені дұ­рыс. Олар Отанға маңдай терін сығып, осы елдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрсе, нұр үстіне нұр.


Әділет - кең ұғым. Мұны бір ғана сөзбен суреттеп жазу оңай емес. Жақсылыққа қарай бет бұруға кіріскен сыңайлымыз. Бірақ тоқ­мейілсіп, игі істерді ысырып қоюға болмай­ды. Кеткен кемшіліктен сабақ алып, ілгері қадам баса беру керек. Ниет болса, бәрі оңа­лады.


ҒАЛАМДЫҚ  ТӘЖІРИБЕ


Біз қит етсе, шетелге қарап бой түзейтін болдық. Оған ешкім қарсы емес. Алайда, өзіміздің өткенімізге көз жүргірту қажет. Қазақ көшпелі және жартылай көшпелі тұр­мысты бастан өткерді. Әрбір ауылды өзінің ру басылары, ақсақалдар басқарды. Қай жер­ге көшу керек, төрт түліктің ыңғайы қалай, өзен-сулы жерді іздеді. Бір ауыл өз ішіндегі түйткілді өзі тарқатты. Сыртқа иек артпады. Бізде дала демократиясы болды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Өздеріңіз білесіздер, Абылай ханның жанында ақылшысы Бұқар жырау болды. Хандықтың ішкі-сыртқы ахуа­лын бағамдап отырды. Тіпті, бізде хан сай­лауға халық қатысты. Әр елдің рубасы, әскер­басы, абызы, пірі жиналып хан көтерді. Дәл Еуропа жүйесіндегідей монархия бола қой­ған жоқ. Өйткені, билер институты қатты жұмыс істеп тұрды. Сонымен бірге, тұрақты әскер бола қоймаған. Тек ханды қорғайтын төлеңгіттер, қолбасшылары болды. Әскери демократиялы билік жүйесі мықтап орнаған- тұғын. Сәл қипақтаса, қағып тастауға әзір еді. Осылайша сан ғасыр бойы күн кешті.


Қазақ даласында ақсақалдар институты мықты жұмыс істеді. Ел арасында «үлкен­ге – құрмет, кішіге – ізет қағидаты» салтанат құрды. Соның нәтижесінде мызғымас бірлік болды. Жау шаба қалған сәтте бәрі жиналып, қарсы тұрды. Ал хан осыны қолбасшылары­мен бірге ұйымдастырды. Ханның негізгі миссиясы сыртқы дипломатиялық қарым- қатынасты тұрақты сақтау болатын. Соны жүзеге асырды.


Еуропа елдері, АҚШ-ты айтпай өте ал­маймыз. Қанша дегенмен бізден әлдеқайда бұрын өркениет көшіне түсті. Бүгінде барша әлем аузынан суы құрып, қарайтын дәрежеге жетті. Олардың елді басқару жүйесіндегі қа­жетті жақтарын алайық. Алайда, артық кет­кен, шекарадан асқан, қазақы менталитетке, шеңберге келмейтінін алмайық. Осы жағын реттеп, жүйеге келтіріп алу аса маңызды деп білеміз.


ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТ


2024 жылдан Ұлттық қордың 50%-ы әр баланың есепшотына аударыла бастайтын көрінеді. Бұл процесс 18 жасқа дейін жүзеге асып отырмақ. Бұған әрбір ата-ана қуана қа­райтыны анық. Сонымен қоса, кәмелеттік жасқа жеткенде банктік есепшотыңызда қаржы болғаны кім-кімге де үміт сыйлайты­ны айқын.


Біз ойымызды сәл әріден қаузайық. Әлгінде айтқанымдай, шетелдің озық тәжі­рибесін бағамдап көрелік. 2009 жылдары Германияда бір жеке жағдайыммен болдым. Біршама уақыт солардың өмір сүру дағдысы­на зер салдық. Сонда әлеуметтік жағдайды қатырып жасап қойған сияқты. Егер неміс отбасында үлкен қария болса, құт екен. Мұ­ның экономикалық астары бар. Яғни медбике өз үйінде қария ата-анасы немесе әжесін бақса, үстемақы алады. Мәселен, 3000 еуро айлық алса, ол 2 еселенеді. Сөйтіп, 6 мың еуроға көтеріледі. Ал енді бақпай көріңіз?! Бәрін реттеп қойған.


Біз ерте кезден Қазақ елінде өндіріс орындарын ашу қажеттігін айтып келеміз. Шикізатты шетелге сата берудің түбі немен тынары айтпаса да түсінікті. Ішкі нарыққа ештеңе өндірмесек, онда ертеңгі күн мұң. Бұйырса, Қытай өз портын елімізге бергелі тұр. Аспан асты елі арқылы әлеммен сауда- саттық жасайтын халіміз туып қалар. Содан үміттенеміз.


Алдағы уақытта Қазақстанға кем дегенде 2 мұнай өңдеу зауытын салу қажет. EURO-4 стандартына сай болғанын қалаймыз. Бұл заманауи зауыт болса, мұнайды шикілей сат­пай, өңдесек, түрлі бұйым шығарсақ, елге көл көсір пайда болар еді. Бізде КСРО-дан қалған 3 зауыт бар. Оның Атыраудағысы іс­тен шығып тұрғанға ұқсайды. Қайтсін, әбден ескірді ғой. Оған өкпе бола қоймас. Өндіріс экономикаға қан жүгіртеді. Экспорт артса, импорт азайса жақсы деп білеміз.


Қазақ жерінің асты-үсті бай. Оған шүбә жоқ. Жаратқан берген байлықты ақыл-пара­сатпен әділ үлестірейік. Әлгі 162 адам ел байлығының 55%-ын ұстап отырғаны қинал­тады. Сонымен бірге, әрбір металлургия комбинаты, темір, көмір шахтасы, мұнай мен газ, уран өндіретін кен орындарын өзіміздің азаматтар қолға алуы тиіс. Уағында ше­телдікке бердік. Ендігі жерге мемлекет құрау­шы ұлттың үлесі басым болғай. Ата-бабадан қалған алтын сандық өзгеге бұйырмаса екен.


Біз әл-ауқатымызды Араб эмиратынан әлдеқайда жоғары ете аламыз. Қолға алына­тын шаруа шаш-етектен. Осы бағытта талмай еңбек істей білсек, бәрін басып озамыз.


АШЫҚ ҚОҒАМ


Қазақстанда әділдік, ашықтық, жариялы­лық туралы жақсы бастамалар көтеріліп ке­леді. Бірқатары жүзеге асып та жатқан жағда­йы бар. Сенім мол, үміт зор. Осы бағытты таңдадық па, кері шегінуге болмайды. Алда Мәжіліс, мәслихат сайлауы өткелі тұр.


Ең өзекті дүние – жігерлі жастарды өсіру қажет. Олардың потенциалын елге жұмса­йық. Ыңғайы келсе, шетелде кәсіпті дөңге­летіп, әр салада үздік нәтиже көрсетіп жүр­гендерді шақырайық. Сырттағы жастарымызды елге алдырып, қайтсек Қа­зақстанды өркендетеміз принципін ұстана­йық. Жас азаматтар, соның ішінде білгір ма­ман, қолынан іс келетіндерді билік бұтақтарына ыңғайлап, тәрбиелеп қоюымыз керек. Сонда ғана қоғам жаңарады.


Алысқа ұзамай, өз басымыздан мысал ай­тайық. Менің қызым Ұлыбританияда 2 жыл магистрлік білім жинады. Жарнама саласы­ның қыр-сырын игерді. 3 жылдан бері елде. Десе де, мардымды жұмыс жоқ. Жалақы кө­лемі айтпаса да түсінікті. Сәуірде тағы да шетке бармақшы. Қарсы болмадым. Бірақ 4-5 жыл тәжірибе жинақтап, қайтып келуі керек. Қазақ өзіміз дегенде қаншыл халық­пыз. Осындай жағдайдың алдын алып, жас­тарды осында өркендету керек. Жұмақ мекен ол – Қазақ топырағы. Осыны ұмытпайық.


P.S. Біз Қазақ елінің дамыған державалар санатына енгенін көксейміз. Ізгі һәм басты ниетіміз де сол. Отаншыл жандар ғұмыр кешетін әділ қоғам орнағанын қалаймыз. Өйткені, ата-бабадан қалған байтақ жер, ұлан-ға­йыр алқап – қазақтың баға жетпес байлығы.


Дайындаған Олжас ЖОЛДЫБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02