Алматыда Қазақстандағы онкогематологиялық қызметтің негізін қалаушы, отандық педиатрияның корифейі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Омарова Күлән Омарқызының мерейтойына орай «Гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері» атты шеберлік сыныбы өтті.
Педиатрия орталығы мен «Қазақстан Педиатрлар Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шеберлік сыныпқа Ресей, Беларусия және еліміздің балалар онкологиясы мен гематология саласының жетекші мамандары, республикалық ғылыми орталықтардың, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың, Еуразиялық педиатрлар және неонатологтар қауымдастығының, «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, онкологтар мен гематолог дәрігерлері қатысты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Басқосуда 1 жасқа дейінгі балалардағы жедел лейкозды, жедел промиелоцитарлы лейкоз бен балалардағы апластикалық анемияны емдеудің заманауи емдеу хаттамалары, қазіргі емдеу хаттамаларында балалардағы нейробластомаға анти-GD2 терапиясын қолдану, балалардағы гемофилия А түрін емдеудің заманауи мүмкіндіктері тақырыбында баяндамалар жасалып, балалардың қатерлі ісігін, қан ауруларын емдеу саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымы талқыланды.
Іс-шараны Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов салтанатты түрде ашып, балалар саулығына сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті онкогематолог дәрігер Күлән Омарқызын ҚазҰМУ ардагері медалімен марапаттады. Марат Едігеұлы Күлән Омарқызының педиатрияның басым және өзекті ғылыми бағыттарын дамытуға, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға және жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлкен үлесі үшін зор алғысын білдірді.
Шараның салтанатты ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов Күлән Омарқызының Педиатрия орталығы мен онкогематология қызметіне сіңірген көп жылғы қажырлы еңбегін атап өтіп, өз атынан және ұжым атынан мерейлі жасымен құттықтады.
«Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова Күлән Омарқызын Отандық денсаулық сақтауды дамытуға қосқан зор үлесі және Қазақстан халқының денсаулығы үшін жанқиярлық еңбегі үшін «Гиппократ» жоғары орденімен марапаттады.
«Күлән Омарқызы – Сіз нағыз аңыз адамсыз. Бастамашыл, қайтпас қайсар, жігерлі де табанды жансыз. Осы қасиеттеріңіздің арқасында сонау 1993 жылдың қиын кезеңдерінде балалар гематология орталығын ашып, құрдыңыз. Міне, 30 жылдан астам уақыт бойы нәтижелі қызмет жасап келеді. Сізге мыңдаған балаларға өмір сыйлағаныңыз үшін, Қазақ елінің ғылымына қосқан үлесіңіз бен жүздеген шәкірт тәрбиелеп, біліміңізбен бөліскеніңіз үшін барша шетелдік әріптестеріңіздің атынан зор алғысымды білдіргім келеді. Сізге зор денсаулық, бақыт пен шаттық, мол күш-қуат тілейміз!», - деді Ресейден келген онкогематолог маман, м.ғ.д., профессор, «Д.Рогачев атындағы БГОИ ҰМЗО» ФМБМ бас директоры Галина Новичкова.
Еліміздің онкогематология саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан Күлән Омарқызын құттықтаушылар легі көп болды. Мерей той иесін алыс-жақыннан келген әріптестері, шәкірттері, ұжымы, тіпті пациенттері де арнайы келіп құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді. Елдің жүгін арқалаған қайраткер тұлғаның мерейтойы ақ халатты абзал жанға деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Күлән Омарқызының бастамасымен ашылған республикалық балалар онкогематология орталығы ашылғанан бергі 30 жылдан астам уақытта мыңдаған қазақстандық балалар емделуге, аман қалуға, мектепке, ЖОО-да оқуын аяқтауға мүмкіндік алды. Бүгінде ол балалардың көпшілігі ер жетіп, отбасылы боп, қоғамның толыққанды мүшелері атанып, табысты азаматтар болды. Соның бірі Өзбекстаннан арнайы келген пациенті - Азиз. Бүгінде ол 3 баланың әкесі, 38 жаста. Халықаралық қатынастар қызметінде жұмыс жасайды. Ол әкесі - Тұрсынов Камиль Тұрсынұлымен бірге Күлән Омарқызының мерейтойына Өзбекстаннан арнайы келіп, алғысын білдірді.
Республикалық балалар онкогематологиялық орталығының ашылуымен елімізде балалар онкогематологиялық қызметінің жаңа деңгейі басталды. Осы тарихи 30 жылдан астам уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Профессор Күлян Омарованың жетекшілігімен балалар онкологтары мен гематологтарының отандық ғылыми мектебі құрылды, онда жүздеген онкогематолог мамандары даярланды. Қазіргі кезде олар еліміздің барлық өңірінде және шетелде де жұмыс істейді.
Екі күнге жалғасқан шеберлік сынып аясында клиникалық жағдайлар талқыланып, молекулярлық-генетикалық диагностика бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Шеберлік сыныптың басты мақсаты - балалар жасындағы гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі өзекті мәселелерін талқылау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, балалардағы гематологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеудің жаңа терапияларымен бөлісу, қатерлі дертпен күреске күш-жігерді біріктіру.