Тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина, шаң сорғыш және тағы да басқа тұрмыстық техникаларды істен шықса қоқысқа тастай саламыз. Алайда бұл дүниелерге екінші өмір сыйлап, өнер туындысына айналдыруға болатынын білетін ба едіңіз? Алматы облысында сол "керексіз" қалдықтарды қайта тірілтіп, жаңа тыныс сыйлап жүрген жан бар. Аqshamnews.kz тілшісі темірден түйін түйген шебермен сұхбаттасты.
Қуаныш Мұхамеджанов – ескі тұрмыстық техникалардан түрлі инсталляциялар жасап жүрген арт-мүсінші. Қоқысқа қарап тұрып, шабыт алатын дарын иесінің шеберханасына кірсеңіз, өзіңізді құдды бір болашаққа тап болғандай сезінесіз. 10 жыл бойы тіс дәрігері маманы болған ол жан қалауына еріп, өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырған. Қазір көрген жан таңдай қағатын 50-ден астам арт-скульптураның авторы болып отыр.
Сурет: aqshamnews.kz
«Іздегенімді таппаған соң, өзім жасап шықтым»
Мүсінші алғашқы жұмысын өзінің тамақтану орталығына келушілерді тарту мақсатында жасаған. Тіс дәрігері ретінде қызметінен бөлек жеке кәсібін ашқан Қуаныш мырза роботтар жасауға қалай келгенін әңгімелеп берді.
«Дәрігерлік жол біздің отбасымыздың ата кәсібі десек те болады. Менің әкем – дәрігер. Менің тіс дәрігері болуымды бірден-бір қалаған сол жан. Десе де одан бөлек өзімнің дәмханамды ашып, жеке кәсібімді де дөңгелеткім келді. Бір күні шетелдік мейрамханалардың бірінен recycle art (қайта өңделген өнер – автор) стилінде жасалған роботты көріп, ұнатып қалдым. Дәмханамның алдына әкеліп қойсам, келушілер саны артатын шығар деген ойда болдым. Бірақ елімізден таппадым. Сол себепті өзім үйде бар қалдықтардан «Бамбл-би» роботын жасап шықтым» дейді Қуаныш мырза.
Бұл – «Бамбл-би» роботы. Қуаныш мырзаның 2016 жылы жасаған ең алғашқы, өзіне ең ыстық жұмысы. Робот толықтай темір қалдықтардан (кастрюль, қазан, раковина т.с.с.) жасалған. Аталмыш жұмыс көпшіліктің көңілінен шығып, автордың шабытын ары қарай оятқан.
Сурет: aqshamnews.kz
«Туындының соңы қалай аяқталатыны өзіме де қызық»
Қуаныш мырза инсталляцияларды ешқандай сызбасыз толықтай импровизациямен жасайды. Ол өзінің сурет сала алмайтынын, бастаған туындысын ойша құрастыра беретінін айтты.
«Жасап жатқан туындымның соңы қалай аяқталатыны өзіме де қызық. Себебі әр жұмысыма жеке бір өнер туындысы ретінде қараймын. Өзім сурет сала алмайтын болғандықтан, ешқандай сызба, жоспар жазбаймын. Барлығын импровизациямен басқарамын. Ойыма қандай идея келеді, жасап отырып жүзеге асыра беремін. Дәрігерлік оқуды бітіргенім де кәдеме жарайды. Анатомияны жақсы білетіндіктен, адамның қаңқасын көз алдыма елестетіп, ойша жүйе құрып, жасай беремін» дейді мүсінші.
Суретте: көлік бөлшектерінен жасалған «Самурай-дрифт» роботы
«Бір мүсінге 2 тонна темір кетеді»
Пластик қалдықтардың әлемдік экологияда қайта өңдеу жолы әлі жүйесін таппады. Бұл тенденцияда Қуаныш мырза пластиктерден де өнер туындыларын жасап көруді қолға алған. Солардың бірі – Горилла скульптурасы.
Горилла мүсінінің салмағы - 100-150 кг. Тұрмыстық техникалардың түр-түрі қолданылған туындыға мұқият қарасаңыз, шаңсорғыш, дауыс ұлғайтқыш, балалар ойыншығы сынды пластик өнімдерін байқауға болады.
Сурет: aqshamnews.kz
Мүсінші туындыларының ішінде пластиктен жасалғандары өте көп. Мәселен мына роботқа 8 шаңсорғыштың бөлшектері пайдаланылған.
«Темірден жасалған туынды әдемі көрінгенімен, жасалуы қиын. Бір мүсінге 2 тонна темір кетеді. Жетпеген темірлерді өзім сатып алып отырдым. Бұл керісінше артық шығын еді. Пластиктерді қолданып көруді жұбайым ұсынды. Солайша алғаш рет 8 шаңсорғыш қалдықтарын пайдаланып робот жасап шықтым. Сосын экопосттардан пластик қалдықтарды алып кетіп, жасап жүрдім. Кейін адамдар өздері әкеліп беретін болды. Қазір екі цехым, қалдықтар сақтайтын қоймам да бар» деді Қуаныш мырза.
«Ең қымбат туындым 17 миллионға сатылды»
Қуаныш мырза сүйікті ісінің қалай табыс көзіне айналғанын түсіндіріп берді. Ол жасаған өнер туындыларын көрмелерге жалға беріп, ұнатқан жандарға қомақты қаражатқа сатып, кәсіп қылып отырғанын айтты.
«Ең қымбатқа сатылған туындым – ғарыш кемесі. Оны жасауға 8 ай уақытым кеткен. Толықтай темірден жасалғандықтан үлкен еңбекті қажет етті. Бағасы – 17 миллион теңге. Ал қалған ұсақ роботтарды кемі миллионнан басталатын сомаға жалға беремін және сатамын» дейді ол.
Ал бұл автордың тағы бір үлкен скульптураларының бірі – киіз үй.
Бұл жұмыстың қаңқасы жарамсыз қалған кір машиналардан және ұсақ темір қалдықтардан тұрады.
Бұдан бөлек мүсіншінің балаларға арналған ойыншық машиналарынан жасалған мынадай роботтары тағы бар. Автордың сөзінше, қанша кішкентай болса да көпшіліктің қызығушылығына осы туындылар ілінеді.
Суретте: пластик ойыншықтардан жасалған тоботтар
«40-қа келіп қылық шығардың ба?» дегендер де болды»
Қуаныш Мұхамеджанов 10 жыл бойы істеген дәрігерлік қызметінен осындай жол үшін бас тартуы оңайға соқпағанын айтты. Отбасы, жұбайы қолдау көрсеткенімен туыстары мен достары тарапынан мүсіншінің өнерін түсінбегендер де табылған.
«Тіс дәрігері ретінде қызметімді тастап, жеке кәсіпке, осы роботтарды жасауға бет бұрамын дегенде мені қолдамағандар да болды. «Қуаныш, 40-қа келіп ойыншық ойнап кеттің бе, қылық шығардың ба?» дегендер де болды. Әртүрлі қаңқу сөздер де айтылды. Десе де осындай тәуекел ету керек сәтте отбасым жанымнан табылды. Жұбайым, балаларым ерекше қолдау білдірді» дейді автор.
Суретте: мүсіншінің ең үлкен роботы – «Оптимус Прайм»
Бұл робот толықтай көлік бөлшектерінен жасалған. Анықтап қарасаңыз, көлік моторын, дөңгелегін және өзге де детальдарды байқауға болды.
Қуаныш мырза енді болашақта Алматыда музей ашуды жоспарлап жүргенін айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта робототехниктермен коллобарация жасап, қозғалатын, сөйлейтін жаңа роботтар жасап көруді де ойға алғанын әңгімеледі.