Кеше Ғ.Мүсрепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының Алматыдағы гастрольдік күндері ашылды.
Махамбет театры – еліміздегі көне әрі іргелі ұжымдардың бірі. Өсу, өрлеу, даму жолында талай белесті басынан өткеріп, өнерпаздардың бірнеше буынын алмастырған бұл театр дәстүрге беріктігімен, өнерге адалдығымен ерекшеленеді. Өзінің 87-нші көктемін Алатау бөктерінде қарсы алған театр ұжымы үшін бұл өнер сапары дәстүрлі десек те болады. Өйткені труппа әртістері соңғы бірнеше жыл бойы сәуір айында Алматы тұрғындарымен жүздесіп, өнерін паш етіп келеді.
«Қашаннан өнер мен мәдениеттің, сұлулық пен сағыныштың, жастық пен махаббаттың символына айналған ару Алматының тұрғындарымен жүздескенімізге қуаныштымыз. Рухани астанамыздың талғампаз көрермендеріне театр репертуарындағы үздік қойылымдарымызды ұсынамыз. Бұл күндер – біз үшін жаңа шығармашылық ізденістің, әсерлі кездесулер мен шабытты сәттердің бастауы іспетті», – дейді атыраулық өнерпаздар.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев Алматы қаласы Мәдениет басқармасының атынан ілтипат білдіре отырып: «Бес күнге созылатын өнер тойын бірге тамашалап, қимай қоштасатынымызға күмән жоқ», – деп сапарлап келген ұжымға сәттілік тіледі.
Сахна төріне көтерілген Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов елімізде театрға деген ықылас өте жақсы екенін айтты. «Қай жерде де театрға келетін көрермен көбейіп келе жатыр. Бұл – халқымыздың жан дүниесінің байып келе жатқанының көрінісі. Театрсыз, әдеби кітапсыз өмір сүру шынында да өте көңілсіз болар еді. Біз театрдан өзіміздің басымыздан күнделікті өтіп жатқан өмірдің көркем көрінісін, түрлі проблемаларды, елге, жерге деген махаббатты, адам байқай бермейтін сезімдерді көреміз», – деп, сахнагерлердің жұмысына тәнті екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Мереке Құлкенов арғы-бергі тарихтан да сыр тартып: «Махамбет атындағы театр ұлтымыздың небір марғасқа тұлғаларын қынадай қырып тастаған үрейлі шақта құрылды. Сол кездің өзінде Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсрепов шығармаларын, орыс классиктерінің пьесаларын сахналады. 87 жас – адам баласы үшін қарттық кезең болса, ал театр үшін, бұл керісінше, жасарып, жаңғырып, жанданған шақ болып тұр. Театрда бұрынғыдан басқаша леп, жаңаша екпін бар», – дей келе, гастроль шымылдығы «Қасым хан» спектаклімен ашылуының өзі жайдан-жай емес екенін, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына, нығаюына ұланғайыр еңбек сіңірген Қасым хан Атырауда, қасиетті Сарайшық топырағында жатқанын тілге тиек етті.
– «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» демекші, театрымыздың құрамы бүгінде айтарлықтай жасарды. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдаған жас актерлер мен актрисалар қатарымызға қосылды. Сондай-ақ Астанадағы «Шабыт» университетінен келген жастар да бар. Міне, осындай үлкен құраммен алдарыңызға сынақ тапсыруға, есеп беруге келгендей болып тұрған жайымыз бар, – деген театр басшысы Сағынтай Сатыбалдыұлы: «Бұрындары ел аузында: «Орындаушысынан тыңдаушысы мықтырақ болуы керек» дейтін сөз болатын. Қазір енді «тыңдаушысы ғана емес, қолдаушысы да мықтырақ болуы керек-ау» деп ойлайтынымыз рас. Өйткені гастрольдік сапар, үлкен ұжымның өзге өңірлерге, алыс-жақын шет елдерге шығып тұруы үлкен қаражатты қажет ететіні белгілі», – деп, театрға материалдық-техникалық тұрғыда қолдау білдірген жергілікті өңір басшылығына ризашылығын жеткізді.
Өнер сапарының алғашқы күнінде көрермендерге белгілі қаламгер Асылбек Ықсанның «Қасым хан» тарихы драмасы ұсынылды. Театрдың гастрольдік репертуары ары қарай «Махаббат, қызық мол жылдар» (Ә.Нұршайықов), «Баянды бақ» (М.Отарбай), «Толқындар жағада өледі» (Ә.Дәулетбаева) қойылымдарымен жалғасып, өмірден ерте кеткен танымал бард ақын Табылды Досымов рухына арналған «Қыр баласы» (Ә.Рахат) спектаклімен түйінделмек.