Халықаралық саясат бүгінде күн сайын құбылуда. Алып державалар халықаралық нормаларға бағынуда салғырттық танытып, халықаралық құқық дағдарысына куә болудамыз. Сәйкесінше, күн сайын халықаралық тәртіп пен нормалардың жүзеге асуын қадағалайтын бірден-бір маңызды ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалы мен рөлі артуда. Қазақстан бүгінде халықаралық саясатта сенімді қатысушы ғана емес, беделді орта держава статусындағы мемлекетке айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-cессиясында, 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан ресми түрде ұйымға мүшелікке қабылданған еді. БҰҰ құрамында 32 жыл ішінде еліміз аймақтық, халықаралық мәселелерді беделді ұйым мінберінде өткір көтеріп, тиімді шешімін табу жолында ауқымды жұмыстар атқарды. Қазақстан Орталық Азиядан алғаш рет, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Халықаралық беделді ұйым аясында соңғы отыз екі жыл ішінде еліміз жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту, Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздықты реттеу, терроризммен күрес, Арал теңізі мысалында әлемдегі экологиялық мәселелерді тиімді шешу және тағы да басқа жаһандық мәселелерді дипломатия арқылы шешуде ұйым шеңберінде белсенді жұмыс жасап келуде. Мақаламызда мерейлі дата аясында Қазақстанның БҰҰ шеңберіндегі ықпалы мен рөлін талдаймыз.
- Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылданған сәтте әлемде қуаты бойынша төртінші саналатын әлеуетті ядролық қаруға ие болды. БҰҰ шеңберінде еліміз ядролық қарудан бейбіт түрде бас тартып, Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы шешім қабылдауы халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, әлемде қарусыздану қозғаласы саласында көшбасшыға айналуға негіз болды. БҰҰ Бас Ассамблеяның шешімімен 2009 жылғы желтоқсанда Семей полигоны жабылған күн – 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып жарияланды.
Еліміз БҰҰ-ға қабылданған сәттен кейін, 1993 жылғы 16 ақпанда Қазақстанның БҰҰ жанындағы өкілдігі Алматы қаласында ашылды. Аталмыш өкілдік бүгінгі таңға дейін тиімді жұмыс жасап келуде. Қазақстан БҰҰ құрамында алғашқы күндерден бастап маңызды бастамалардың жаршысы бола білді. Алғашқы халықаралық бастамаларының бірі – 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру идеясы болды.
Аталмыш ұйым Еуропада тиімді жұмыс жасап келе жатқан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық (OSСE) ұйымының Азиядағы баламасы іспетті еді. Қазіргі таңда АӨСШК-ге Азия халқының 90 пайызы 28 мемлекет құрамына мүше іргелі ұйым. Ұйымның қазіргі таңда Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтауында еліміздің үлесі ерекше. АӨСШК VI саммиті 2022 жылы Астана қаласында өтіп, Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірегей тұжырымдамасы қабылданды.
Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының байланысы көп жақты дипломатия аясында құрылымдық негізде қалыптасты. Қазақстанның БҰҰ аясында қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуына арналған арнайы бағдарламасының қабылдануы еді (SPECA). Сонымен қатар, тұтас Орталық Азияға ықпалға ие аймақтық қауіпсіздікті нығайту үшін құрылған Орталық Азиялық превентивті дипломатия орталығы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құру жобалары еліміздің БҰҰ шеңберінде аймақтық қауіпсіздік қалыптастыру жолында қалыптастырған маңызды жобалары болды.
Бітімгершілік қызмет
Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында БҰҰ бітімгершілік күштерінің ықпалы ауқымды әлеуетке ие. Соңғы жетпіс жылдық тәжірибеде БҰҰ бітімгершілік қызметі әлемнің түрлі аймақтарындағы қақтығыстарды бейбіт реттеуде бейбіт тұрғындарды қажетті қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде жоғары тиімділігін көрсетіп келді. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік күштері сапында әскери қақтығыстарды бейбіт түрде шешу жолында белсенді қызмет көрсетуде. Қазақстандық бітімгерлер Батыс Сахарада (MINURSO) және Кот-д'Ивуарда (UNOCI) Ливанда (UNIFIL) бітімгерлік күштеріне қатысты. Биыл, алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингент құрамында 139 әскери қызметші БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату, бейбітшілікті қалыптастыруда Голан жоталарындағы бөлінген жерлерді «БҰҰ-ның бақылау күштері» (SONNR) миссиясы негізінде бітімгерлік контингент режимін сақтау міндеттерін орындайтын болады. Осыған дейін еліміздің әскери роталары Үндістан контингенті аясында бітімгерлік миссиясын орындаса, бүгінде жеке мандат алуы еліміздің халықаралық қауіпсіздік саласындағы орта державалы мемлекет ретінде мойындалғанын көрсетеді.
- Халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде бітімгершілік қызметінен бөлек, Қазақстан БҰҰ шеңберінде 2017 жылдан бастап Сириядағы тұрақсыздық мәселесі бойынша Астана процесінің 17 раунды кездесулерін өткізіп, аймақтық тұрақсыздықты БҰҰ ұстанымдары аясында шешудің негізін қалады.
- БҰҰ ұстанымдары аясында Қазақстан Ауғанстандағы саяси шиеленісті аймақтық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде превентивті негізде шешудің құрылымдық негізін қалады. Мысалы, 2021 жылы, тамыз тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясына (UNAMA) халықаралық қызметкерлерін Алматыдағы уақытша кеңсеге көшіру арқылы қолдау көрсетті.
Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның 27 салалық агенттіктері сәтті жұмыс атқаруда. Мәдениет, экология, білім мен ғылым және т.б. салаларда жергілікті басқару органдары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ортақ жобаларды жүзеге асыруда. БҰҰ агенттіктерінің еліміздегі қызметі құрылымдық тұрғыда теңсіздікті жою, әлеуметтік саяси институттарды модернизациялау, экономиканы әртараптандыру, табиғи ресурстарды басқару және балалар, әйелдер, инклюзивті топтар және босқындар секілді салалы мәселелерді дипломатиялық негізде шешуде жұмыстар атқарады. Сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылы Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау туралы резолюция қабылдады, бұл аймақты сақтау және оның экологиясын жақсарту жөніндегі міндеттемені атап өтті.
- Қазақстанның БҰҰ-мен көпжақты дипломатия аясындағы серіктестігі соңғы отыз жылда адам құқығын сақтауда, инклюзивті әлеуметтік қоғам қалыптастыруда, әртараптандырылған экономика және аймақтық экологиялық мәселелерді шешуде өзара ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылуда.
- Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының стратегиялық мәні халықаралық ұйымдармен көп жақты дипломатиялық қарым-қатынасқа негізделген. Бұл тұрғыда еліміздің БҰҰ шеңберіндегі сыртқы саясаты Қазақстанның халықаралық саясаттағы белсенді қатысушы екендігін айғақтайды.
№19 (6470) 5 наурыз, 2024 жыл