Орталық Азияда алғаш рет енгізілген операция 1 жылда – 14 балаға жасалды
Өткен, 2021 жылы қыркүйек айында елімізде тұңғыш рет Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында көзді сақтауға мүмкіндік беретін селективті интраартериялық химиотерапияның жоғары технологиялық орган сақтау емін жүргізу басталған болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Көздің қатерлі дерті-ретинобластомда қолданатын бұл ота көзді, тіпті көздің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Отаның бірегейлігі осында. Биыл СИАХТ операциясының енгізілгеніне – 1 жыл болды. Елімізде ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілген операция 1 жылда – 14 балаға жасалды.
Ретинобластома - 5 жасқа дейінгі балалар көзінің тор қабығын зақымдайтын қатерлі ісік, бұл көбінесе көзді алып тастаумен аяқталуы мүмкін екі жақты зақымдану. Ретинобластома балалардағы көзішілік ісіктердің 90%-н құрайды, бүкіл көз алмасын ісік тінімен толтырумен, көру жүйкесіне, көзұясына, миға қарай өсетін агрессивті ағыммен сипатталады. Ісік көру қабілетінің жоғалуы түрінде ғана емес, сонымен қатар метастаздану және басқа органдарда қайталама қатерлі ісіктердің дамуы салдарынан жоғары өлім түрінде де қауіп төндіреді. Жыл сайын әлемде ретинобластоманың 8100 жаңа жағдайының диагнозы қойылады, оның 570-810-ы жаңа туылған кезде анықталуда. Қазақстан Республикасында жылына 15-20 бастапқы анықталған пациент тіркеледі, бұл негізінен 3 жасқа дейінгі балалар. Бұл аурудың пайда болу жиілігі 21 000 тірі туылғандарға 1 жағдай және балалардағы барлық қатерлі ісіктердің 4% құрайды.
2015 жылдан бастап ретинобластомаға шалдыққан барлық балалар ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделеді.
Соңғы жылдары онкологиядағы емдеу мен диагностиканың жаңа технологияларының енгізілуі балалардың өмір сүру ұзақтығын арттыруда. Республикада көз ішіндегі ісіктерді емдеудің жаңа технологияларын енгізу педиатрияда ғана емес, сонымен қатар қазақстандық медицина тарихындағы ең үлкен жетістік болды.
Бұрын ретинобластомаға шалдыққан балалардың ата-аналары көздерін сақтап қалуға тырысып, квота немесе өз қаражаты есебінен шетелге емделуге баратын. Енді біздің еліміздің пациенттері ретинобластоманың орган сақтайтын емінің барлық түрлерін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) есебінен тегін алады.
«2016 жылдың қараша айында Педиатрия орталығы мен Қазақ көз аурулары ҒЗИ ретинобластома кезіндегі СИАХТ жаңа технологиясын қарауға өтінім берді, орындаушы балалар онкологиялық, рентгендік-қантамырлық, қуатты анестезиологиялық қызметтері шоғырланған ПБХҒО ұсынылды. Технологияны бекіту, клиникалық хаттаманы қайта қарау, медициналық-экономикалық тарифті бекіту 5 жылға созылды. Осы уақыт ішінде Н.Н. Блохин атындағы онкология ҒМЗО (Мәскеу қ.) әріптестеріміздің қатысуымен 2018 және 2021 жылдары 2 шеберлік сағаттары өткізілді. Біз Қазақ көз аурулары ҒЗИ және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшылығына көмек көрсетіп, қолдау білдіргендері үшін алғысымызды айтқымыз келеді. Біз қазір пациенттеріміздің мемлекет есебінен өз елінде тегін заманауи орган сақтайтын ем алуға мүмкіндік алып отырғандары үшін қуаныштымыз!»,- деді офтальмолог дәрігер Алуа Әубәкірова.
«Педиатрия орталығында операциялар жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалынған. Арнайы медициналық жабдықтар, аппаратура және оқытылған мамандары бар. Орталық базасында шетелден келген мамандардың қатысуымен түрлі шеберлік сағаттары өтеді. 2017 жылдан бастап Қазақ көз аурулары ҒЗИ-мен бірлесіп транспупиллярлық термотерапия және интравитреальді химиотерапия сияқты терапияның жергілікті әдістері белсенді енгізіліп, қолданылып келеді. Сонымен қатар, 2015 жылдан бастап IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халықаралық жіктеуге сәйкес гистологиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізілуде, бұл қайталама ісіктер сияқты кеш асқынулардың дамуын азайту үшін тәуекелге бейімделген терапияны жүргізуге мүмкіндік береді. Біздің алдымызда тұрған келесі мақсат - көзді сақтауға мүмкіндік беретін органосақтау терапиясының озық әдісін енгізу болды. Тәжірибеде Америка Құрама Штаттарында және Еуропада 15 жыл, Ресейде 10 жылдан бері қолданылып келе жатқан селективті интраартериалды химиотерапия емі жоғары тиімділікті көрсетті. АҚШ-та қолдану жылдарында көз алмасын алып тастау операцияларының саны 95%-дан 8%-ға дейін қысқарды. 2021 жылдың 8 қыркүйегінен бастап Педиатрия орталығында СИАХТ операциясы 14 пациентке жасалды. Әр балаға бірнеше кезеңмен жасалатын ота болғандықтан барлығы - 46 операция жасалды. Бұл көзді орган ретінде ғана емес, оның қызметін де сақтауға мүмкіндік берді, бұл ең бастысы. Баланың көруі – бұл бала үшін де, оның ата-анасы үшін де үлкен бақыт. Ал, біз қолымыздан келген көмекті көрсете алғанымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының офтальмолог-дәрігері Елена Тян.