«Біз тұтынушы емес, өндіруші мемлекетке айналуымыз керек».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Алматыдағы іргелі Индустриалды аймақта тек ірі компаниялар ғана жұмыс істейді десек, қателесеміз. Ол жерден шағын кәсіп ашып та, дөңгелетуге болады. Мәселен, бөлмелердің есігін жасайтын шағын фабрика - соның жарқын дәлелі.
Осы орайда сәл шегініс жасайық. Мемлекетке масыл болмай, кәсіп ашып, өз бетімізше күнімізді көрсек деп талаптанған алматылықтардан «Индустриалды аймақтағы шағын өнеркәсіп паркінен цех немесе шеберхана аша аламыз ба, жолдары қандай?» деген сауалдар жиі түсетін көрінеді. Соны, яғни шағын өнеркәсіп паркі қалай жұмыс істейтіні туралы түсіндіре кетейік.
Жалға беруші алдымен өндірістік орын (шағын өнеркәсіптік парк) салады. Оған инфрақұрылым (жарық, су, газ, кәріз құбырын, байланыс және т.б.) тартады. Сосын өндірістік орынды квадратура бойынша бөледі және бизнесімді жүргіземін деген жандарға дайын алаңдарды жалға ұсынады. Ал жалға алушы өз кезегінде «суды қайдан аламын, жарық пен газды ше» деп бас қатырып жатпайды, дап-дайын орынға барып, ісін бастап кетеді.
Жалға алушылар үшін тағы бір үлкен мүмкіндік – сол шағын нысанды кейінірек өзінің меншігіне сатып алуына болады. Ол үшін арнайы өнеркәсіптік ипотека іске қосылған. Бұдан басқа, жалға алушылар 70 млн теңгеге дейінгі сомада 2%-бен және сомасы артық болса 6%-бен несиені пайдалана алады. Несиені айналым қаражатын толықтыруға, кәсібіне қажетті жабдықтарын, шикізат сатып алуға пайдалануына болады.
Сөзіміздің басына айтып кеткен есік жасайтын фабрика дәл осы әдісті ұтымды пайдаланып отыр. Жұмысын 2021 жылы бастаған. Алматы Индустриалды аймағының шағын өнеркәсіптік паркіндегі алғашқы қарлығаш-компаниялардың бірінен саналады. Қазір онда 90 адам жұмыс істеп жатыр. Қарапайым еңбек адамдары айына 30 түсті 40 түрлі моделі бар 10 мыңға дейін есік шығарады.
Аталған фабриканың шағын индустриалды паркіндегі цехты жалға алу құны – 1200 тг/1 ш.м. Жалдау уақыты 7 жылға белгіленген, яғни осы уақыт ішінде құны девальвация, инфляция немесе басқа да сыртқы факторларға қарамастан өспейді. Ал шағын цех немесе шеберхана иесі бұл уақыт ішінде тағы алға қарай жылжу жоспарын жасап, дами түседі.
Осылайша, шағын өнеркәсіптік парк те жергілікті өндірісті дамытуға және импортты алмастыруға қауқарлы болмақ. Жоба «Almaty Business – 2025» қалалық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. Бүгінгі күні дәл осы тәжірибе тек Алматы қаласында ғана көрініс тауып отыр. Енді Қазақстанның өзге өңірлері де зерттеп, зерделеуде.
Бүгінде Алматыда барлығы 8 шағын өнеркәсіп паркі ашылған. Тағы 11-і салынуда. Осындай өндірістік орындарды жалға алу кезегінде қазірдің өзінде 180-ден астам компания тұр. Бұл отандық өндірістің қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді.