Бұл екі мегаполистің туристік, мәдени және іскерлік байланысын нығайту жолындағы маңызды қадам болады, деп хабарлайды aqshamnews.kz Алматының туризм басқармасына сілтеме жасап.
China Eastern Airlines әуе компаниясының Шанхай – Алматы бағытындағы жаңа тікелей рейс 4 шілдеде іске қосылады.
Алғашқы рейс арқылы қалаға әуе компаниясының өкілдері, Қытайдың БАҚ өкілдері мен блогерлері келмек. Бұл жоба Қытайда кеңінен насихатталып, Алматының танымалдылығын арттыруға сеп болады, дейді басқармадағылар. Іс-шараға орай арнайы акция ұйымдастырылып, шаһарға ұшып келген жолаушыларды естелік кәдесыймен қарсы алуды жоспарланып отыр.
Жаңа әуе бағыты Алматы әкімдігі мен China Eastern Airlines басшылығы арасындағы 2025 жылдың ақпан айында жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асқан. Айта кету керек, бұл компанияның Орталық Азияға алғашқы рейсі.
Жаңа бағыттың іске қосылуы қаланы қытайлық туристер мен бизнес өкілдері үшін бұрынғыдан да қолжетімді ете түспек. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыға ҚХР-дан келген туристер саны 20,9 мыңнан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,9% өскен.
Бүгінде Алматыдан Бейжің, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Ханчжоу және Саньяға тікелей әуе қатынасы бар. Жаңа рейс осы бағыттарды толықтырып, екі ел арасындағы әуе қатынасының жиілігін арттырады. Қазір бұл көрсеткіш айына 150 рейстен асады.