Олег Никитин - қазақтың киелі аспабына жаңа үн қосқан өнер иесі

Олег Никитин - қазақтың киелі аспабына жаңа үн қосқан өнер иесі Сурет: Олег Никитиннің жеке мұрағатынан

1 шілде - Ұлттық домбыра күні. Атаулы күн 2018 жылдан бері кеңінен танылып келеді. 

Бұл күн қазақтың мәдени коды саналған қос ішекті, шертіп ойнайтын аспапқа деген құрметтің белгісі. Домбыра - жай ғана музыка құралы ғана емес, ол - ұлттың рухы, тарихы мен тағдырын сөйлеткен киелі мұра. Осы күні заманауи музыканы ұлттық аспаппен шебер ұштастырып жүрген, домбыра арқылы жас ұрпаққа шабыт беріп келе жатқан жандар көп. Тіпті "нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" деген сөзге лайық екеніне дәлел болар жандар жеткілікті. 

Бүгін осы өнерді дәріптеп  жүрген ерекше тұлға, эстрада әртісі, көп аспапты меңгерген музыкант Олег Никитиннің шығармашылығына үңіліп көрдік. 

Домбыра - менің алғашқы "махаббатым"

Олег Никитин күніне кем дегенде 1,5-2 сағатын домбыра тартуға арнайды екен. Себебі бұл аспап оның жүрегінің төрінен орын алған. Өнердегі сенімді серігі - домбыра өмірінің 80 %-да жанынан табылған, сондықтан оны ерекше құрметтейді. Олег Никитин — заманауи домбырашы, әлемдік хиттерді қазақтың бас аспабы - домбырамен орындап жүрген ерекше өнер иесі

Олег домбыраны тек күй тартатын аспап емес, музыканың кез келген түріне бейімдеуге болатынын дәлелдеп жүрген талантты музыкант, әрі эстрада әртісі. 

Домбырамен ажырамас 30 жыл

Жасы 37-ге келген Олег Никитин домбыраны  7 жасынан бері кәсіби түрде меңгеріп келеді. Содан бері бұл аспап оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қос ішекті аспаптың мүмкіндігін барынша ашып, оны Бетховеннен бастап қазіргі заманғы хип-хопқа дейін жеткізген.

— Домбырамен алғаш Ақтауда таныстым. Ол жақта домбыра әр үйде бар десе болады. Бірақ менің шын қызығушылығым Ақтөбеге көшкен соң оянды. Бірде қалаға келген Құрманғазы атындағы оркестрдің концертіне барып, әсерленіп шыққан соң, ата-анамнан музыкалық мектепке берулерін өтіндім, — дейді музыкант.

Домбырадан бөлек, Олег гитара, фортепиано, баян, саксофон, сондай-ақ сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз сияқты халық аспаптарында да жақсы ойнайды. Музыкаға жан-тәнімен берілген ол — кәсіби деңгейде ойнайтын әмбебап музыкант.

SuperStar.kz  - сахнаға жол салған жоба

Олегтің үлкен сахнаға шығуына түрткі болған — SuperStar.kz жобасы. 2007 жылы өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 мыңнан астам адам қатысқан. Көптің арасынан өнерімен көзге түскен  Олег үздік ондыққа енген.

— Ол кезде мен небәрі 17 жаста едім. Финалға жеткенім өзіме де, өнеріме де үлкен серпін берді, — дейді ол.

SuperStar.kz жобасынан кейін ол республиканың барлық аймағын аралап, 6 мыңнан астам мектеп пен 1,5 мыңдай балалар үйінде концерт берген. Бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Музыкамен қатар жеке өмірде де ерте есейген: 18 жасында үйленіп, 20 жасында әке атанған. Қазір үш қыздың әкесі.

Домбырамен Бетховенді орындауға болады

Қазір Олег — Алматы қалалық полиция департаментінің мемлекеттік оркестрінде солист. Сонымен қатар «Rolex BAND» тобының мүшесі. Бұл топта домбыра, гитара, клавиштік аспаптар қатар орындалады. Репертуарлары кең ауқымды: кеңес дәуірінің әндерінен бастап, қазіргі заманғы эстрадаға дейін бар.

Олег Никитиннің  басты мақсаты — домбыраның мүмкіндігін кеңінен таныту. Сол себепті де ол әлемдік және заманауи хиттерге домбырамен каверлер жасап жүр.

— Адамдар таныс әуендерді домбырамен тыңдағанда таңғалады. Әсіресе балалар. TikTok пен YouTube-та миллиондаған қаралым жинап жатқан каверлерден кейін ата-аналар балаларын домбыра үйірмелеріне жазып жатыр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, — дейді Олег.

«Жасай бер, қазақ!» және Отан ана

Музыканттың репертуарында халық күйлерімен қатар, Ескендір Хасанғалиевтің «Жасай бер, қазақ!», Батырхан Шүкеновтің «Отан ана» секілді шығармалары да бар.

— Кез келген үлкен шараны күймен ашып, «Жасай бер, қазақ!» әнімен жабамын. Бұл — менің өнерімдегі басты символдарым, — дейді ол.

Арман – домбыраны әлемге таныту

Қазір Олег Никитин — эстрада әртісі ғана емес, Қазақстанда домбыраны жаңа деңгейде насихаттап жүрген белгілі азаматтардың бірі. Оның Ұлттық домбыра күніне орай түсірген бейнебаяны да бар.  Қазақ және орыс тілінде бірнеше әндері де бар. Қазақтың күйлерін де күмбірлете асқан шеберлікпен орындап жүр. 

— Менде бәрі асықпай, ретімен жүреді. Басқалар бір жылда жасап үлгеретін дүниелер үшін мен он жыл жұмсауым мүмкін. Бірақ шын ниетпен жасалған өнер ешқашан ұмыт қалмайды, — дейді Олег.

«Кәсіби домбырашы ретінде мен үшін Ұлттық домбыра күнінің маңызы зор. Бұл күнді өзімнің мерекем ретінде сезінемін және ерекше қуанышқа бөленемін. Осы күні ел бойынша мыңдаған домбырашы бас қосып, ауқымды концерттерге қатысады. Домбыраға ерекше құрмет көрсетіледі. Ұлттық рух оянып, ерекше күйге бөленемін», - деп қорытты ол бүгінгі ұлттық мерекенің мән-маңызы жайлы ойын.

Олег Никитиннің өнер жолы — домбыраның шексіз мүмкіндігін дәлелдейтін жарқын мысал. Ұлттық аспапты жаңа қырынан танып, бүгінгі ұрпақпен үндестіргісі келетін әр музыкант үшін шабыт көзі. Олег сынды музыканттардың еңбегі  - ұлттың мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа буынмен байланыстыру жолында маңызды қадам. Домбыра - халықтың шежіресі іспетті, себебі онда бүгінгі күннің де, болашақтың да үні бар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:53

16:48

16:22

16:15

16:05

15:49

15:46

15:46

15:33

15:32

15:27

14:56

14:32

13:30

12:54

12:49

12:45

12:43

12:42

12:40

12:36

12:33

12:25

12:10

11:59