Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы әрі ең маңызды әлеуметтік орта. Мейірім мен сенімге негізделген жанұя – екі адамның одағы ғана емес, тұтас бір қоғамның рухани тірегі. Себебі берік отбасы – берекелі қоғамның негізі.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстанда некеге тұру көрсеткіші төмендеп, ажырасу саны артып келе жатқаны алаңдатарлық жайтқа айналды. Мемлекет бұл үрдісті тежеу үшін түрлі қадамдарға баруда. Соның бірі – ажырасу үшін төленетін мемлекеттік баж салығының 2024 жылдан бастап едәуір өсуі. Бұған дейін ол небәрі 0,3 АЕК (1100 теңге шамасында) болса, жаңа заңға сәйкес, ажырасу 6,5 АЕК (22 000 теңгеден астам) мөлшерінде белгіленіп отыр. Мұндағы мақсат – некеге немқұрайды қарамауға, отбасылық жауапкершілікті сезінуге үндеп, әрбір ерлі-зайыптыны ойлануға шақыру.
Өткен жылы елімізде 1000 адамға шаққанда 4,6 ажырасу тіркеліп, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 2-орынға шықты. Мамандар ажырасу деңгейінің өсуіне қатысты бірнеше себепті атайды. Соның бірі – туыстардың араласуы. Расымен де, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына жақын туыстардың араласуы бізде жиі кездеседі. Бұл әсіресе жаңа ғана бас құраған әрі отбасылық өмірге әлі төселе қоймаған жастарға өте үлкен зиянын тигізері анық.
Осыдан бірер жыл бұрын бір танысымыздың ұлы үйленетін болды. Жастар өзара шешімін айтқаннан кейін, екі жақтың ата-анасы кездесіп, алдағы рәсімдердің жай-жапсарын кеңесе бастайды. Қалыңмалдан бастап, өлі-тірі, ана сүті, киіт деген сияқты, жігіт жағына аса ұнай қоймаған 1040 алым-салық сөз болады. Одан әрі әңгіме қыз жасауына жеткен кезде қыз жағы пәлен кило мақта әкелуді тапсырады. Өз аймағында ондай салтты көрмеген құдалар көрпе-төсектің қажеті жоғын айтады. Бұдан әрі келіспеушілік аясы тіпті ұлғайып, ақырында болашақ екі құдағи ұрсысып тынады. Сөйтіп, әне-міне үйленеміз деп отырған екі жас: «мына түрлерімен ата-анамыз бізге тыныштық бермейді, әрқайсысы өз ренішін айтып, арамызға түседі де отырады, біз бәрібір бақытты болмаймыз, тынышынан, қоя қояйық» деп, екеуі екі жаққа кетеді. Естуімізше, бүгінде екеуі де 30-ды орталапты. Жігіт сол бойы үйленбеген, қыз да тұрмыс құрмаған. Ата-ананың түкке тұрғысыз нәрсеге бола жүз шайысқаны жастардың бақытына балта шапты.
Кейінгі кезде байқалатын тағы бір мәселе – бүгінде жастар арасында некеге деген көзқарас өзгеріп, отбасылық құндылықтарға басқаша мән беріле бастады. Жастар отбасын құрып, бала өсіріп, жанұя ретінде өмір сүрудің орнына, еркін қарым-қатынасты көбірек қалайды. Қыз да, ұл да ерлі-зайыпты болып, бір-бірі үшін жауапкершілік алудан гөрі, әрқайсысы өз бетімен, өз қалауымен, өз білгенінше жүріп-тұрғысы келеді.
Мұның сыртында, қазіргі жастардың арасында «некелесу, тұрмыс құру махаббатты өлтіреді» дейтіндер де көбейген. Олар бұған қоса, «күнделікті күйбең тірлік таза сезімге кірбің түсіреді» деп есептейді. Бұл енді онсыз да белгілі жайт. Бір-бірін көрмесе тұра алмайтын екі ғашық үйленіп, бірге тұра бастағаннан кейін бір-бірінің жаман әдеттерін, жағымсыз қылықтарын көріп, кейде лаулаған сезімдері су сепкендей басылады. Ерлі-зайыптылардың кейбірі бір-бірінің жағымсыз әдетін байқаған сәттен оны өзгертуге, тәрбиелеуге тырысады. «Бұл дұрыс емес. Жұбыңды тәрбиелеуге тырыспа, қайта өзің өзгергенің дұрыс», – дейді жұптардың жарасымын зерттеп жүрген ғалымдар.
Кемшіліксіз адам болмайды. Сүйгенінің кемшілігін көргеннен кейін де оны сүюін тоқтатпайтын жан ғана отбасылық өмірде бақытты болары анық. Бір-бірінің кемшілігін көре тұра жақсы көрсе, сезімдері суымаса, демек махаббаттың шынайы болғаны. Өкінішке қарай, қазір тәрбие бөлек пе әлде әркім өзінің жан қалауын бәрінен жоғары қоятын өзімшілдік басым ба, әйтеуір жастардың көпшілігінен отбасын сақтап қалуға, өзара түсіністікке ұмтылу, кешірімшілдік деген қасиет байқала бермейді.
Ажырасу – тек екі адамның жол айырығы емес, бұл – қоғамдағы рухани және әлеуметтік өзгерістердің көрінісі. Әуелде сүйіспеншілікпен, сеніммен құрылған жанұяны сақтау – әр жұптың, әр ата-ананың, тіпті әрбір жастың азаматтық міндеті. Ешқандай заң да, салық та отбасының сақталуына кепіл емес. Бұл жерде ең алдымен әр адамның ішкі жауапкершілігі, рухани мәдениеті және қарым-қатынас дағдысы қажет.