Алматы қаласының төрінде, Алматы политехникалық колледж қабырғасында VI «Worldskills Kazakhstan» ұлттық чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптаға созылған дода еліміздің 17 өңірінен келген 450-ден астам жас маман өз саласында жеңіске жетіп, үздіктердің үздігі болу үшін WorldSkills-тің 30 негізгі және 40-тан астам қосымша құзыреттіліктері бойынша өтті. Жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында марапатталатын болады. Ал біз әзірге қаламыздың намысын қорғап жүрген дарынды жастармен жақынырақ танысатын боламыз.
Кез келген кәсіп – нәсіп. Біз байқамайтын маңызды мамандықтар қаншама? Мысалы, үйіңізге интернет желісі қалай тарайтынын білесіз бе? Кабельдік жүйелерді құрастыратын кімдер? Диас Жансерік есімді студент - қазірдің өзінде кабельдік жүйелерді қиыннан қиыстыратын маман. Жоғарыда айтылған Worldskills ұлттық чемпионатының ақпараттық кабельдік желілер санаты бойынша қатысушысы бұл мамандыққа қалай келгенін, дайындық барысымен таныстырған болатын.
Ақпараттық кабельді жүйе адамдарға интернет желісіне кіруге мүмкіндік береді. Кез-келген компьютерді интернетке жалғау үшін роутер керек, ал ол құрылғы біз айтып отырған ақпараттық кабельдер арқылы ғана жалғанады. Осындай маңызды мамандыққа біздің кейіпкер арман қуып емес, ұзақ толғаныстан кейін келгенін айтады.
«Шыны керек, бұл салаға арман қуып келген жоқпын. Басында бағдарламашы болғым келді, кейін айнып қалдым. Себебі маған тек баспен ғана емес, қолмен де жұмыс істейтін сала жақын екенін түсіндім. Сол себепті таңдауым осы кабелдік желілер саласына түсті. Мұнда алдымен барлығын қолмен құрастырып, кейін оны ақылмен қажетті күйге келтіру керек», - деді Диас.
Бұл сайысқа қала атынан алғаш бағын сынаған Диас жергілікті конкурстан мүдірмей өтті. Келесі республикалық додаға жолдама алуға барынша тырсатынын айтып, сол мақсатта өз қолымен жаттығуға арналған стенд жасапты.
«Жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындық керек. Өз қолыммен жаттығуға арналған мына стендті жасап шықтым. Кабельді желілерді өткізуге мүмкіндік беретін бұл конструкцияны жасауда металл мен ағаш қолдандым. Осы стендтің көмегімен тез арада кабель құрып, олардың араларын дұрыс жалғауда шыңдала түсуге болады», - деді студент.
Жалпы, конкурста алдымен қажетті желілерді өткізу, кабельді тапсырмаға сәйкес құрастыру бағаланады, ал кейін іс жүзінде жұмыс істеу қабілеті қарастырылады. Мысалы, Диас бір кабельді құрастырғаннан кейін дайын канал пайда болды. Сол арқылы интернет, үлкен деректерді өткізу мүмкіндігі туды. Аталмыш стенд додада құрастырылатын стендтің кішірейтілген түрі болғанымен, барлық функционалдары бірдей екен. Жас жігіт оны да өз көріп, тапсырманы барынша қиындатып, жылдамдығын жеделдетуді мақсат тұтқанын айтады.
«Өздеріңіз көріп отырған стендте коммутаторлар, 5 санатты оптикалық кросстар, IP камералар, роутерлер мен оптикалық желілерге арналған муфталар мен кабельдердің өзі орналасқан. Мен конкурстан алдын-ала келген тапсырманы өзім үшін қиындата түстім. Қарапайым құрастыруда барлығын жинап, бір-бірімен байланыстырып, бір муфтаны орната салу жеткілікті. Ал мен бір емес, екі муфтаны орнатып, үшіншісін күтудемін. Мұндағы кез-келген артық қимыл біраз уақытты алады, менің мақсатым – аз уақыттың ішінде ауқымды жұмыс атқару», - деп ойымен бөлісті өнерпаз.
Зауыттарды жетілдіру - жастардың қолында
Толықтай автоматтандырылған зауыттың кішігірім прототипін көргенсіз бе? Колледж студенті Александр Швецов пен оның досы кішігірім зауыт құрастырып, арнайы бағдарламалау тілі арқылы оны толық іске қоса алған. Құрастырылған өнеркәсіп орны жеке 4 модульден тұрады, онда түрлі қызметке жауап беретін станциялар орналасқан. Сайыс барысында модульдердің екеуін жинауға 3 сағаттан, үшіншісіне 4 сағат берілсе, төртінші модуль жеке қосылады. автоматты түрде дәлденген контролерлер орнатылған модуль бөлшектелмей, зауыттан дайын күйінде келеді екен.
Өздеріңіз байқағандай, құрастырудан бөлек, әр бөлшекті жұмыс істететін бағдарламаның сыр-қырын білетін адам керек. Сондықтан додаға екі адам қатысады. Александр монтажшы болса, әріптесі – бағдарламалаушы. Біздің кейіпкеріміздің міндеті станцияны жинау болса, досы әр қимылға бағдарлама жазады.
Кейіпкеріміз бізге таныстырған станция «Модуль Абу-Даби» деп аталады. Себебі, мұндай алғашқы станция аталмыш қалада құрастырылған. Таза тақтайға аталған 4 модуль орнатылады. Бірінші модуль – handing (орналастыру) барысында белгілі бір зат магазинге жүктеледі. Одан әрі көтергіш құрылғымен сұрыптауға жіберіледі. Мысалы, зат ретінде «қызыл» мен «қара» қақпақты алар болсақ, біріншісі сұрыптаудан өтіп, жолын жалғастырады, екіншісі жарамсыз деп танылып, арнайы қоқысқа жіберіледі. Bootling модулінде белгілі бір ыдысқа сусымалы материалдар құйылады, жартылай дайын өнім Joining модуліне түсіп, онда қақпақ жабылады. Соңғы Packing аялдамасында дайын өнім орамамен қапталады.
Осындай көпфункционалды зауыттың іске қосылуы үшін екі қатысушының да біраз тер төгуі қажет. Жалпы станция датчиктерден тұратын электроника мен ауадан тұратын пневматика арқылы жұмыс істегендіктен Александр зауытты құрастырып қана қоймай, барлық реттеу жұмыстарымен айналысады. Ауаны қажетті қалыпқа келтіру, датчиктердің істен шықпауы – барлығы оның құзырында. Сайыс барысында қойылатын талаптар мен міндеттер жайлы Александр толықтыра түсті.
«Алдымен таза жұмыс тақтасы беріледі. Барлық модульдер бөлшектелген түрде болады. Станцияны құрастыру бойынша қажетті құжаттар (нұсқаулық) беріледі. Мысалы, мына станцияның бірнеше қызметі болуы мүмкін, оған қоса станцияның саны да шектелмейді. Сондықтан барлығы құжаттар мен басты сарапшығы байланысты. Нұсқаулықта станцияның сыртқы келбеті, функционалы, бағдарламалау тілі барлығы ескерілген. Функциялар құжаттарда көрсетілгендей болуы тиіс. Артық, кем тұстары болмауы керек», - деді өнертапқыш.
Бағдарламалау тіліне келер болсақ, барлығы «биттерде» жазылады екен. Мысалы, 5 бит «затты көтеру» әрекетіне жауап береді. Сөйтіп әр бұйрыққа алдын ала бағдралама жазылады. Әр қимыл, іс-әрекет – бағдарлама, барлық жүйе «датчиктер» мен «таймерлер» арқылы жұмыс істейтіндіктен, олар алдын-ала дәлденеді, тексеріледі. Ортақ бағдарламаның арқасында зауыттың басым бөлігін қарапайым планшет арқылы басқаруға болады екен.
Алайда жеңіске жету үшін сапалы құрастыру мен мүдірмейтін бағдарлама аздық етеді екен. Үздік атану сайыс соңында жобаны ұтымды қорғап шығуға да байланысты. Құрастырылған кішігірім зауыт жайлы жан-жақты айтып, қандай міндеттер атқаратынын нақты жеткізу керек. Бас сарапшы жарнама компаниясына да баға береді.
Жоғарыда айтылған принцип бойынша еліміздің «Рахат», «Ақсай нан» сынды біраз ірі зауыттары жұмыс істейді. Қазір кәсіпкерлердің көбісі жұмысты оңтайландырып, уақытты үнемдеу үшін үшін автоматты жүйеге көшуде. Одан бөлек адамдардың ауыр немесе қауіпті жұмыстан босату да себеп болды. Мұндай машиналар сына қалған жағдайда бөлшектерін ауыстырып, жұмысты қайта жандандыруға болады. Сондықтан Александр сынды мамандар бүгінгі күннің қажеттілігі.
«Мен осы тақырып төңірегінде әлі де білімімді тереңдеткім келеді. Білу керек дегеннің барлығын зерттеп, тәжірбие жинақтауым қажет. Кейін өндіруші компаниялардың біріне жұмыс істеуге болады. Алайда ізденісім жемісін беріп, алға басып жатса өз құралымды да ойлап табамын деп ойлаймын», - деп сөзін аяқтады кейіпкер.