Кино – қай заманда да өте қуатты идеологиялық құрал болып саналғаны белгілі. Ойшылдар сөзімен айтсақ, «кино – уақыттың ғана емес, рухтың да бейнесі». Әсіресе, бүгінгідей ақпарат тасқынында адасып жүрген қоғам үшін сапалы кино – тек өнер туындысы ғана емес, айқын рухани бағдар. Соған орай, ұлттық болмысты терең танытатын, тәрбиелік мәні зор, рухани тереңдікке жетелейтін фильмдер түсіру – киногерлердің басты міндеті.
Соңғы жылдары еліміздің кино саласында айтарлықтай даму байқалғаны, шығармашылық еркіндік артып, режиссерлердің жаңа буыны қалыптасқаны мәлім. Дегенмен олардың бағыт-бағдары, көтеріп отырған жүгі, мазмұн сапасы қандай? Ұлт ұланының жан дүниесіне қаншалықты жақын? Дүниетанымын, ой-санасын кеңейту, рухани болмысын кемелдендіру талабына сай ма?
Біз осы мәселелер төңірегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, көрнекті публицист Нұртөре Жүсіппен сұхбаттасқан едік.
– Нұртөре аға, сіз ұлттық кино өндірісі, оның беталысы туралы жиі айтып жүресіз. «Қазақ киносына ұлттық сипат керек» дейсіз. Сіздіңше, ұлттық сипат неден, қалай көрінуге тиіс?
– Белгілі кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербек ағамыздың бір сөзі бар: «Киноны ұлттық па деп сұрақ қоюдың өзі – парадокс. Өйткені, әдебиет болсын, қай өнер түрі болса да, ол ұлттық болуы тиіс. Егер ондай сұрақ туындаса, онда ұлттық болу жағынан проблемалар бар деген сөз» дейді. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, өнер – адамның жан дүниесінің, ішкі толқынысының әсемделіп сырқта көрініс беруі ғана. Бұл барлық өнер түріне қатысты. Сондықтан біз қазақ киносы, қазақ режиссурасы жөнінде әңгіме қозғап отырып, оны ұлттық немесе ұлттық емес деп қарауымыздың өзі оғаштау.
Меніңше, осы елде өсіп, осы елде туып, осы халықтың жан дүниесін сезініп өскен азаматтардың кез келген туындысынан ұлттық сипат көрініс беретіні анық. Мен үнемі айтып жүретін бір мәселе, бізде қай тақырыпқа кино түсірем десе де, материал жетіп артылады. Кез келген фильмді түсіру барысында ұлттық менталитеттің, салт-дәстүрдің, қазақы рухтың элементтерін өтімді ұсына отырып енгізе беруге әбден болады. Ал енді ондай дүниелерді өтімді, жұп-жұмыр етіп жасауға көбіне академиялық, этнографиялық, кәсіби білім жетпей жатады. Меніңше, көп мәселе сонда.
– Қазақ киносы қазір мейлінше жанданды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша да, жекелеген студиялардың күшімен де көптеген фильмдер жарыққа шығып жатыр. Киноөндірісі тіпті ырықсыз, бақылаусыз кетіп бара жатқан да сияқты. Қалай ойлайсыз, бұл қаншалықты дұрыс?
– Иә, соңғы онжылдықта отандық киноиндустрия жақсы даму деңгейін көрсетті. Оның негізгі себебі – мемлекеттік бақылаудың, артық регламенттеудің жоқтығынан. Азаматтар бұрынғыдай бірлі-екілі кино компанияның есігіне телміріп отырған жоқ. Әркім өз деңгейінше фильмдерді әзірлеп, прокатқа шығарып, еңбегіне сай қаражатын тауып жүр.
Мемлекеттік құрылымдар фильмдерді прокатқа шығар алдында тек мемлекеттік тілдегі ілеспе аударманың бар-жоқтығы тұрғысынан ғана қарап, рұқсат береді. Бұл жеңіл талаптың болуы бір жағынан дұрыс болды деп пайымдаймын. Себебі, осы шығармашылық еркіндік біздің отандық киногерлердің, режиссерлардың тұтастай легін қалыптастарды. Оларға қолынан келгенін жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25%-ға жуықтады.
Бұл экономикалық тұрғыдан елге пайдалы. Қаражат елімізде қалып жатыр. Алайда мазмұн тұрғысынан сапаға көңіл бөлетін уақыт жетті. Себебі түсіріліп жатқан фильмдердің 90 пайызға жуығы – комедия, зорлық-зомбылық жанрындағы жеңіл фильмдер. Оларда тәрбиелік мәнді былай қойғанда, этикаға теріс көше сөздері мен сленгтер, боғауыз сөздер кеңінен қолданылады. Бұл белгілі бір деңгейде өскелең ұрпаққа өз әсерін тигізе бастады. Сондықтан Мемлекет басшысы осы жылғы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында: «Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн» деп атап өтті. Бұған қатысты Министрлік тиісті жұмыстарды бастаған да болар.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегендей, енді отандық режиссураға да ойланатын, білімді, сананы жетілдіретін, саннан сапаға ауысатын уақыт жетті.
· «Кино индустриясына жеке секторды ынталандыру қажет»
– Соңғы жылдары тарихи тақырыпқа түсірілген фильмдер жөніндегі ойыңызды айта кетсеңіз? Артықшылығы қандай? Кемшілігі неде?
– Мен отандық фильмдерді жібермей қарауға тырысамын. Оның ішінде әсіресе мемлекеттік тапсырысқа шыққандарын. Сондай-ақ ол фильмдерді қарағанда шет елдік туындылармен ойша салыстыра отырамын. Осы уақытқа дейін санаулы болса да «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ елі», «Томирис» сынды тарихи тақырыпқа түсірілген фильмдер бар. Бірақ осы іргелі туындылардың өзінде жүйелі қайталанатын әттеген-айлар бар. Басқа-басқа, бізде тарихи ұлы туындыларға негіз болатын материалдар жетерлік. Бірақ біз бір фильммен тұтас бір дәуірді сипаттауға тырысамыз да, киноның фокусын жоғалтып аламыз.
Меніңше, тарихи тақырыпқа кино түсіргісі келген режиссерлер бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен келуі тиіс. Мәселен, миллиардтаған аудитория жинаған «Троя», «Спартак», «Патриот» т.б. тарихи фильмдер – режиссердің ойында он жылдап, тіпті одан да көп уақыт пісіп жетілген туындылар. Ол шедеврларды жасау үшін режиссерлер бірнеше жылдап ізденеді, соның жолында тарихты зерттеп, ұзақ мерзімді экспедицияларға да кетеді. Бір сөзбен айтқанда, сол кезеңнің тарихына жан дүниесімен сапар шегеді. Кәсіби тарихшылармен сұхбаттасады. Ескі қолжазбалар мен архивтарды ақтарады. Одан кейін өзі жасап шығатын образдың жан дүниесін жасауды бастайды. Ол да бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Міне, осындай толып жатқан процестерден жетіліп өткен туынды түсірілім алаңына шығады. Екінші маңызды мәселе – қаражат. Ол туындылардың қаражаты ешқашан алдын ала есептелмейді. Фильм толық түсіріліп біткен соң қанша қаражат кеткені есептеледі. Демек тарихи туындыны жасауда режиссердің қиялына қаржылық кедергілер мүлде болмайды.
Ал енді өзімізге оралайық... Бізде тарихи тақырыпқа фильм түсіруге мемлекет тапсырма береді. Оның уақыты әрі кеткенде екі немесе үш жыл болуы мүмкін. Қаражат тіпті шектеулі. Режиссерді ол тарихи тақырып мүлде қызықтырмауы да мүмкін. Уақыттың түрі анау, қаражаттың түрі мынау, мемлекеттің тапсырмасы үшінші жақтан. Осыдан кейін біз кімге өкпелейміз?!
Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйеге келтіруіміз керек. Фильмдерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру қажет. Одан бөлек, креативті экономикаға, әсересе кино индустриясына жеке секторды ынталандыру қажет деп ойлаймын. Фильм жеке қаражатқа түсірілсе онда шығармашылық еркіндік болады, әкімшіліктік кедергілер қыспайды.
– Ұлттық Құрылтайдың наурыз айында өткен отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты пайдалану туралы айтты. Бұл бағытта көпсериялы деректі фильмдер түсіріле бастағаны да мәлім. Сіз осы тақырыпта кино түсіруге қатысты қандай мәселелерге назар аудартар едіңіз?
– Иә, Ұлттық құрылтайдың өткен жылғы отырысында Мемлекет басшысы Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің негізгі ошағы, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысының 800 жылдығын атап өту жөнінде айтып өткен болатын.
Осы ретте, Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көпсериялы деректі фильм түсіру жұмыстары басталғанын, фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі қажеттігін айтты. Жалпы, Алтын Орда мемлекеті көп өркениетті, көп мәдениетті, көп шаруашылықты тоғыстырған әмбебап құрылым болды. Сондықтан географиялық орналасу аумағының кеңдігіне байланысты фильм тек біздің елді ғана емес, алыс-жақын көршілес түркі халықтарын түгел қамтиды. Осы ретте, біз фильмге жұмыс жасайтын тарихшылар мен этнографтарды тарта отырып, байыппен келу қажет деп пайымдаймын. Екіншіден, біз көрермендерді кеңінен баурап алу үшін фильмнің форматын барынша көркем сюжетті ету және деректі фильм форматынан алшақ болу қажет деп пайымдаймын. Әзірленіп жатқан фильм ең алдымен осы мәселелерді жан-жақты ашып көрсету үшін тарихшылар мен этнографтар тарту қажет.
· Тарихи тұлға – ұлтты танытудың бір жолы
– Сіз осыдан біраз жыл бұрын Мысыр елінің Бейбарыс сұлтан туралы 30 сериялы фильмін қазақ тіліне аудару туралы ұсыныс айтқан едіңіз. Осы жөнінде таратып айтып кетіңізші? Фильмнің мән-маңызы, құндылығы неде? Ұсыныстың аяқсыз қалуы неден?
– 2023 жылы Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толды. Сол мерейлі жылдың аясында тарихи тұлғаны көпшілікке кеңінен таныту мақсатында депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Министрлік арнайы жоспар бекітіп, республикалық және халықаралық деңгейде 600-ге жуық іс-шара өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастауымен Мысырдағы Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсіміне қатыстық.
Сол іс-шаралардың қатырында 30 сериялы фильм шығаруды да ұсынған болатынбыз. Сол баяғы алдын ала қаржылық жоспардың болмауына байланысты ұсыныс қолдау таппады. Алайда бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Сұлтан Бейбарыстың тарихи феномені, күреске толы өмір жолы, түркілік мінезі, жауынгерлік рухы, күллі таяу шығыс, ислам әлемін құтқарған батылдығы тарихта мәңгіге қалды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, шебер режиссер болса, міне, осы тарихи тұлға арқылы ұлттың мінезін, жан дүниесін ашып, талай мұраны ақтаруға әбден болады.
– Бүгінгі таңда ұлттық киноны дамытудың негізгі тетіктері қандай? Басты бағыты қандай болуы керек?
– Бұл сұраққа жоғарыда бірнеше рет тоқталдым деп ойлаймын... Тағы да айта кетсек, ұлттық фильмдерді дамыту үшін қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және оны креативті индустрияның бір тармағы ретінде жеке қамқорлықта қолдау, оған жеке сектордың кеңінен араласуына мүмкіндік беру аса қажет.
Фильм – ұлттың болмысы мен жан дүниесін, таным-түсінігін түсінудің төте және өтімді жолы. Оның бір айқын дәлелі, соңғы уақытта отандық режиссеріміздің «Бауырына салу» атты туындысы әлемдік танымал кинофестивальдардан топ жарып жатыр.
Тағы бір маңызды мәселе – ұлттың жанын, тілін, ділін, тарихын түсінетін сауатты режиссерлерімізді дайындау осы салаға маңызды серпін берер еді.
– Әңгімеңізге рахмет!