"Мүгедек арбаға таңылып, қайта тұрдым". Үнсіз әлемге тіл бітірген арумен сұхбат

  • 09:52, 18 шілде 2025
"Мүгедек арбаға таңылып, қайта тұрдым". Үнсіз әлемге тіл бітірген арумен сұхбат сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Ыммен сөйлесу білім саласында ғана емес, көпшілік ортада әсіресе шығармашылық кеңістіктерде де кеңінен таралып жатыр. Әлеуметтік желіде үлкен концертте танымал әншілердің әнін ерекше жандарға ыммен жеткізіп тұрған қыздың бейнесін көрген боларсыз. Жұрт оның әрекетіне риза болып, есту қабілетінен айырылған жандар шынайы алғыстарын білдіріп жатыр. Көптің батасына бөленген ару кім? Аqshamnews.kz тілшісі үнсіз әлемге тіл бітірген қарағандылық арумен сұхбаттасты. 

Айдана Жапарова - кәсіби сурдоаудармашы. Қарағанды қаласының тумасы, 31 жаста. Бүгінде ол еліміздегі ауқымды жобаларға ат салысып, қазақстандық әртістердің әйгілі әндерін ести алмайтын жандарға ым тілімен жеткізіп отырады. Өз қызметін тегін ұсынатын мейірімді жан, қиын да қызық кезеңдерден тұратын өмір жолы жайлы тебірене әңгімелеп берді. 

"Мен есту қабілетінен айырылған отбасында өстім"

Айдананың ата-анасы - есту қабілетінен айырылған жандар. Осы себептен де ол кішкентай кезінен ым тілін үйренуге мәжбүр болғанын және бұл тілдің ол үшін тек сөйлесу құралы емес, өмірінің бір бөлігіне айналғанын айтты. 

"Ата-анамның есту қабілеті кішкентай кезінде жоғалған. Сол себепті сіңілім екеуміз кішкентайымыздан ым тілін игердік. Бұл тілді маған анам үйретті. Оны үйрену табиғи процесс секілді өткендіктен, нақты қалай үйренгенім есімде жоқ. Әкем ерте жасымда өмірден өтті. Мен анаммен үнемі бірге еріп жүріп, оған көп дүниені аударып беріп отыратынмын. Ымдау тілі - менің туған тілім секілді болды" дейді Айдана. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Айдана қазір отбасылы. Жарымен және алты жасар қызымен Астанада тұрады. Ол кішкентай қызының да ым тілін меңгергенін, әжесімен еркін сөйлесе алатынын айтты. 

"Арбаға таңылып, қайта тұрдым"

Тағдыр Айданаға тосыннан сынақ сыйлады. Колледж оқып жүріп, диплом қорғауының алдында денсаулығы кенет сыр беріп, мүгедек арбаға қалай байланғанын ұқпады.

"Аяғымды баса алмай, сезімталдығым жоғала бастады. Анамды аса мазалағым келмеді. Өз денсаулығыма өзім мән беріп көрейін деп қарала бастадым. Бара-бара аяқтан мүлде жүре алмай қалдым. Дәрігерлер маған "ішкі қан тамырларының жарылуы, жұлын ісігі" деген диагноз қойды. Солай мен параличке шалдықтым. Қолдарымды да қозғалта алмай қалдым. Жақындарым барынша қолдаубілдірді. Сол кезде маған ота жасаған хирург "бәрі өзіңізге байланысты, мықты болсаңыз жүріп кетесіз" деген еді. Ал өмір мені онсыз да мықты етіп тәрбиелеген еді" деді ол. 

Өмірден мықты болуды, қиындыққа қарсы жүруді үйренген ол бұл сынаққа да мойымады. Еңсесін тік ұстап, бар жігерін жинап, тек алға ұмтылды.

"Сіңілім маған үлкен қолдау білдірді. Мен мүгедек болғым келмеді. Өзіммен өте қатты жұмыс жасадым. Жұлын ісігін кетіру үшін жаттығулар қажет болды. Мен өзіме мақсат қойып, сол мақсатыма жеттім. Бір жарым жылдан кейін аяғының саусақтары қозғала бастады. Бұл маған көрінген кішкентай ғана үміт сәулесі іспетті көрінді. Мен тоқтамай, емімді жалғастырдым. Кейін ақырындап аяққа тұрып, жүре бастадым" дейді Айдана. 

Бәрі қалай басталды?

Айдана Жапарова алғаш рет Dequine есімді әншімен өнер көрсетті. Ым тілімен ән айту ұсынысын көп әншіге айтқанымен, ең бірінші болып қолдаған Dequine болған. Алғашқы концертте Айдана оның бірден 6 әнін аудармамен орындаған. Ол өзінің қобалжығанын, бірақ іштей арманының орындалғанына қуанғанын жасырмады. 

"Біз Dequine-мен танысып, бірге дайындалдық. Ол менің ұсынысымды қабыл алып, қолдау білдірді. Алғашқы өнер көрсетуім болғандықтан өте қатты қобалжыдым, сахнада толық ашыла алмадым. Кейіннен өзге әртістер де бұл тілдің ерекше тыңдармандар үшін маңызды екенін түсініп, ұсынысты қабылдап бастады" дейді Жапарова. 

Айдана әндерді орысша ымдап жеткізетінін айтты. Себебі бұрынғы Кеңес Одағына кірген елдердің бәрі тек орыс ымдау тілін қолданады екен. 

"Әрине, ең қиыны - рэп. Рэп әуендерін аударып жеткізу қиынға соғады. Сондай-ақ, қазақшадан орысшаға аудару да өте қиын. Себебі қазаша әндерді сөзбе-сөз аудара алмаймыз. Оның мағынасын орысшаға аударып барып жеткізуіміз керек. Әйтпесе мылқау жандар оны дұрыс түсінбей қалады" деді ол. 

Айдананың тілегі не?

Айдана бұдан бөлек Астанада инклюзивті театрда қызмет етеді. Ол онда қойылымдарды ым тілінде жеткізіп отырады. 

"Театрда жұмыс істеудің өзі - бір әлем. Әр қойылым әр түрлі күйді жеткізуге мәжбүр етеді. Өзімді сол қойылымның бөлшегі сезінемін. Режиссермен және актерлермен бірге дайындық жүргіземін. Себебі, режиссер қай жерде қандай эмоция беру керектігін айтып отырады. Солайша мен мылқау жандарға қойылымның көңіл-күйін тұтас беріп отырамын" дейді Айдана. 

Ол көпшіліктің ыстық ықыласын шынайы алғысын жеткізді. Жылап тұрып рақметін айтып жатқан ерекше жандардың ризашылығын көріп, одан сайын шабыт алып жатқанын жасырмай, тілек-ниетін де айта кетті. 

"Әрбір алғысын айтып жатқан жанға рақметім шексіз. Еңбегімді бағалап жатқан ерекше жандардың әрбір сезімін, ішкі ойларын бәрін көздеріндегі қуаныштан көріп, біліп жүрмін. Бұл мені одан сайын шабыттандырады. Алдағы уақытта осындай үлкен концерттерде мүгедек жандарға, әсіресе есту қабілетінен айырылғандарға жеңілдіктер қарастырылса деймін. Себебі қазір жастар арасында музыкаға әуестенетіндер көп. Оның ішінде мылқау кісілер де бар. Олардың сол ниетіне, "қоғамның тұтас бөлшегі болайыншы" деген ілтипаттарын біз назарсыз қалдырмауымыз керек" дейді Айдана Жапарова. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:32

14:20

14:11

14:07

14:03

13:46

13:44

13:11

12:45

12:43

12:42

12:41

12:40

12:22

12:05

12:01

11:53

11:46

11:34

11:25

11:06

11:05

11:04

11:00

10:43