4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
Осыдан 16 жыл бұрын, яғни 2007 жылы 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері жөнінде заң қабылданды. Соған орай бұл күн жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді.
Кез келген елдің мемлекет ретіндегі маңызды нышанының бірі – Ту, Елтаңба және Әнұран. Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен тәуелсіздігін, халықтың бірлігін айғақтайтын айрықша белгі. Әсіресе, адамзаттың Туға қатысты танымы тым тереңде. Қамбар ата түлігін қанатына балаған көшпелі халық үрдісі тұрғысынан айтсақ:
Аттылы жасақ толған жер,
Ат құйрығын ту етіп
Атойлап ұран салған жер, – деп абыз жыраулар толғағандай, Ту тарихы сонау жаугершілік заманда сарбаздар найза ұшына байлап көтерген ат қылы мен бүгінгі заманауи тәсілмен әдіптелген әдемі шаршыларға дейінгі ұзақ аралықты қамтиды. Бірақ жөн-жобасы да, түр-түсі де сан алуан сол белгілерді өзара байланыстырып тұрған – бір-ақ нәрсе. Яғни, ежелден-ақ адамдар Туды басты рәміз ретінде қастерледі, бағасына жете білді. Өйткені, қай кезде де елді ел ретінде айшықтайтын да, әрбір жүректің туған Отанына деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімін арттыратын да – ең алдымен, елдің Туы болды. Сол киелі Тудың жығылмай, биіктен желбіреуі үшін бабаларымыз ғасырлар бойы қанын да төкті, жанын да қиды. Сондықтан Туды сыйлау – туған еліңді, төл тарихыңды сыйлау деген сөз.
Ұлттық дүниетанымға тән белгілермен әдіптелген Қазақстан Туы эстетикалық талапқа сай болумен қатар, егемен елдің саяси, тарихи-мәдени мақсат-мұратын айшықтайтай алғанымен де құнды. Мемлекеттік Тудың авторы, көрнекті суретші Шәкен Ниязбековтің сөзімен айтсақ, Туда бейнеленген әр кескіннің, әр бояудың өзінде айрықша мән бар, яғни «көк түс – адалдықтың, тазалықтың, бейбітшіліктің белгісі. Күн – күллі тіршілік көзі. Ал қыран құс – азаттықтың, ерліктің символы».
Шығармашылық үлкен ізденіс, жан-жақты жауапкершілік, тыңғылықты еңбек нәтижесінде жасалған киелі рәміз бүгінде әлемдік аренада танымал. Халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі ірі шараларда елдің айшықты атрибуты ретінде жоғарыдан желбірейтін Көк Ту ұлт мерейін өсіріп, рухын асқақтатады.
Жалпы, тек біз ғана емес, бүкіл әлем Мемлекеттік Туға ерекше ден қояды және әлеуметтің оған деген құрмет сезімін қалыптастыруға мейлінше күш салады. Ал Туға қатысты келеңсіз іс-әрекет, жағымсыз қылық көрсеткендер көптеген елдерде түрмеге отырғызу, көп мөлшерде айып төлету сияқты шаралармен қатаң жазаланады. Мәселен, біз «адами құндылықтарға аяқасты қарайды» деп ойлайтын АҚШ-тың өзінде Мемлекеттік Туды пайдалану ережесі Ту Кодексінде тәптіштеп жазылған. Федеральды заң Туды дұрыс қолданбағандарды жазалау мәселесін қарастырмаса да, Ту туралы арнайы Заң арқылы әрбір штат тәртіп бұзушыны жауапқа тарта алады. Мысалы, туға жазып-сызуға, сурет салуға, оны киім, іш киім ретінде пайдалануға қатаң тыйым салынған. Тудың мемлекет символы екендігі баса көрсетіліп, оның орны басқа жалаулармен салыстырғанда айрықша екендігі ескертілген. Дәл осындай тәртіп Австралияда да қарастырылған. Онда ұлттық ту өз елінде басқа тулар мен жалауларға қарағанда неғұрлым биікте орналасуға тиіс деген талап бар. Сол сияқты, іргелес Ресей елі де Ту туралы арнайы ереже жасап, Мемлекеттік Ту күнін белгілегені мәлім.
Ал Мемлекеттік Туға қатысты бізде қандай шектеулер бар? Дегенде, осыдан 8 жыл бұрынғы бір оқиға еске түседі. Ол уақытта Геннадий Головкиннің кезекті бір жеңісіне шаттанған астаналық бір жанкүйер өз пәтерінің балконына Қазақстан Туын іліп қойып, сол үшін қомақты айыппұл төлеген және билік орындарының бұл шешіміне наразы болған көпшілік әлеуметтік желіде үлкен әңгіме қозғаған. Ол кездегідей емес, бүгінде Туды пайдалануға байланысты талап бізде біршама өзгерді. Атап айтқанда, патриоттық сезімді, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті білдіру мақсатында қазір Туды мемлекеттік мекемелермен қатар, тұрғын үйлерге, пәтерлерге, салтанатты іс-шаралар өтетін жерлерге де іліп қоюға болады. Бұл ретте Ту ілетін нысанның неше қабатты екені, сол сияқты, жарығы бар-жоғы да маңызсыз. Ал бұрын бұл жөнінде де шектеу болған. Бір ғана талап, көлемінің үлкен-кіші екеніне қарамастан, Ту бекітілген ұлттық стандартқа сай болуға тиіс.
Басқа да бірқатар шектеулерге тоқталар болсақ, жеке және заңды тұлғалардың Мемлекеттік Туды аяққа таптауына жол берілмейді; сол сияқты, әлдекімге немесе әлденеге құрмет белгісі ретінде төмен түсіруге; Туды жерге, еденге, суға, т.б. тиетіндей етіп орналастыруға; бүлінетіндей немесе былғанатындай ғып бекітуге; Туға бірдеңе орауға; киім, төсеніш ретінде қолдануға, Тудың бейнесін майлықтарға және сондай бір реттік пайдаланылатын заттарға кескіндеуге тыйым салынады.
... Мемлекеттік нышандарымызды бекіткенімізге де талай жылдың жүзі болды. Аспан түстес туымыз жоғарыдан желбіреп, мерейімізді өсірді, мәртебемізді биіктетті. Ел егемендігінің асқақ көрінісіндей киелі рәміздің қадіріне жету, құрметтеу – бәрімізге парыз.