Көлікке отыра салып, оны айдап кету екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Біреулер екі-үш жүргізгеннен бойларын үйретіп алса, кей жандарға рөлге отырамын деген ойды жеңудің өзі оңайға соқпайды.
Егер сіз көлік жүргізуді жаңадан үйреніп жүрсеңіз немесе көлік тізгіндеуді меңгергіңіз келіп жүрген әйел адам болсаңыз, сізге берер кеңестерімізге құлақ аса жүріңіздер:
- Ең басты кеңес – машинаны көбірек жүргізіп, тәжірибе жинаңыз. Тәжірибесі бар жүргізушілердің айтуынша, көлік айдаудың қандай да бір реті немесе аяқ астынан бір жерге бару керек болса, бірден рульге отыру керек екен. Тіпті, дүкеннен нан әкелу қажет болса да, көлік айдауды дағдыландыра берген жөн. Себебі, бойыңызды көлік айдауға тезірек үйрету үшін өзіңізге таныс жолдармен жүрген ыңғайлы болады.
Ер адамдарға қарағанда, әйелдерге машина жүргізу қиынға түседі. Сондықтан қала ішінде өзіңіз бірінші рет көлік жүргізгелі тұрсаңыз, қасыңызға сенімді тәжірибесі бар танысыңызды ала жүргеніңіз жақсы. Өйткені ол керек кезінде ескерту жасап, білгенін айта отырады. Мұндай көмек егер сіз жаңадан үйреніп жүрген ер адам болсаңыз да артық болмайды.
- «Нервіңізді» ауыртатын жолаушыларды серік қылмау (мысалы, күйеуіңіз. егер жолда келісе алмайтын болсаңыз, көмектесудің орнына, жүйкеңіздің жұқаруына себепкер болса, жаныңызға сізді түсінетін көлікті басқара білетін құрбыңызды алған жөн болар). Себебі, көлік тізгінінде барынша сабырлық сақтаған жөн.
Жолда жүрсеңіз де, сыпайылық сақтаған абзал. Жолда жүргендердің бәрі тең, бәрі бірдей. Басқа жүргізушілерді, жаяу жүргіншілерді сыйлау керек. Біреулер алдыңызды орап кетсе, ашу шақырып, тағы да жүйеңізді жұқартпаңыз. Өйткені, қанша дегенмен жол мұраты – жету. Басты мақсат – біреуді де ренжітпей, өзіңіздің де көңіл-күйіңізді түсірмей, жол ережесін сақтап отырып, діттеген жерге аман-есен жету.
- Рөлге отырудан басқа амал қалдырмау. Айталық, көлігіңіз бар, бірақ оны тізгіндеуге әлі де жүрексініп жүрсіз. Ал балаңыз сабақтан ерте шығатын болып, сізден басқа әкелетін болмаса, астыңызда көлігіңіз тұрып, қарап отырмайсыз ғой. Өмірде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Көлік айдауды меңгеріп алсаңыз, қорқыныштарыңыз да сейіледі.
Қарапайым кеңес: өзіңіз жалғыз көлік айдауды алғаш рет тәжірибеңізге енгізіп жүрген кездері жүретін бағытыңызды алдын ала ойластырып қойған дұрыс. Жолдағы қауіпті тұстарды ескеріп, қай жерде жылдамдықты азайту керегін, қайда тоқтайтыныңызға дейін есептеп алған жақсы.
- Машина жүргізуді қыс мезгілінде емес, жазда үйренген жеңілірек. Көлік айдау дағдыларын қалыптастыру үшін қыс маусымы қолайсыздау. Қыста қанша дегенмен, жол тайғақ, күн де ерте қараяды. Тіпті тәжірибелі жүргізушілердің өзі жолды оңай бағындыра бермейді. Егер автокөлік айдауды үйрететін мектепте оқуды жоспарлап жүрсеңіз, көктем немесе жаз мезгілін жоспарлаңыз.
- Психологтардың пайымдауынша, көлікке отырар алдындағы қорқыныш өзін-өзі төмен бағалайтын адамдарда болады екен. Машина жүргізуді алдыңызға мақсат етіп қойған кезде, одан бөлек кішігірім мақсаттар да қою керек, дейді психологтар. Мысалы, қандай да бір жағымсыз әдеттен арылу немесе көптен бері ренжітіп алып, сөйлеспей жүрген досыңыздан кешірім сұрау. Өзіңізді жеңіп, алға қойған мақсаттарды біртіндеп орындап отыру адамның өз күшіне сенуіне әкеледі.
- Көлікке қанша рет отырсаңыз да, толықтай өзіңізге сенімсіз болып, машинаны айдау әлі де қиынға соғып жатса, автоинструктордан қосымша сабақ алған жөн болар. Бүгінде өз бетімен көлік жүргізуді үйрететін курстардан көп ештеңе жоқ.
Көлік айдауды енді үйреніп, жаңа бастап жүрген жандарға берер кеңестеріміз осындай. Қала ішінде немесе қозғалысы көп жерде жүруге қиналатын болсаңыз, бәлкім, жоғарыдағы кеңестеріміздің көмегі тиіп қалар. Жолыңыз әрқашан ашық болсын!