- Халықтың ұлттық құндылықтары қай заманда да қуатты мемлекет пен біртұтас қоғам құруға негіз болып келгені анық. Дей тұрғанмен, жаһандану жағдайында сан алуан өзгерістерді бастан өткеріп, түрлі ақпараттық ағын ортасында күн кешіп жатқан бүгінгі буын әр нәрсені әділ таразылай алып жүр ме?
- Әсіресе діни бағытта талас-тартыс қаулап, білген де, білмеген де әйтеуір бірдеңе айтып қалуға тырысатын тұста көпшілік не дұрыс, не бұрыс екенін саралап-салмақтауға қаншалықты бейім?!
- Бүгінгі түсінік тұрғысынан алғанда, ұлттық құндылық деген не? Діннің осы категориядағы орны қандай? Жалпы, ұлттық құндылықтар мен діннің өзара үйлесімі қаншалықты?! Екеуінің арасына жік түсіруге тырысушылықтың астарында не жатыр?!
- Осы сыңайлас сұрақтарға орай, біз Қазақстанның Құрметті жазушысы, академик, профессор Марат Тоқашбаевты әңгімеге тартқан едік...
Әр нәрсенің сарапшысы уақыт қой. Ұлттық құндылықтар, руханият мәселелерімен айналысып келе жатқаныма отыз жылдан астам уақыт болыпты. Сондықтан бұларға қатысты қалыптасқан өзіндік ұстанымдарым бар. Менің анықтауымда ұлттық құндылықтардың 9 құрауышы бар. Оған ең бірінші тіліміз, екінші – әдет-ғұрпымыз, үшінші – салт-дәстүріміз, төртінші – дініміз жатады. Әдет-ғұрып пен дінді бөліп қарауға болмайды. Дін біздің ұлттық құндылықтарымыздың сыртында емес ішінде. Бесіншісі – тарих, алтыншысы – әдебиет, жетіншісі – мәдениет, сегізіншісі – ұлттық мемлекеттігіміз, тоғызыншы – Тәуелсіздігіміз.
Міне, осындай тоғыз құрауыштан ұлттық құндылығымыз биіктеп тұр. Бұлардың әрқайсысы – өзінше, халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазынасы. Мысалы, тіліміз болмаса ұлттық құндылықта ешқандай мән-мағына болмайды. Мемлекеттік тіліміз, яғни қазақ тілі – тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ортақ байланыс құралы.
Ұлттық құндылық Қазақстан үшін өте маңызды. Соның құрауыштарын әрқайсысын жіліктеп қарап көрелік. Әдет бар, ғұрып бар. Әдет, ол – халықтың ертеден келе жатқан өмір сүру дағдылары. Әдет заңдары ғылымда «Адат заңдары» деп аталдады. Ол іс жүзінде мемлекет заңдарынан жоғары болады. Ғұрып көбіне өлім-жітімге, жерлеуге, сенім-нанымға байланысты. Салт өмір сүру мен шаруашылық ыңғайынан туындайды. Дәстүр – шілдеханадан бастап, қыз ұзату, келін түсіру сияқты өмірлік жөн-жоралғыларды, тіршілік нормаларын қамтиды. Ал дініміз – ол да орасан маңызды, тұғырлы құндылықтарымыздың бірі. Дінді бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені адамның бүкіл тыныс-тіршілігі дінмен тығыз байланысты. Мысалы, бала дүниеге келсе, азан шақырып ат қояды, үйленсе некесі қиылады, өмірден өткендердің жаназасы шығарылады. Адамгершілік қағидалары шариғат талаптарымен астасып жатыр.
Сонау 751 жылы қазіргі Тараз қаласының түбінде, арабтар мен қытайлардың арасындағы Талас-Атлах соғысында қазақ халқын құрайтын жергілікті ру-тайпалар арабтар жағына шығып, қытайларды жерімізден қуып шыққан. Сол ру-тайпалар сол кезде-ақ өз еркімен мұсылман дінін қабылдаған. Міне, 12 ғасыр болды, біз мұсылман дініндеміз. Тіршілігімізге сіңісіп кеткен ұлттық фольклорымыз да ұлттық құндылықтар қатарында. Өткеніңді тану үшін тарих та керек. Көзі ашық адамға фольклордан бастап бүгінгі классикалық туындыларға дейін түгел білу де маңызды. Мәдениет те ажырамас үлкен сала. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен ислам арқылы сіңіскен адамгершілік нормалары біріне-бірі толықтыратын ортақ құндылық. Ал халықтың келешек өмір сүруінің кепілі, ол – ұлттық мемлекеттілігінің болуы. Сол ұлттық мемлекеттілігіміздің арқасында біз осы бүгінгі тәуелсіздігімізді қайтарып алып отырмыз. Ұлттық құндылықтың осы
9 құрауышының әрқайсысы біз үшін өте қымбат.
Өкінішке қарай, кейбіреулер осы ұлттық құндылықтарымыз бен дініміздің арасына сына қаққысы келеді. Екеуін екі бөлек категория ретінде қарастыруға тырысады. Ол дұрыс емес. Өйткені біздің өмір сүру салтымыздың барлығы шариғат жолымен байланысты. Кез келген шаруаны бастасақ «Биссімиллә» дейміз. «Биссімилләсіз» іс қылма», «Құдайсыз қурай сынбайды» дейміз. Осы тұрғыдан алғанда, қайталап айтамын, біздің дініміз ұлттық құндылықтарымыздың сыртында емес ішінде. Ол Қазақ хандығы құрылардан көп бұрын халқымыздың өмір үрдісіне сіңісіп кеткен. Сондықтан біздің ұлттық құндылықтарымыз бен дініміз бірімен бірі етене қабысып, бір-бірін толықтырып, жымдай болып тұтасып тұр.
Ұлттық құндылықтар мен дінімізді бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Кейінгі кезде екеуінің арасына жік түсіргісі келетіндердің қитұрқы әрекеттерін байқаймыз. Оның өзі – үлкен әңгіме. Бұл арада сырттан қаржыландырылатын бірнеше топтар бары байқалады. Солардың бірі – тәңіршілдер. Баяғыда патша заманындағы отаршылдық империя кезінде «сендер ислам дінінде емессіңдер, сендердің діндерің – тәңір діні» деп құлақтарына сіңіре берсек, ары қарай қазақтарды христиан дініне кіргізу өте оңай болады» деген саясат болған. Бірақ ислами санасы жоғары қазақ халқы ол қақпанға түскен жоқ. Ал түбі түркі халықтарына жататын чуваш, алтай, сахалар тәңіршілдіктен төтелей христиандыққа өтіп кетті.
Жалпы, кез келген ұлтта өсудің диалектикалық жолы болады. Адамзат баласының өзі, мысалы, алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, социалистік қоғамға дейінгі 5 түрлі формациядан өтті. Бұл – эволюциялық өсу жолы. Сол сияқты, қазақ халқы да бұдан 1500-2000 жыл бұрын тәңір дінінде болды. Бұл туралы өзім шығарған анықтамалық қағидам бар. Онда: «Тәңіршілдік дегеніміз – адамзаттың Алласын іздеу жолындағы сәбилік нанымы» делінген. Біз одан жоғары деңгейге көтеріліп, тау-тасқа, ағаш-суға табынудан бір Жаратушы ұғымын ұстанған ислам дініне келдік. Ал қазіргі тәңіршілдер бізді жөргектегі кезімізге шақырады. Ол – біз үшін өтіп кеткен шақ, оған қайтып орала алмаймыз. Оған ойымыз да, бойымыз да сыймайды.
Рас, тәңіршілдіктің дәстүрімізге сіңісіп кеткен көріністері бар. Олардың мағынасы, сипаты ізгілікке қызмет ететіндіктен ислам оған тыйым салған жоқ. Мысалы, жаңа түскен келіннің отқа май құюы «осы шаңырақтың оты маздап жансын» деген ізгіліктен туындайды. Бұл жерде басқа бір Құдайға табыну жоқ, ізгі ниет қана бар. Сол сияқты, беташар, сәлем салу, шелпек пісіру сияқты басқа да бірқатар жөн-жоралар әдет-ғұрыптарымыздың қатарында әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.
Түптеп келгенде, тәңіршілдердің ар жағында біздің исламға, қазақ ұлтына жау пиғылдағылар тұр. Олардың арасында шетелде оқып келген қазақ жастары да бар. жат пиғылды шетелдік арнайы қызмет орындары жібергендер де жоқ емес. Бұлардан басқа, тіпті ұлтты, ұлттық ерекшеліктерді мойындамайтын салафиттер бар. Біздің дінімізде «ата-анаңды сыйла» десе, олар: «намаз оқымайтын болса, ата-анаңды сыйлаудың қажеті жоқ» дейді. Бұлар сөйтіп, дінді желеу ете отырып, біздің ұлттық қадір-қасиетімізге нұқсан келтіргісі келеді. Өкінішке қарай, біраз іні-қарындастарымыз осы уағызға елтіп кетіп жатыр. Сол себепті, мен Қазақстан аумағында салафизм ағымына заңмен тыйым салынуы керек деп есептеймін.
Шынын айтқанда, біздің қазақтың көптеген қыз-жігіттерінде ізденіс кем, діни сауаты төмен. «Бәленше сөйтіп айтыпты» деп үнемі жұрттан естігенімен топшылайды. Діннен шалғай жүрсе де дін туралы шалағай пікір айтады. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз: «Ақыр заман ғылымы залым болар, тек ізгілік қуғандар ғалым болар» дейді ғой. Әр нәрсенің анық-қанығын, ақ-қарасын білгісі келген адам алдымен дінді, шариғатты үйренсін. Ұлттық құндылықтарымыз бен дініміздің арасында ешқандай қарама-қайшылық болған емес. Бұл арада адам баласының, ұлттардың құқығына нұқсан келтіретін ештеңе жоқ. Бәрі ізгілікке, жақсылыққа шақырады.