ffin.kz

Көрші елден үйренеріміз көп

Көрші елден үйренеріміз көп Сурет: Turaninform.kz

Біз әдетте «баланы – жастан» дейміз және ерте бастан берілген тәрбиенің жемісті болатынын білеміз. Бірақ осы «тәрбие» дегенді кім қалай түсінеді, сондай-ақ тәрбиелегенде балаға қандай қасиеттерді сіңіруге, не үйретуге тырысамыз?..

Таяуда әлеуметтік желіде көзіме түскен бір видео еріксіз таң қалдырды.  Ойнап отырған 2-2,5 жас шамасындағы қытай бала әкесі тамаққа шақырған бойда орнынан ұшып тұрып, жанындағы арбаға ойыншықтарын бір-бірлеп салып жинастырып, оны шеттегі орнына апарып қойды. Ваннаға барып, қолжуғыштың астынан орындығын шығарды, соған шығып тұрып суды ағызып, қолын әуелі бір шайқап алды, сосын сабындап болғанша өшіре тұрып, болған соң қайта ағызып жуды. Қағаз майлықпен сүртініп, орындықты орнына қайта қойды. Пештің жанынан өзінің тамағын алып, үстелге келді. Дастархандағы кеспе мен котлетті ұзын таяқшамен алып, әкесіне салып беріп, содан кейін барып өз тамағын жеуге кірісті.

Мұны көргендер видео астына: «Қандай ақылды бала!», «осындай ерекше тәрбиелі балалар қайдан шығады?», «кішкентай кезінен бастап-ақ қалай мықты тәрбиелеген!», «бала емес, нағыз алтын!», «жұрттың баласы деген осы», «бізге қытай мен жапон жастарының интеллектуалдық деңгейіне жету қайда!», «тәртіп – ұлт болмысын қалыптастырудағы маңызды құндылық. Бұл бала өсіріп отырған әр отбасыға сабақ болуға тиіс» деген жазбалар қалдырыпты.

Бір қарағанда, маған бұл өте сирек жағдай немесе арнайы дайындалған көрініс сияқты болған. Оң-солын әлі танып үлгермеген бүлдіршіннің соншалықты ақылды, ұқыпты болуы, тәртіпке бойұсынуы, өз басын алып жүруі, өз-өзіне қызмет ете алуы мүмкін еместей көрінген. Себебі бізде 2-3 жастағы балдырған түгілі, оң-солын таныған, мектеп жасындағы балалардың өзі – көп жағдайда салдыр-салақ, ұқыпсыз. Айтқаның бір құлағынан кіріп, бір құлағынан шығып кететін ақпақұлақ екені рас. Соған қарап «шынымен-ақ, жұрттың баласы қалай бәрін біліп туады?» деп ойлайтын едік.  

Жақында бір жеңгеміз Қытайдағы туыстарының шақыртуымен сол жаққа барып қайтты. Бір айға жуық қонақ болып, Құлжа мен Текесті армансыз аралаған жеңгейдің әңгімесінен көп сұрақтың түйіні шешілгендей болды. Өзі ұстаз болғандықтан да, ол көрші елдегі оқу-білім, тәрбие мәселесіне көп назар салған ғой. «Бала тәрбиесінде біздің Қытайдан үйренетін нәрсеміз көп екен. Мысалы, біздің балалар бақшада, негізінен, ойнап, ұйықтап, тамақ жеп, мультфильм көріп қайтады. Ата-ана баласын мектепке дейінгі мекемелерге көп жағдайда «үйде қараусыз қалмасын» деген мақсатпен береді. Ал Қытайда бақшаға баратын 3 жас пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер ерте жастан еңбекке тәрбиеленеді», – дейді жеңгей.      

Айтуынша, айдаһар еліндегі балабақшада балалар өз тамағын өзі пісіріп, өз ыдысын өзі жуатын көрінеді. Кіп-кішкентай қыздар қамыр жайып, ұлдар котлет жасап, түрлі тағамдар әзірлейді. Енді бір мезетте себет өреді, тоқыма тоқиды, киім тігеді, үтік, балға, күрек сияқты басқа да құралдарды қолданып, жұмыс істеуге машықтанады. Әр бала өзіне ұнайтын шаруамен айналысады. Не істесе де барлығын тәрбиешінің бақылауымен балалар өздері істейді. Нәтижесінде бүлдіршіндердің қол моторикасы жақсы дамиды, қимыл қозғалысы жетіледі, есте сақтау қабілеті артады. Балалар таңертең күнделікті жаттығу жасайды, сурет салады, шахмат, баскетбол ойнайды. Уақыт қызықты өтетіндіктен, әр бала бақшаға қуана-қуана барады. Ал бізде ше?.. Таңертең баланы бақшаға апарудың өзі бір – мұң. Тура жаудың қолына түсетіндей жылап-еңіреп есті шығарады және онысы бекер де емес. Бала еркіндікті қалайды, ал біздің қасаң тәрбие жүйесі одан әлдеқайда алшақ жатыр.

Жалпы, қалай дегенмен де, баланы ең әуелі өз өміріне қажетті дағдыларға машықтандыру керек екені ақылға қонады. Оң-солын танытпай жатып әріп үйретіп, көбейту кестесін жаттатқаннан ешкім данышпан болып кетпейді. Осы орайда, бізге мектепке дейінгі мекемелердегі білім-тәрбие жүйесін қайта қарап, балаларды жастайынан еңбекке баулу, болашақта өз басын өзі алып жүре алатындай, дербестікке, жауапкершілікке тәрбиелеу аса маңызды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05