ffin.kz

Кенесары хан:жаңа деректер

Кенесары хан:жаңа деректер

Қазақ тарихының зерттелмей келе жатқан тұсы көп. Әлі де тереңдей барып, түбін зерделейтін шежіре жетерлік. Соның ішіндегі көмескіленген тұсының бірі, ол – Хан Кене дәуірі. Осыны түбегейлі ғылыми түрде жүйелеп, талдап, сараптау – парызымыз.



Қазақ халқының азаттық үшін күресі  теріс түсіндірілді


Кенесары бастаған көтеріліс Ресейдің төңкеріске дейінгі тарихшыларының мұқият назарына іліккен болатын. ХІХ ғасырдың 40-жылдарының аяғынан бастап бұл оқиғаның жекелеген мәселелерін сипаттаған М.И.Венюков, В.Потто, А.Г.Серебренников, барон Услар, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Ш.Ш.Уәлиханов, И.Ф.Бабков, И.Завалишин, Л.Мейер, М.Красовский, Н.Коншин, Н.Середа, А.К.Гейнс, А.Янушкевич сияқты буржуазиялық-либералды бағыттағы зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапты. Олар өздерінің қоғамдық-саяси көзқарастарына орай бұл мәселені әртүрлі деңгейде қарастырды. Орыстың дворяндық-буржуазиялық тарихнамасының монархиялық-отарлаушылық бағытының кейбір өкілдері бұл көтерілісті «бүлік», «қарақшылардың ісі» деп бағалады және қазақ халқының азаттық үшін күресін теріс, субъективті түсіндірді.


ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов және Халел Досмұхамедовтер Кенесары көтерілісінің мәселесімен айналысып, Әлихан Бөкейханов қырғыз Қалығұл Әлібековке жолығып, Кенесарының қырғыздар қолынан мерт болуы туралы мәліметтер жинаса, Халел Досмұхамедов 1923 жылы Ташкентте арнайы еңбек жазып жариялайды.


ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін бағалау белгілі дәрежеде патшалық Ресей, кеңестік кезеңде де қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Бірақ қай заманда да үстемдік еткен билік тарихи тұлғалар мен ұлт-азаттық күрес басшыларын өз идеологиясына қарай зерттеуді ұйымдастырып отырды. Патшалық Ресей үшін қазақ елінің хан, сұлтандары, би-батырлары орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «бүлікшіл» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейіннен кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұлтандардың қоғамдық- саяси қызметтері, олардың көзқарастары ашық бұрмалаушылыққа ұшырады. Кенесары тарихын зерттеген көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Дильмухамедов, Е.Ысмайылов қудалауға ұшырап, ғылыми шығармашылығына тыйым салынды. Осыдан соң қазақ хандары мен сұлтандарының қызметтеріне оң баға берілмей, олардың тарихын толыққанды танып білу мүмкін болмады.


XVIII ғасырдың 30–40-жылдарынан бастап патшалық Ресей Қазақстанның біраз бөлігін өзіне қаратып, билік жүргізіп, қазақ дәстүрлі қоғамының ішкі істеріне күш көрсету арқылы араласып, ондағы сан ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі құқықтық және әлеуметтік тепе-теңдікті бұзды. Дегенмен, ХІХ ғасырда Ресей империясының отарлау процесінің қазақ даласында орын алған ұлт-азаттық көтерілістер ғасырға жуық созылуына әсер еткені ақиқат. Қазақ даласын отарлап алғаннан кейін, яғни 1865–1876 жылдар аралығында Қоқан, Бұқар және Хиуа хандықтарын толықтай отарына айналдырды.



Кеңес билігі Ресей империясына қарсы күресті мойындамады


Е.Бекмахановтан кейін бұл тақырыпты зерттеген тарихшылар қатарында Елтоқ Дильмухамедов, Жанұзақ Қасымбаев, Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановтарды атап өткен орынды. Елтоқ Дильмухамедов «1837–1847 ж.ж. Кенесары Қасымовтың басқаруымен болған көтеріліс» атты диссертация жазды. Е.Дильмухамедов кандидаттық диссертациясын Ташкенттегі Ортаазия мемлекеттік университеті Тарих факультетінің ғылыми кеңесінде 1946 жылы 17 желтоқсанда қорғады.


Алайда, Кенесары тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Е.Бекмаханов ісі қозғалып, өзі қуғындалған кезде Елтоқ Дильмухамедовтың да ғылыми атағы алынды, амалсыз екінші рет 1954 жылы «ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы тау-кен жұмысшыларының революциялық қозғалысы (1900– 1917 ж.ж.)» атты тақырыпта қайта кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал оның алғашқы диссертациясы кітапханалар мен ғылыми ортадан аластатылып, көзі жойылды.


2002 жылы Жанұзақ Қасымбаевтың «Кенесары ханның соңғы жорығы және оның күйреуі» атты монографиясы тарихшы ғалымдар тарапынан жазылған үшінші еңбек. Бұл еңбектің басқа зерттеулерден ерекшелігі мұнда Кенесары көтерілісінің бастапқы кезеңі емес, бірден ақырғы кезеңі сипатталады. Автордың өзі еңбегінің хронологиялық мерзімін 1846 ж. желтоқсан, 1847 ж. сәуір деп нақты көрсеткен. Демек, ұзақ жылдарға созылған көтерілістің соңғы бірнеше айы ғана суреттелген. Еңбек архив деректеріне сүйеніп жазылған, ондағы оқиғалар Кенесарының Жетісуға қоныс аударуынан, оның себептерінен басталады. Ханның өліміне байланысты зерттеуші өзіне дейінгі деректерді, Ш.Уәлихановтың, Б.Әбілдаұлының, Н.Маевтың, А.Добросмысловтың, Я.Полферовтың, Е.Бекмахановтың кітабында айтылатын халық аңызын келтіреді. Зерттеуші Кенесары ханның соңғы жорығының себебін ханның «макиавеллилік ұстанымда» болғанынан, ал Хан Кене қолының жеңілуі сарбаздарының бір бөлігінің қорқып қашып кетуінен деп біржақты түсіндіреді.


Кенесары жөнінде жазылған еңбектердің қатарында Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановтың 2004 жылы Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Кенесары» атты монографиясы бар. Кеңес билігі кезінде Кенесарының патшалық Ресей империясына қарсы күресін мойындамағандығы белгілі. Міне, осы олқылықтың орнын Едіге Уәлиханов Кенесары кітабында толтырды. Мәскеу қаласынан шығара отырып, Кенесары күресін қалың көпшілік оқырманға танытты. Автор зерттеу еңбегінің өзіндік ерекшелігі Кенесары қырғыздар қолынан мерт болса, екінші рет оны зерттеген Е.Бекмахановтың айыпталып, қуғынға ұшырауы арқылы Кенесары екінші рет қазаға ұшырады дей отырып, ол жөнінде арнайы тарау арнады. Сонымен қатар, Кенесарыдан тараған кейбір ұрпақтарына тоқталған.


Кенесары хан 1847 жылы көктемде қырғыздармен болған соғыста солардың қолынан мерт болды. Бұл жөнінде Сібір корпусы командирінің әскери министрге 1847 жылы 18 мамырда жолдаған №130 мәліметінде «Кенесары қырғыздармен болған соғыста інісімен, екі баласымен және 15-тей сұлтанмен қолға түсіп, барлығы дерлік қаза болды, Кенесарының басын кескен Чыжым би болды», – деп мәлімдеген.


Қырғыздар Шудың күншығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шақырымдай жердегі Алмалы сай деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған. Х.Досмұхамедовтің еңбегіне сүйенсек, төрелерді атқа мінгізіп, қырғыздар тау ішіндегі еліне апарады. Өздеріне бөлек үй тігіп беріп, құрметпен сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолба деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. Кенесарыны Сарбағыш Тастанбек балалары, Наурызбайды Сарбағыш Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген. Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқмақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағында болады. Наурызбайдың басын Төлебай деген жігіт қылышпен шауып, өлтірген, сүйегі Шамшының (Самсының) күн шығыс жағына қойылған. Кенесары мен Наурызбайдан басқа 19 сұлтан, сондай-ақ көптеген билер мен қарапайым адамдар қаза тапты.


Олардың арасында Кенесарының жақын туыстары Құдайменде төре, Ержан төре бар еді. Қазақ ханының басын қырғыз манаптары Батыс Сібір генерал-губернаторы А. Горчаковқа 1847 жылы сыйға тартқан. Бас сүйекті жеткізіп бергені үшін Хожабек Таштамбаев пен Қалығұл Әлібековтер алтын және күміс медальдармен марапатталады. Тікелей бас сүйекке қатысы бар орыс әскери шенділері – генерал-майор Н.Ф.Вишневский, есаул Т.В.Нюхалов, сотник С.М.Абакумов. 1847 жылы 26 тамызда Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков жекелеген Ұлы жүз қазақтарын Кенесары көтерілісіне қоспағаны үшін есаул Т.В.Нюхаловтың әскери шенін войсковой старшинаға, ал сотник С.М.Абакумовтың әскери шенін есаулға көтереді. Омбыдан ары қарай бас сүйектерге қатысты деректер жоқ. Бас сүйек Омбыда қалды ма, әлде Санкт-Петербург қаласына жөнелтілді ме, ол да анық болмай тұр.


Архив қорларында сақталған құжаттарға зер салар болсақ, Кенесарының бас сүйегінен де бөлек, қазақ даласынан көне зираттардан қазып алынған бас сүйектер жүйелі түрде Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларына жөнелтіліп отырғанын көреміз. Ондағы мақсат қазақтардың антропологиясын зерттеу үшін деп көрсетілген. Кенесары ханның бас сүйегі табылып жатқан күннің өзінде оны елімізге алып келу үшін антропологиялық және генетикалық сараптамалар жасап барып, сүйек нақты Кенесары бабамыздікі ме – анықтауды қажет ететіні анық. Осы мәселелер шешілсе, бас сүйек елге келуі мүмкін.



Көтеріліске қатысқан үстем тап өкілдері арасында ауызбіршілік болмады


ХІХ ғасырда өркениет көшінен артта қалып қойдық. Мұны мойындауымыз керек. Ұлы географиялық ашылуларға дейін ат құлағында ойнаған көшпенділер тарих сахнасынан ығыстырылып, сахнаға ғылым мен техниканы игерген отырықшы мемлекеттер көтерілді. ХІХ ғасырда қазақ мемлекеті технологиядан артта қалғандықтан, көршілес Ресей елінің отарына айналды. Абылай әулетінен тараған ұрпақтың өзі екіге жарылды. Уәли бастаған топ бодандықты мойындай отырып, соларға қызмет ету арқылы өзінен тараған ұрпағын білім алуға жетелесе, ал Қасымнан тараған ұрпақ қолына қару алып Ресей империясының отарлық саясатына өре қарсы тұрды. Ресей империясының отарлық саясатын Қасымнан тараған ұрпақ бірнеше ондаған жылдарға тежеді. Дегенмен де, бұрынғы садақ, найзаның заманы өткендігі, ендігі уақытта отты қару мен мылтықтардың соғыс тағдырын шешетініне көз жеткізді.


Сол тарихи кезеңде Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық- саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ұлт-азаттық қозғалыстардың түпкілікті жеңіске жетуіне мүмкіндік бермеді. Жеріміздің байтақтығы да әсер етті. Ресей империясының қуатты, тұрақты әскери күші бар екенін былай қойғанда, жеңілудің басқа да себептері болды. Көтеріліске қатысқан үстем тап өкілдері арасында ауызбіршілік болмады. Жікке бөлінген қазақ рулары көтерілісті көбіне өз аймақтарында қолдап, басқа аймақтарға ауысқанда, әсіресе, Қоқан және Қырғыз жеріне басып кіргенде, оған қосылмады. Өзін қолдамаған ауылдарды қатаң жазалауы да көтерілісті әлсіретті.


ХІХ ғасырда Орта Азияның өзінде бірнеше хандықтар өмір сүрді. Сол кезде Оңтүстік өлке, Сыр бойы мен қырғыздың біраз жерлеріне Қоқан хандығының үстемдігі жүріп тұрған. Кенесарының бауырлары мен әкесінің Қоқан билеушілері қолынан қаза табуы және Сыр бойындағы қазақтардың қоқандықтардың жиі шабуылына ұшырауы қазақ ханы мен Қоқан хандары арасындағы байланысқа жік түсірмей қоймады. Сондықтан да сол тарихи уақытта бауырлас түркі халықтарының басы қосылуы да мүмкін емес еді. Бұл үрдісті сауда керуендерімен жіберген тыңшылары арқылы Ресей империясы жақсы біліп отырды. Кенесарының қырғызға жасаған жорығының мақсаты да тізе қоса отырып, сыртқы жауларға қарсы күресу болатын. Бірақ бұл үміт ақталмады.


Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана Кенесары ханды ұлықтау қолға алынды. Оған дейін бұндай мүмкіндік болған жоқ. 1992 жылы Көкшетау қаласында Кенесары Қасымов ханның туғанына 190 жыл толуы және оның басшылығымен болған көтерілістің 150 жылдығына арналған конференциялар өткізілсе, 2002 жылы Кенесары Қасымұлының туғанына 200 толуына орай Алматы қаласында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында халықаралық ғылыми тәжірбиелік конференция өткізіліп, Кенесары ханның қолбасшылық тұлғасы жан-жақты талданды. Конференция жұмысына тарихшылармен қатар, әдебиеттанушылар да қатысып, Кенесары ханның өмірі мен күресіне қатысты тарихи деректер мен фольклорлық деректерді әр қырынан талдауға алды. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көше бар.




 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32