Ләззат Танысбай "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Басқарма төраға қызметінен кетті, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
"Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі деп есептеймін. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін.
Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін", - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорация жетекшілерімен өткен кездесуінде.
Танысбай "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуірден бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетті және бұл көрсеткіштер ұжым үшін өте маңызды. Алты жыл ішінде Корпорацияның теле және радио арналарының рейтингі өсіп, коммерциялық табысы 50 пайызға артты.
"Qazaqstan" арнасы осы кезеңде ұлттық мазмұнын сақтай отырып, қоғамдық-саяси форматтағы бағдарламаларға басымдық берді. Бұл бағытта "Ашық алаң", "Бас тақырып", "Қос палата", "Әлем және біз" сынды жаңа сараптамалық және қоғамдық-саяси хабарлар эфирге шығып, ашық пікір алаңдары қалыптасты.
Отандық медиада алғаш рет жаңа форматтағы жобалар ұйымдастырыла бастады. Олардың қатарында тікелей эфирде өткен, инфотейнмент үлгісіндегі көпсағаттық онлайн марафондар бар.
Корпорация осы жылдар ішінде тарихи тұлғаларға арналған телехикаялар түсіруге ден қойды. Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Дина Нұрпейісова, Әл-Фараби, Қорқыт және өзге де тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған 22 сериал түсірілді. Солардың бірі "Міржақып. Оян, қазақ!" телехикаясы көрерменнің жоғары қызығушылығына ие болып, өз алдына мәдени феноменге айналды. Сонымен қатар қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбековтің, Бердібек Соқпақбаевтың, Әзілхан Нұршайықовтың "Жабайы алма", "Он алты жасар чемпион", "Махаббат, қызық мол жылдар" әдеби туындылары экранизацияланды, Құсни-Қорлан әнінің шығу тарихы баяндалатын "Естай мен Қорлан" телехикаясы түсірілді.
Корпорация өндірген анимациялық фильмдер кинопрокатқа шыға бастады. "Balapan" телеарнасының 15 жылдығына орай "Шоқан. Қашқарияға сапар", "Желаяқ", "Тоқты мен Серке" анимациялық туындылары үлкен экрандарға шықты.
Осы жылдар ішінде қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтыған 300-ге жуық деректі фильм түсірілді. Олардың арасында мемлекет тарихындағы алғашқы дәрігер, мұғалім әйелдер Аққағаз Досжанова, Гүлсім Асфендиярова, Нәзипа Құлжанова, Хұсни-Жамал Нұрлыханованың тағдырына арналған "Қазақ қызы", әр дәуірдің ұлы тұлғаларына қатысты "Дәуір даналары", түрлі салада айтулы еңбегімен танылған қазақстандықтарға арналған "Бірегей" деректі фильмдер топтамасы бар
2020 жылы Ләззат Танысбайдың жетекшілігімен Корпорация құрамында мәдени-ағарту бағытындағы "Abai TV" телеарнасы іске қосылды. Пандемия кезінде шағын құраммен жұмысын бастаған арна бүгінде тәулігіне 17 сағат хабар таратып, отандық және әлемдік өнер мен мәдениеттің түрлі салаларына арналған тележобалар өндіріп жатыр.
Отандық контентті халықаралық аудиторияға жеткізу жұмыстары да қарқын алды. 2023 жылдан бастап "Qazaqstan" және "Balapan" телеарналары Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінің аумағына таратыла бастады.
Диджитал бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды: altynqor.com сайты, "Birge.tv" стримингтік платформасы мен түрлі тақырыптық бағыттар бойынша 10 веб-телеарна іске қосылды. "Алтын қордағы" 1500 ән-күй мен фольклорлық аудиошығармалар 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаларға жүктеліп, жинақ ретінде жарыққа шықты. Жасанды интеллект көмегімен қазақ ертегілері негізінде анимациялық фильмдер шығарыла бастады.
Спорттық трансляцияларды таратушы негізгі медиаұйым ретінде Корпорация комментаторлар мен спорт журналистеріне арналған "Комментатор сөздігін", журналистерге арналған кәсіби этика стандарттарынан тұратын "Редакция стандарты" нұсқаулығын шығарды.
Ләззат Танысбайдың бастамасымен Корпорация жанынан болашақ телевизия мамандарына арналған Медиамектеп іске қосылып, төрт жыл ішінде 123 студент тегін білім алып шықты. Оның ішінде 24 студент Корпорацияға жұмысқа қабылданды.
Ұжым үшін маңызды көрсеткіштердің бірі - осы жылдар ішінде Корпорацияда жетекшілік қызметтерге тағайындау меритократиялық тәсілмен жүзеге асырылды. Ұжымда ұзақ жылдардан бері қызмет етіп жүрген және нәтижелі еңбегімен ерекшеленген 100-ден астам қызметкер жетекшілік лауазымдарға тағайындалды.
Ләззат Танысбай жаңа қызметке тағайындалды
Ләззат Танысбай бүгіннен бастап "Евразия" Бірінші арнасына" жетекшілік етеді.
"Евразия" Бірінші арнасы" 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикалық телеарна. Квазимемлекеттік медиаұйым бүкіл Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Көрермендер ауқымы бойынша отандық телеарналар арасында алғашқы үштікке кіреді.
Ләззат Мұратқызы Танысбайға "Қазақстан" телерадиокорпорациясын дамыту жолындағы қажырлы қызметі мен ұжым ішінде адалдық, әділдік принциптерін қалыптастыруға сіңірген еңбегі үшін ұжым атынан шынайы алғысымызды білдіріп, жаңа қызметіне табыс пен жетістіктер тілейміз.