Жаз мезгілінде жәндіктер мен көкөніс, бақша дақылдарынан адам ағзасына келетін қауіп күшейеді. Тіпті, инфекциялық ауруға шалдығып, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады.
Кенеден кесел жұғады
Былтыр Қызылорда облысында Конго-Қырым гемморагиялық қызбасы өршіп, соңы қайғылы жағдайға әкелген еді. Бұл тұрғыда өткен жылы қауіпті індеттен 50 адам күдікті деп танылса, оның 20-сының диагнозы зертханалық, эпидемиологиялық және клиникалық жолмен нақтыланған. Соның ішінде 6 адам көз жұмған болатын. Сол уақытта кенеден келетін кеселмен күрес шараларын күшейткенімен, құзырлы орындар қауіпті түбегейлі ауыздықтай алмады.
Аikyn.kz ақпаратының мәліметі бойынша, биыл кененің қауіпті ошағы саналатын Сыр өңірінде індеттің алдын алу жұмыстары ерте көктемнен бастау алды. Былтырғыдай келеңсіз жағдайға жол бермеу шаралары қолға алынды. Соның негізінде Қызылорда облысына қарасты 106 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының туындау қаупі бар аймақ ретінде танылып отыр. Бұл жайында Қызылорда облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мәлімдеді.
«Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша 14 адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті болып тіркелді. Осы тіркелген 14 жағдайдан кеселдің 1 диагнозы нақтыланды. Нақты айтқанда, Сырдария ауданының тұрғынынан қауіпті індеттің белгілері байқалды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының нақтыланған жағдайы маусым айында болған еді. Қазір бұл науқасты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 12 науқастың диагнозы зерттеу қорытындысына сәйкес өзгертілді. Науқастардың барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, аудандардағы орталық ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімдеріне оқшауланып, жатқызылды. Жалпы, бүгінге дейін облыста кене шағып, медициналық көмекке жүгінген 394 тұрғын медициналық бақылауға алынып, күдіктілер анықталған жоқ», – деді бізге департаменттің бөлім басшысы Жанар Жетілгенова.
Маманның айтуынша, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда облысқа қарасты 238 елді мекеннен барлығы 28 992 кене жиналып, зерттеу жүргізілген. Яғни, 3 335 сынама алынып, кенелердің жұқпалылық көрсеткіштері зерделенген. Нәтижесінде, жәндіктердің 6,5 пайызында зақымдану деңгейі анықталып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 пайызға жоғары көрсеткіш көрсеткен.
Қолда бар мәліметке сәйкес, Қызылорда облысы аумағында кененің 14-15 түрі мекендейді. Оның ішінде түрлік құрамы бойынша жиі кездесетіні H. Аsiaticum – 26 пайыз, H. Аnatolicum – 3,5 пайыз, D. Daghestanicus 46 пайызға жеткен.
Негізінен, жыл басында аталған аурудың алдын алуға бағытталған Қызылорда облысы, қала және аудан әкімдіктерінің қаулысымен кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Қауіпті індет таралуы мүмкін деп танылған 106 елді мекен аумағынан санитариялық қорғаныс аймақтары жасақталыпты. Осы елді мекендерде 11 сәуір мен 13 маусым аралығында 5 күн бойына 2 кезеңді қораларға, мал басына, суат, шаңдақтарға, падаларға кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген. Жергілікті атқарушы органдарынан құралған жұмыс топтарымен өңдеу жұмыстарының сапасы қатаң бақылауға алынған. Бұл тұрғыда науқастарды зерттеуге және емдеуге диагностикумдардың, емдеу препараттарының қоры жеткілікті екенін алға тартады.
Көкөністен де қауіп бар
Жаз мезгілінде базарлар мен ірі сауда орындарында сатылатын азық-түлік пен көкөніс, бақша дақылдарының да адам ағзасына үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Соған орай санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бұл тұрғыда сала мамандары облыс аумағында дүниежүзілік тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күніне орай 10 күндік акциясы ұйымдастырылғанын жеткізді. Соның негізінде халық көп шоғырланатын орындарда, балаларды сауықтыру мекемелерінде, тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарында тиісті шаралар атқарылған.
«Бұл акция аясында сатушылар мен тұтынушылар арасында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын арттыру бағытында тағам өнімдерінің қауіпсіздігі, санитарлық талаптардың сақталуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жедел ішек аурулары мен тағамнан улану жағдайларының алдын алу шаралары туралы және жеке бас, өндірістік гигиенасын сақтау қажеттілігі, тұтынушыларға қауіпсіз тамақтануды қалыптастырудың, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Шара аясында ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандары тексеру өткізді. Соның негізінде сала мамандары экспресс-тәсілдерін қолдана отырып, тұрғындардың ұсынуы бойынша сатып алған тағамдардың санитарлық нормативтерге сәйкестігін тексеру, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері құрамындағы нитрат қалдықтарының мөлшерін анықтап, дайын өнімдерге бактериологиялық зерттеулер жүргізді», – деді бұл жөнінде тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Битасова.
Тексеру жұмыстары барысында тағам құрамындағы нитрат қалдықтарының мөлшерін анықтау үшін 587 сынама алынған. Департамент тарапынан барлық сынама бойынша бактериологиялық зерттеулер жүргізіліп, сәйкессіздік анықталмағанын алға тартты.
Дей тұрғанмен, Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті тарапынан мұндай тексеру тек акция аясында жылына 1 рет өткізілетінін мәлімдеп отыр. Яғни, жаз бойына тағам, көкөніс, бақша дақылдарының құрамына бақылау тұрақты жүргізілмейді. Себебі сауда орындары мен базарларға түскен азық-түлік, көкөніс, бақша өнімдеріне ұдайы бақылау жасау аталмыш департаменттің құзырынан алынып тасталған екен. Бүгінде мұндай жүмыстар сауда орындары мен базарлардың арнайы зертханасында ғана ақылы негізде жүргізіледі. Яғни, әрбір сатушы өз өнімдерін сол сауда орнының зертханасында тексерту үшін өз қалтасынан төлеу міндеттелген. Бір сөзбен айтқанда, жеміс-жидектер мен бақша өнімдеріне бақылау ақсап тұр. Мұны сала мамандары да жоққа шығармады.
Қай кезде де ерте піскен жемістердің, оның ішінде қауын-қарбыз өнімдерінің құрамында химиялық нитраттар жиі кездесіп жатады. Одан улану жағдайы әрбір он адамның үшеуінің басында болуы мүмкін екен. Сондықтан көкөніс пен жеміс-жидектерді шілденің аяғы мен тамыз айының басында пайдалануға кеңес беріледі.
Жалпы, қазір сауда орындарында сатылып жатқан жеміс-жидектер мен көкөністердің қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмай тұр. Сондықтан да ерте піскен жеміс-жидектерді тұрақты зертханалық тексерудің тиімді тәсілі енгізілсе, тұтынушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілер еді.