ffin.kz

«Кейіпкерін жақсы көрмеу мүмкін емес»

«Кейіпкерін жақсы көрмеу мүмкін емес» Almaty-akshamy.kz

Биыл балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Қаламгердің мерейлі жасы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Бұл мәртебеге сөзсіз лайықты. Шоқтығы биік жазушы балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман жазып қалдырды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек», «Қайдасың, Гауһар?», «Ергежейлілер елі» туындыларында өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді.

 

«Менің атым Қожа» (алғашқы атауы «Өзім туралы повесть») демекші, бұл повесі әуелі орыс тілінде, Мәскеуде шығып, сосын француз, поляк, чех, болгар, молдаван, латыш, украин тілдеріне тәржімаланып, бас-аяғы жиырмашақты тілде тараған. Содан кейін ғана өз тілімізде жарық көрген. Неге? Ол тұста әдебиет тәрбие құралы болған. Ал жазушылар бұл туындыдағы бас кейіпкер – Қаракөженің, яғни Қожаның қисық, қыңыр мінез-құлқы балалардың ой-санасына кері әсерін тигізеді деп қорыққан. Яғни балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек деп даурықты. Ал шынайы өмірді ғана жазатын Соқпақбаев бұл шығармасында көркем бейненің тек ұнамды сипаттардан тұрмайтынын ашық көрсете білген. Қаншама сотқарлық жасаса да көрермен Қожаны бәрібір ұнамды образ деп таниды. Себебі ол болмыс-бітімі шынайы бала. Сұлтанның соңынан қан­ша­ма ермейін десе де, аңдамай еріп кетіп, оқыс қимылдар жасап қойғанын өзі де білмей қалып жатады. Және де онысы үшін ұяла да біледі.  Өзінің басынан кешкенді, байқап, көкейге түйгендерін, өз айналасындағы шынайы оқиғаларды боямасыз суреттеуге ұмтылған қаламгер туындысының мың сан жүректен орын алғаны да сондықтан болар.

 

***

Иә, әр үйде, әр мектепте бір-бір Қожа бар еді. Ал Қожа көп болғанымен, оны ешкім Бердібек Соқпақбаевтай суреттей алмаған шығар-ау! Айтпақшы, «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аудармашысы – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Самал Бердібекқызы сондай-ақ Ш.Айтматов, М.Шаханов, С.Бақбергенов, М.Сқақбаев, С.Адамбеков, С.Омаров, Б.Нұржекеұлы, М.Гумеров, Қ.Сегізбаев сынды қаламгерлердің де шығармаларын орыс тіліне аударған.

Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы повесінің желісімен режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым Қожа» кинокартинасы 1967 жылы Францияның әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. Бұл қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде болатын. Арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, қанша ұрпақ ауысса да, көрерменін әлі күнге жоғалтпаған өміршең туынды.

Сөйтіп Бердібек Соқпақбаев біздің балалық шағымызға ескерткіш орнатып кетті. Ал бүгінде Астанадағы Жетісу саябағында «Менің атым Қожаға» қоладан ескерткіш орнатылған. Мүсін айна алдында өз-өзін «педсоветке» салып жатқан Қожаны бейнелейді.

Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіне ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары қосылды. Жазушы шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалардың өмірі, тылдағы қарапайым еңбек адамдарының болмысы әсерлі суреттеледі.

 

***

Бердібек Соқпақбаев Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбе деген ауылда өмірге келген. 8 жасында анасынан айырылды және бұл оның өмірінің соңына дейін жүрегіндегі үлкен қайғысы болған деседі. Соқпақбаев бала кезінде көп қиындық көрді, аштықты да, ауыр еңбектің тауқыметін де басынан кешті. Дегенмен, ол өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, өте зерек, қабілетті, білімді бала болып өсті.

Әскерден кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Одан соң Мәскеудегі жоғары әдеби курстарын тәмамдайды.

Туған өңірінде мұғалім болды. Киностудияда да қызмет етті. «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газет-журналдарының редакциясында жұмыс істеді. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болды. Балалық пен жастық шақ қаламгердің барлық кітабының негізгі өзегі болғаны заңды да. Соқпақбаев шығармаларының дені автобиография. Шынайы, боямасыз, риясыз өмір шындығы суреттелген туындылары сондықтан да өміршең.

 

***

«Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты  А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай «Ақиқаттан айнымаған қаламгер» атты  әдеби-сазды кеш өтті. Кешке көрнекті жазушының қызы Самал Бердібекқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова, дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев, актер Бақыт Тушаев келіп, естеліктерімен бөлісті.

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-дағы Дариға Тұранқұлова шеберханасының шәкірттері  Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларынан «Сұмдық сөз», «Менің атым Жанболсын» атты қойылымдар қойып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. 2-курс студенттерінің, яғни болашақ актерлардың Соқпақбаев заманындағы жасөспірімдер кейпіне еніп, шынайы бейнелеген әр кейіпкеріне «бәрекелді» деп қол соқтық.

Дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиевтің шәкірттері Алуа мен Жайсаң әдеби-сазды кештің көркін әсем әндерімен қыздыра түсті.

Аға буын мен жас буынның кездесуінде әнші, сазгер Гүлжанат Мұхамеджан Б.Соқпақбаевтың мерейтойына арнап шығарған «Балалық шаққа саяхат» әнін әнші құрбысы Венера Әбдіхалыққызымен бірге орындап, әсерлі өткен әдеби-сазды кешті әуезді сазбен түйіндеді.

 

 

 

Самал СОҚПАҚБАЕВА,

Бердібек Соқпақбаевтың қызы, аудармашы:

 

Осындай кездесу, әдеби кештер жыл басынан бері өтіп жатыр. Эфирлерге де жиі шақтыру алып жүрмін. Қуанатыным – әкемнің атының өлмегені және айтылатын тағылымды әңгімелерді осындай мөлдіреген жастардың құлақ қойып тыңдап отыратыны. Мұндай кештер жастар үшін өте керек. Әкемнің «Менің атым Қожа» кітабын оқымаған қазақ баласы жоқ шығар деп ойлаймын. Әкемнің кітаптарын кітап дүкендерінен табу қиын болатын, ешқашан сөреде жатпайтын. Жастанып оқитын талай оқырманын көз көрді. Оның кейіпкерлері ойдан алынбаған, сюжеті де қиялдан тумаған, бәрі өзінің айналасында жүрген ауыл адамдарының шынайы бейнесінен, өзінің басынан кешкен оқиғалардан өрілген болатын. Сондықтан да әкемнің кітаптарын барлық жастағы оқырмандар жақсы көрді.

Әкемнің көзі тірісінде кітабын орыс тіліне аудардым. Оның алдында да аударылған болатын. Бірақ «подстрочник» (жолма-жол аударма – авт.) болған соң ба, көңілі толыңқырамады. Ал маған «сенің аудармаңда қазақтың, ауылдың иісі, лебі бар, қарапайым қазақ баласының мінезі, болмысы бар» деп қуанып, ақ жол теліп, батасын берген болатын. Міне, 35 жылдан бері аудармашы болып келемін.

Тағы бір қуанатыным, әкемнің «Менің атым Қожа» шығармасы мектеп бағдарламасына енді. Бала болмысын, табиғатын шынайы жеткізе білген әкемнің туындыларын сол балалардың өзі оқитыны мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы, кітап дегеннің құдіреті ғажап болады, жастар! Мен кітап оқуға бала күнімнен құштар болдым. Сендерге кітапқа көбірек көз салыңдар дегім келеді. Кітап ол саған кез келген уақытта, кез келген сәтте ақылшы, дос бола алады деп ойлаймын.

 

Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының академигі, профессор:

Самал Бердібекқызы жақсы айтып өтті, кітап ең үлкен дос бола алады адамға. Классик жазушының артында осындай ұрпағы қалғанына қуаныштымын. Қазір ғана студенттерім алдарыңызда сахналық қойылым көрсетті. Оның бәрі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларынан алынған көріністер. Яғни, студенттерім алдымен кітапты оқып алып, ондағы оқиғаларды бойына сіңіріп барып, осындай әсерлі қойылым ұсынды. Жазушының әр сөзінде ақиқат, шындық жатыр. Қаламгер аталарың өздерің сияқты жастардың арман-мақсатын, өмірін қалам ұшымен өрнектеді. 

Бала күнімде әдемі, жылтырақ көйлек киген адамдардың бәрін өте білімді, кітапты көп оқитын жандар деп қабылдаушы едім. Шыны керек, ол тұста бәрімізде бірдей көк көйлек болған жоқ. Сондықтан маған да көп кітап оқу керек деп ойлайтынмын. Қазақ классиктерінің бәрін жастанып оқыдым десем қателеспеймін. Одан жаман болғанымыз жоқ, көкірек көзіміз ашылды, жақсылыққа, жақсы болуға ұмтылдық. Тұлға болып қалыптасқанымыз да сол кітаптардың арқасы шығар деп ойлаймын. Кітап деген үлкенге де, кішіге де рухани азық бола алады. Ұялы телефонға жабысып отыра бермей, бір мезгіл көркем шығармалар оқуға кеңес беремін. 

 

Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет саласының үздігі: 

 

Бердібек атамыздың кітаптарын жастанып оқушы едік. Тіпті сабақ үстінде, ең соңғы партаға отырып алып көркем шығармаларды оқитынмын. Математика мұғалімінің қаһарына талай ұшырағанмын. Соғыстан кейінгі толқынның шығармалары ғажап еді! Біз сол кітаптармен өстік.

Бердібек атамыздың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» кітаптарындағы әр сәт кішкентай жүрегімізді қозғап өтетін. Жазушының соғыстан кейінгі ауылдың қоңырқай тіршілігін, тіпті бір тілім қара нанның өзін суреттеуі керемет! Тәтті кәмпитке көзін сатып, жеуге қолы жетпей, құмарланған кейіпкер-балақайға жанымыз ашып, көзімізге жас та келетін. Иә, кітаптарын оқығанда кейіпкерлерінің басынан кешіп жатқан оқиғаларына көңіл бөлмеу, жетістігіне бірге қуанбау, оларды жақсы көрмеу мүмкін емес еді.

Осы күні, есейген шақта оқысаңыз тіпті әсерлі. Сол бала шағымызда жете түсіне қоймаған кейбір детальдарына ойлы жүрекпен үңілетініміз бар. Қолымызда «Менің атым Қожа», шәй ішіп отырып мырс етіп езу артып аламыз. Өзің­нің де балалық кезде­рің еріксіз еске түседі. Қожа сияқ­ты бір бұзық баланың әр мек­тепте болатыны сөзсіз. Қаламгердің шығармасында оқыр­манын еріксіз күлдіретін юмор да, те­ріс әрекеттерді келемеждейтін иро­ния да бар. Сөйтіп жазушы атамыз күлдіріп отырып ойға батырып та қоятын. Армандарға жетелейін оқиғалары да көп болатын. Балалар, армандай білу керек, қиялдай білу керек, көп оқу керек. Оқыған, тоқыған адам ешқашан етекте қалмайды.

 

Бақыт ТУШАЕВ,

актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты:

Соңына өлмес мұра қалдырған Бердібек Соқпақбаев атамыз маған алыс емес, нағашы болып келеді. Сол үшін мақтанамын. «Менің атым Қожаны» жастанып оқыдық. Жайлауға жиналғанда шешелеріміз қоржынымызға «Он алты жасар чемпион», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» деген кітаптарын да салып беретін. Әр шығармасынан әсерленетініміз соншалық, тіпті әр бетінен сол уақытқа тән өмір белестерін сезінетінбіз. Атамыздың көптеген шығармасы жас оқырмандарға арнап жазылғандықтан болар, біздің жүрегімізге бірден жол тауып жатты. Иә, біз кітаппен өскен буынбыз. Мына отырған Дариға Тұранқұлқызы ұстазымыздың алдынан еліміздегі атынан ат емес, арыстан үркетін театр, кино саңлақтарының 80 пайызы өткен десем, қателеспеспін. Өнер академиясында оқып жүргенімізде, дәлізден көріп қалса, «сенделіп құр босқа жүргендерің жарамайды, бос уақыттарыңда кітап оқыңдар» деп кітапханаға кіргізіп жіберетін. Сосын арасында келіп, отырған, отырмағанымызды білу үшін сыртымыздан тексеріп кететін. Одан жаман болған жеріміз жоқ. Ол кезде ұялы телефон, ғаламтор деген болмаған, ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне композиция дайындау керек болса, бізге көмекке келетін осы кітаптар, ондағы кейіпкерлер еді. Сол арқылы ойымызды, сөзімізді түзеп өстік, биіктей түстік.

Біздегі жақсы жаңалық  – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры биыл «Менің атым Қожа» шығармасын сахналайын деп жатыр.

Міне, өздеріңіздей оқырмандары, көрермені тұрғанда Бердібек атамыздың болмысы Хантәңірідей биіктеп, мол мұрасы айшықтала түспек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33