Біздің бабаларымыз қыркүйек (мизам) айын қуана қарсы алған. Келуін асыға күткен. Бұл ай ел байлығының еселенетін, көктемгі-жазғы шаруа жұмыстарының қорытындыланатын кезі. «Балапанды күзде сана» деген қанатты сөз бар. Бұрынғылар күз айларын жылауық күз, жомарт күз, күрең күз, сары күз, алтын күз, т.б. деп бірнеше мезгілге бөлген. Қазір жылауық күз. Өйткені, бұл айда жауын-шашын көп болады.
«Жылауық» ай да келіп жетті. Шылқылдаған шығы, жауын-шашыны, желі жиі көрініс беретін болғандықтан қазекең қыркүйекті осылай деп атаған. Бұл жолы айдың басы жауын-шашынсыз басталды. Дегенмен, күздің күні қашанда тұрақсыз.
Ары қарай амалдар өзінің ретімен жүре береді. Алдымызда – «Масақ» амалы келе жатыр. Табиғат тамыршысы атанған көнекөз қарттар мен қазақ есепшілерінің есебі бойынша, мизамның (қыркүйектің) 10–15 аралығында жүреді. Осы мезгілде бала-шаға егіні жиналған атыздың масағын теретін болған. Малшылар жиналып болған атызға мал бағады, кәрі-құртаң, бала-шаға және артық еңбеккүштер масақ тереді. Сол себепті, амал «масақ» аталса керек.
Қазір егін орылып, қырманға қызыл толып, жұмыс қызып жатқан қарбалас кез. Диқан ала жаздай төккен терінің жемісін жиып жатыр. Мұндайда ауыл қарттары мен жастары қырман бастырып жатқан шаруалар қосынан табылып, ақ тілегін білдіріп, қол көмегін тигізетін болған. Оларға кеусен беріледі. Кеусен – көмекшілерге берілетін жаңа астық...
Қыркүйекте күн салқындайды. Шық түседі, шөп буыны қатайып, жапырақтар сарғайады. Тіпті, кейбір ағаш жапырақтары саудырап түсіп, көркінен айрылады.
Бұл айдың Мизам және Мизан деген де жанама атаулары бар. Мизам – (низам) жарғы, ереже, қағида дегенді білдірсе, Мизан – таразы, өлшеуіш атауы. «Ақыл-мизан өлшеу қыл» (Абай).
Ертеде бабаларымыз заңламалық қағидаларды осы күз айында шығарып, қабылдаған. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың қай-қайсысы да осы күз айында қорытындыланады, яғни таразыланады.
Бабалар күн мен айдың қимыл-әрекетіне қарап, ауа райындағы өзгерістерді болжай білген. Бұл болжамдар қазірге дейін тұрмыс-тіршілігіміз бен өндіріс жағдайы үшін пайдаланылып келеді. Таразының туғанына қарамастан, күн әлі ыстық қалпын сақтауда.
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қыркүйектің – 2-сі. Ай жүйесіне сүйенсек, тамыздың – 16-сы. Ал қазақы есеп бүгін қыркүйектің жиырмасыншы жұлдызын меңзеп тұр. Апта жаңа айдың басын,тамыздың ортасын және алғашқы үш аптасын қамтып тұр. Бұл ай күндерінің тұрақсыздығын аңғартса керек.
Дегенмен, күннің ыстығы әлі біраз уақыт сақталады. Алда «Мизам шуақ», «Кемпір шуақ» сияқты шуақты амалдар бар.