Қызыл империяның цензурасын көрген, салқынын сезген тұлғалар бар. Олар дербестік жылдарында де белсене қызмет істеп келеді. Сондай жанның бірі филология ғылымының кандидаты, Қазақ журналистикасының қайраткері Сағатбек Медеубекұлымен әңгімелестік.
Ұлттық мүддені ұлықтайды
- Журналистің жауапкершілігі турасында ой қозғасаңыз…
- Журналистика мамандығына жүктелген биік талап, үлкен жауапкершілік қай кезеңде де төмендеген емес. Бір қарағанда былайғы жұртқа бұл мамандық жеңіл-желпі көрінетін сияқты. Әлбетте, қазіргі ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында қолында гаджеті бар кез келген адам ақпарат ала салады да тарата салады, айта қойады да жаза қойады деп ойлауы мүмкін. Алайда журналистиканың қызметі олай емес. Журналист қандай ақпаратты қайдан алу қажет, қайда, қалай және не үшін тарату керек екенін алдынала білетін адам. Өйткені, әрбір ақпараттың артында адам, қоғам, мемлекет тұр. Журналист ең алдымен солардың мүддесін ойлап барып әрекет етеді. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Қолынан келуі үшін сауатты, білікті, құзыреті болуы шарт. Бұрын бізге шетел журналистикасы «дамып кетті», біздікін «кейіндеп қалды» дей салатын. Рас бір жылдары ақпараттық заманауи технологияларды игеруден кешеуілдедік. Соны айтса керек-ті. Әйтпесе өз ұлты мен өз мемлекетіне қызмет етуден қазақ журналистикасы бірде бір шетел журналистикасынан кейіндеп қалған жоқ. Өз заманының, өз рухының міндетін қашанда биік орындады. Ұлттық журналистика ұлттық мүддеге қолынан келгенінше қызмет етуден танбады..
КСРО кезеңінде қызыл империяның цензурасы қатты болды. Сол кездің өзінде қазақтың ұлттық намысын оятуға, ар-ожданымызды таптатпауға тырысты. Орыстандыру идеологиясы жүргізіліп жатты. Ал, қазақ журналистері қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарында қазақша жазу, айту арқылы қазақ тілін сақтап қалуға зор үлесін қосты. Сан алуан айдарлар ашып солар арқылы қазақы ділді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты сақтауға барынша қызмет етті. Ол заманда санаулы ғана қазақ газеттері шығып тұрды. Ұзақ Бағаев, Шерхан Мұртаза,Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей, Камал Смайылов, Кәдірбек Сегізбаев, Серік Әбдірайымов т.б. секілді ұлтжанды журналистер қай жанрда жазса да шұрайын келтіре жазып, тіліміздің мәйегін сақтап келді. Диктор Әнуарбек Байжанбаевтың, Сауық Жақановалардың қазақ радиосынан естілген қазақы дауыс ырғағы, қазақы үні әрбір құлаққа, әр жүрекке сіңіп жатты. Сөйтіп олар да ұлт тілінің өмір сүруіне ерен еңбек сіңірді. Олардың барлығында ұлт алдындағы ұлы жауапкершілік тұрды. Ол жауапккершілік қайткенде қазақ деген ұлтты сақтап қалу жауапкершілігі болатын.
Кеңес одағының құрсауы сөгілді. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Әлемдік өркениетке есік ашылды. Ашылған есіктен жаңа технологиялар енді. Жатсынбай, жатырқамай заманауи технологияларды ұршықша үйірдік. Одан кенде емеспіз. Жұрт жаңаша ойлай бастады. Әрине басқа да ұғым түсініктер енді. Жан-жақтаған алпауыттар анталаған мұндай заманда ақпараттық қауіпсіздікті, ұлтымыздың жұтылып кетпеуін ойлап, жаһандануға қауқар көрсеткен ұлы күш - тағы да ұлттық журналистика. Яғни дәл қазіргі алмағайып кезеңде, геосаяси тұрғыдан өте шетін заманда журналистиканың жауапкершілігі бұрынғыдан да артпаса төмендеген жоқ. Баяғыдай сенсация қуу қазір қалды. Дабыр-дақпырт кейінге ысырылды. Біз кімнен кембіз, әлемдік деңгеймен салыстырғанда қай жерде кейін қалдық немесе оздық дегенді ойланатын, соған қарай әрекет қылатын шақтамыз Бұл - үлкен жауапкершілік.
Журналист жарлы болмауы керек
- Біздегі журналистердің әл-ауқатына көңіліңіз тола ма?
- Журналист - айтушы. Яғни, көптің көкейінде жүрген қоғамдық-әлеуметтік, саяси, қаржылық, экономикалық, мәдени-рухани салалардағы соқталы жағдайларды елден бұрын көріп, бағамдап, мәселені халыққа да, билікке де жеткізуші. Ахмет Байтұрсынов «айтушы - қара бастың қамын емес, халықты сөзін сөйлеуші» дейді.Осы қара басының қамын ойламайтын айтушы, яғни журналист қауымының әл-ауқатының өзгеден артып жатқан кезін көрген жоқпын. Шерхан ағамыздың «Журналистің арқалағаны– алтын, жегені – жантақ»,-деген қанатты сөзі бұған дейін сан мәрте айтылды, біз де айтамыз, сірә бізден кейін де айталатын секілді. Мен қазір қазақстандық қай басылым өз тілшісіне қанша ақша төлеп жатқанын білмеймін, білетінім - шетелдердегідей емес. Мысалы, мәскеулік компания өзінің кәсіби журналисіне 100 000 рубльге дейін төлейді, ал американдық журналист айына 3 000 доллар табады, Ұлыбританияда кәсіби қызметін жаңа бастаған маманға жылына 30 000 фунт стерлинг, ал тәжірибелі маманға жылына 68 000 фунт стерлингке дейін төлейді.Францияда журналист айына 3000 евро алады. Енді осы рубль, фунт стерлинг, евро, доллар дегендеріңді біздің теңгемен шендестіріп көрші. Біздің журналистердің әл-ауқатының қаншалықты екені өзіне өзі-ақ айқындалады. Демек, бұл салада әлі де шешілмеген түйткілдер көп. Егер қаржы тапшылығы болмаса, айталық, CNN, BBC секілді әлемнің түкпір түкпірінде өз тілшілерімізді ұстауға болар еді. Өйткені, қазір ағылшын тілін меңгерген жас журналистер саны артып келеді. Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін 7 жыл басқарғанда алғашқы жылдары ағылшын тобын құруда қиындық туған. Ағылшын тілін меңгеріп келген абитуриенттерді қабылдауға баса көңіл бөлдік. Солардан ағылшын тілінді топтарды құруға мүмкіндік туды. Олардың алды оқуын бітірді де. Араларынан қазақ ұлтын әлемге ағылшын тілінде танытатын журналистер шығады деп сенеміз. Мәселе оларды ынталандыруда, затындық игілікке мұқтаж қылмай, әл-ауқатын жақсарутда.
Тілші тілді сақтайды әрі байытады
- Журналистердің тіл үшін күресіне көзқарасыңыз?
- Осы күні ағылшын тілін жаппай меңгеруден кенжелеп жатқан жоқпыз. Тек шет елдік затыңдармен бірге келген атаулар мен терминдерді, ұғымдарды қазақшалаудан кенжелеп келеміз. Кірме сөздердің қазақ тіліндегі баламасын таппасаң, тілдік айналымды тежейді. Айтылуы мен жазылуы тұрақталмаса, тілдік норма бұзылады. Латын әліпбиіне көшеміз бұйырса. Бұл - орынды. Әуелі латын қаріпіндегі қазақша емлені жасап алып, сол емлені меңгеріп барып көшейік. Жаңа технологиялармен бірге келген жаңа аталымдардың санаға сіңуіне қазақ журналистикасының қосар үлесі зор. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық журналистика мамандарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы қажет- ақ. Жаңа табылған баламасөздерді қолданысқа енгізуге барлығы бірлесе кіріссе, ол сөздің айналымға тезірек енуіне және санаға сіңісті болуына, жат сөздердің төл сөзіміге айналуына тікелей ықпал етері сөзсіз. Бұл істе тілшілердің ауызбірлігі, кәсіби ынтымақтастығы аса қажет. Кезінде Ахаң бастап, Алаш ардақтылары қостап, сырттан келген сөздердің бәріне балама тауып, сөздік шығарды ғой. Олардың жасағаны дұрыс еді. Бірақ кейінгі кеңес заманының ұлтсыздандыру, жаппай жаңа совет адамын қалыптастыру астарындағы орыстандыру идеологиясы басым болып, ол сөздіктер алаштықтармен бірге көзден таса, көңілден ада етілді. Сол заманнын өзінде Ислам Жарылғапов секілді аудармашылар талай сөздің баламасын (балмұздақ, аялдама, шыңылтыр, т.б.)тауып айналымға қосқан болатын. Қосылған сөздің қолданысқа енуіне тікелей БАҚ-тағы тілшілердің қолдауы игі ықпалын тигізгені шындық. Менің білуімше Қытайда сырттан келген кез келген атау, аталым, терминдерді бірден қытайшаға аударады. Аударады да барлық салада БАҚ арқылы жалпыға бірдей қытай тілінің қолданысына енгізеді. Аударылмаған, қолданысқа енгізілмеген бір де бір жат сөз болмайды. Сөйтіп олар қытай тілінің тазалығын сақтау арқылы қытай ұлтының төл қалпын, ұлттық тұтастығын сақтап отыр. Бізге де солай істесек, кім қой деп отыр? Ешкім. Рас бір кездерде елбасының аузынан «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген бір жақты ой айтылып қалып, жағымпаздар оны іліп әкетті де ұлт тіліндегі табылған баламасөздер қолданыстан шыға жаздады. ( мұражай, мұрағат секілді сөздер)
Әрине, халықаралаық терминдер арасында аударуға келмейтіндері бар. Оларды қазақ тілінің үндестік заңына салып, қалай айтылса және естілсе солай жаза салу керек. Мәселен, қазақ тілінің қаймағы бұзылмай тұрған кезде, ұлттық сананың қазаны қайнап тұрған заманда сырттан келген кез келген жат сөз әлгі қазанға түсіп, қайнаудан өтіп, өңін ауналдырып төл сөзіміз болып шыға келетін. Мысалы, Москваның – «Мәскеу», ботинканың «бәтеңке», конфискацияның «кәмпеске», самовардың «самаурын», машинаның «мәшине», поездың «пойыз»т.б. болып өңін айналдырып қазақша атау болып қалыптасқаны тілімізді байытпаса, кеміткен жоқ. Со секілді біз де «компьютер» дегенді айтылуы мен естілуінше «кәмпитүр» десек не кедергі?! Жаппай, толассыз келіп жатқан сөздердің айтылуына қарай жазып, төл тілімізге икемдей берейік. «Ойбай, мынау халықаралық термин, аударуға болмайды» дегенге қарсымын. Тәржімаға келмесе, тілдік қазанымызға салып, қайнатып-қайнатып қайта қолданайық. Ешкім бізге «халықаралық терминді аудармасын» деп заң бекітіп қойған жоқ. Дәл осы тілдік майданда тілші-журналистердің атқаратын қызметі орасан. Тілшілер тілімізді сақтайды әрі байытады. Тек ауызбірлік және талғам биік, таным терең болсын.
Мамандығына қарама - дарынын бағала
- «Журналистен ғалым шықпайды» деген пікірге қалай қарайсыз?
- Мұны бос сөз дер едім. Журналистиканың өзін ғылымға айналдырып жіберуге болады. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтан кейін қазақ көсемсөзі мен шешенсөзі ұлттық таным-түсінікпен зерттелее қойған жоқ. Рас Тауман Амандосов совет публтцистикасының жанрларын зерттеді. Алайда, ол ұстазымыздың сүйенгені Ахметтің ұстанымы емес еді, (Ахаңдар ақталмаған заман)ұлыорыстық шовинистік көзқарастағы ғалымдардың теориясына амалсыз негізделген болатын. Одан кейінгі Какен Қамзин, Бауыржан Жақыптар бірі жазбаша публицистиканың жанрлық түрленуіне, бірі тарихи қалыптасуына көбірек назар аударды. Ал Ахаң негізін қалаған көсемсөз бен шешенсөз теориясын ұлттық таным негізінде тану - жалғасын күтіп тұрған тың тақырып. Қазақ радиосы мен телевидениесінің тарихын тануға бағытталған еңбектер бар. Оларды ғылыми жұмыс емес деп кім айтады.. Бірақ, олар теориялық тұғырдан гөрі тәжірибелік қолданыстарға арқа сүйеді. Ғылым дегеннің өзі - жаңалық ашу. Журналистиканың жаны да жаңалыққа құмарлық. Жаңалыққа өзгеден бұрын қол жеткізуді діттейді. Ғалым болу адамның қабілет-қарымына байланысты. Мамандығына тіреліп қалған ешнәрсе жоқ. «Журналист ғалым бола алмайды» дегенді кім айтса да бір жақты айтқан. Өзгеге бармай, өзіміздің қазақ журналистикасының мамандарына назар аударайықшы. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген Қайыржан Бекхожин, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген Бейсембай Кенжебаев, қазақ әдебиетінің теориясын жазған Зәки Ахметов, қазақ кітаптану негіздерін зерделеген, мағжантанушы Шерияздан Елеукенов,қазақ сатирасын ғылыми негіздеген Темірбек Қожакеев, әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішев, қазақ телевизиясын зерттеген, түрктанушы Марат Барманқұлов, әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалиев, қазақ тарихының алтын тамырын бойлаған ғалым Қойшығара Салғараұлы, қазақ күй өнерін зерттеген Ақселеу Сейдімбек, қазақ радиосының тарихын танытқан Намазалы Омашев, орта ғасырдағы түркі әдебиетін танытқан Асқар Егшеубаев, алаштанушы Тұрсын Жұртбаев - бұлардың бәрі қазақ журналистикасының жілігін шағып, майын ішкен, өз мамандығының майталмандары болатын. Осыларды ғалым емес деген адамның аузы қисайып қалар еді.
Мамандықты қайта таңдау керек болса, мен – журналистиканы таңдар ем...
- Сізді біреулер ақын, енді біреулері ғалым, біреулер журналист деп жатады...
- Рас, маған «ғалымсыз», «ақынсыз», «ұстазсыз», «этнографсыз» деп жтады.. Мүмкін істеген ісіме қарап айтатын болар. Мен өзім журналист деген мамандықты таңдағаныма қуанамын. Соған мәз болам. «Сен – журналиссің» десе, қанаттанып, мақтанамын. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ағам айтқандай, егер де өмірге қайта келіп мамандық таңда десе журналистиканы таңдар едім. Бала күнімде журналист болуды армандағанмын.. Арманыма адал болғаныма ризамын. - Салиқалы һәм сүбелі ойларыңызға ризашылық білдіреміз.
Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ