ffin.kz

Жетісу өңірінде ұлттық қолөнер дамып келеді

Жетісу өңірінде ұлттық қолөнер дамып келеді Сурет:Gov.kz

Жаңғырған қолөнер жоғалмайды


 Алматы облысының тұрғындары ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып келеді. Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылының тұрғыны жас шебер Абзал Әкімбек қолөнерге өзгелерді де үйретіп, ұлттық музыкалық аспаптардың 50-ден астам түрін дайындайды. Оның қолдан жасаған домбыра, қобыздары сұранысқа ие. Ол бабалар мұрасын сақтай отырып, табысын да молайта білді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шеберханасын кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтарын жинақтап алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарына сілтеме жасап.


Абзал 23 жаста, ол жастығына қарамастан, күнделікті тынымсыз еңбек етіп, шеберхана жұмысын жүргізіп отыр.


«Ұлттық музыкалық аспаптарға, олардың тарихын білуге, жасалуын меңгеруге деген қызығушылығым бала күнімнен оянды. Шамамен 7 сыныпта осы балалық қызығушылығым домбыра жасап үйренуіме себеп болды. Мен мектепті бітіргенше бос уақытымның бәрін шеберханада өткізетінмін. Кейін колледжде оқып, оны бітіргеннен кейін шеберханада 1 жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Мұнан соң жеке ісімді ашуға бел будым. 1 жыл өз бетіммен жұмыс істегеннен кейін жеке бизнесті жүргізіп, дамыту керектігін түсіндім. Сөйтіп, мемлекеттің қолдауын алу үшін кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалына көмекке жүгіндім. Көп өтпей «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2,5 млн теңге сомасында грант ұтып алдым. Оған заманауи станоктар, басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Бұл менің бастамама үлкен қолдау болды. Содан бері ерінбей еңбектеніп, ұлттық қолөнерді жалғастыру үшін жас балаларды аспаптар жасауға үйретіп келемін. Алдағы уақытта отандық және халықаралық көрмелерге қатыссам деймін»,- деп ой бөлісті жас шебер Абзал Әкімбек.


Бүгінде Абзалдың шеберханасында ұлттық музыкалық аспаптардың 50-ден астам түрі жасалады. Олардың қатарында домбыра, прима домбыра, қобыз, жетіген, дауылпаз, сыбызғы және басқалары бар. Шеберханада Абзалдан басқа тағы 3 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Музыкалық аспаптарды өнер мектептері, кәсіби және әуесқой музыканттар сатып алады, сол сияқты ұлттық стильдегі сыйлық ретінде де өтімді.


Ал Қапшағай қаласында тұратын көп балалы ана Жанат Медетқызы құрақ көрпелер тігудің көне технологиясын қайта жаңғыртып отыр. Бұл істе 15 жылдық тәжірибесі бар шебер қапшағайлық жас қыз-келіншектерді осы өнерге баулуда. Ал орындаған тапсырыстары Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.


«Біздің бұйымдарымызды қапшағайлықтар ғана емес, Атырау, Ақтау, Уфа қалаларының тұрғындары да сатып алады, тіпті Түркия, жақында Чехия елдеріне де жіберілді. Біз үшін сапа - бірінші орындағы маңызды мәселе. Халқымыздың дәстүрлерін сақтауға өз үлесімізді қосып, бай мәдени мұрамызды әлемге танытқымыз келеді. Бұл ретте интернеттің мүмкіндіктерін белсенді пайдаланамыз. Инстаграмдағы kyz_zhasau.kz парақшамызда 50 мың жазылушы бар. Бүгінгі күні бұл табысты істің көрсеткіші бола алады. Бұл істі жалғыз тігін машинасымен төсек жабдықтарын тігуден бастаған едім. Қазір іргесі кеңейіп, бизнестің ауқымы үлкейіп келеді. Негізгі мамандығым - ветеринар, бірақ уақытымның көп бөлігін Алматыда құрылыста жұмыс істеумен өткіздім. Жолдасым қайтыс болғаннан кейін балаларымды қиындықсыз асырап, әрі тұрақты қастарында болу үшін Қапшағай қаласынан өз ісімді ашсам деп шештім. Қалалық әкімдік ғимарат жағынан көмектесті, сөйтіп, Nur Otan партиясының қалалық филиалының қолдауымен «Ғибрат» қоғамдық бірлестігін құрдым. Мұндағы мақсатым - өзім секілді көп балалы аналарға көмек көрсету. Біздің кішкентай цехымыз бірте-бірте аяғынан тұрып келеді. Алғашында 50 адам жұмыс істеген, барлық қажетті техникаларды сатып алғаннан кейін 20 адам жұмысқа орналасты. Қазір цехты кеңейтіп жатырмыз. Трикотаждан киімдер тіксек дейміз. 100 адамға дейін жұмысқа тартсақ деген жоспарымыз бар»,- деді цех иесі.


 Жанат Медетқызының айтуынша, цех шеберлері күніне 40-50 қалыңдықтың жасауын тіге алады. Жастықтар, көрпелер, жапқыштар өзінің түрлі ою-өрнектерімен көз тартады. Жалпы, құрақ құрау - көркемдік талғамды талап ететін шығармашылық жұмыс. Құрақ түстерін таңдау, формаларын табу, оларды бір-бірімен үйлестіру - оңай іс емес. Дегенмен шеберлер жұмыстың күрделілігіне қарамастан, цехта жалпы саны 20-дан астам бұйым дайындайды.


 «Әрбір ою-өрнектің өз мағынасы, өзіне тиісті орны бар. Негізінен біз  көрпе, жастық, жапқыштарды ұлттық оюлармен өрнектейміз. Олардың басым бөлігі ата-бабаларымыздан келе жатқан өрнектер, дегенмен заманауи нақыштарды да қолданамыз. Жас жұбайларға арналған жиынтықтарда аққу бейнесін, ғашықтардың бейнесін, есімдерін жазу сияқты әрлеу түрлеріне жүгінеміз»,- дейді шебер.


 Бүгінгі күні Жанат Медетқызы табысты кәсіпкер ғана емес, 5 баланың анасы. Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметінше, ол қоғамдық жұмыстармен айналысып, қайырымдық шараларына белсенді қатысып, мұқтаж отбасыларына, жағызбасты егде қарияларға азық-түлік және басқа да қажеттіліктер жеткізіп көмектеседі. Өз қолымен жасаған бұйымды сыйға тартатын кездері де көп. Көп балалы ана індет ушығып тұрған кезде де көмек беруден тыс қалған жоқ. Оның цехында 13 мыңдай қорғаныс бетперделері тігіліп, тегін таратылды.


Құрақ көрпе тігу өнері Текелі қаласында да дамып келеді. Мұнда Балалар шығармашылық орталығында жергілікті оқушылар ұлттық ою-өрнекті көрпе-жастық тігуді үйреніп жүр. Қолөнерді жаңғыртумен құрақ көрпе тігу шеберханасы студиясының иесі, талдықорғандық Айман Жолтай айналысады. Жетісу өңірінде мұндай мысалдар өте көп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37