Жаргон жарға жығады!
Дүние жүзіндегі таза өз тілдерінде сөйлейтін мегаполистер мен шаһарлар бар. Мәселен, Жапония астанасы Токио, Оңтүстік Корея орталығы Сеул және Түркияның рухани ордасы Анадолы аймағы. Аталғандар жаһанның қарқынды дамыған қалалары әрі мәдени ошақтары болып саналады.
Арайлым ҚОЖАН, лингвист:
ЖАРГОНМЕН СӨЙЛЕУДІҢ БАСЫ ҒАЛАМТОРДАН БАСТАЛАДЫ
Қазір қалаға шыға қалсаңыз, 50-60 пайыз шұбарлап сөйлейтіндерді кезіктіремін. Үлкен қалаларда жаргонсыз таза сөйлейтін, арасына бөтен сөз қосарламайтындар некен-саяқ. Бұл тенденция жыл сайын артуда. Менің пайымдауымша, әлемдік тораптың әсері зор. Бүгінде жас та, жасамыс та ғаламторға телміруде. Бұны Instagram, Whatsapp, Viber, Вк сынды әлеуметтік желілердің ықпалының артқанымен байланыстырамын. Өйткені гаджеттердің дамуы адам санасы, ойлау қабілеті, өмір сүру дағдысына барынша әсерін береді. Өзімізде күнделікті сол интернеттік ағымынан шыға қоймаймыз. Тез қысқа сөйлеуге жатықпыз. Өйткені, лингвистика ғылымында адам көмекейі жеңіл екпінмен жылдам сөйлеуді жөн көреді дейді. Соңғы кездері астарлы, мағыналы, ұлттық қордағы сөздерді қолдану бәсеңдеді. Дегенмен, көпке топырақ шашпаймыз.
Өркен ЕРБОЛҰЛЫ, студент:
ЖАРГОНДЫ АЗАЙТҚАН АБЗАЛ
Алматыда оқып жүргеніме бес жылдан асты. Сабақтан бос уақытымда әртүлі жұмыс жасаймын. Сондағы байқағаным, қалада «ок», «bay», «bro» деп шетелшелеп сөйлеген мода екен. Өзім ауылдың қарапайым баласы болған соң, әдепкіде құлағыма біртүрлі естілетін. Кейін үйренеді екенсің. Әсіресе, жастар болып бас қосуларда «брат», «шаймаш», «қыртпаш», «картопты жарды», т.б қосу әдетке айналған. Тіпті, телефондағы хабарламаларды сауатсыз жаза беретін болдық. Бір жағынан, оңай. Сондықтан осылай, қысқа, жеңіл айтуға үйреніп кеттік. Ұзақ әрі созбалағанды көбісі тыңдағысы келмейді. Меніңше, кімге қалай ұнайды, ол солай істейді.
Қаратай АҚЫЛБАЕВ, қала тұрғыны:
КӨРКЕМ СӨЗ КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ
Менің жасым 80-нен асты! Бізді кеңес одағы тәрбиеледі. Бастауышты сыныпты ауылда аяқтадым. Кейін қалаға көштік. Алматыда жалғыз №12 қазақ мектебі болды. Көбісі оған бара алмады. Міне, сол кезден бастап көшеде, саябақта, демалыс орындарында қазақша сөйлеу азайды. Өзім технологиялық институтты орысша бітірдім. 1991 жылы егемендік алдық. Дәл сол уақыттарда біз сияқты орыс тілге үйреніп қалған азаматтарға қиынырақ соқты. Дегенмен, қазақша газет, журналдар оқып, біраз тіл сындырдым. Бірақ, «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген рас! Кей-кейде шұбарлап жібереміз. Қарап отырсам, немерелерімде ағылшын мен орысша жаргондар басым. Олар анық, айқын сөйлемейді. Менің таңқалатыным да осы. Дегенмен, көшеде тәп-тәуір сөйлеп бара жатқандары көріп, риза болып қаламын. Осы күні тілдері енді шығып жүрген шөберелерімді таза сөйлеуге, ана тілімізді шұбарламауға үйретіп жүрген жайым бар.
Ғабиден Мұстафин атамыз: "Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады" депті. Шынында, ана тілімізге деген ұқыптылық болашаққа салған инвестиция сынды. Бүгінде қоғамның дамуына көз ілеспейді. Ауылдық жерге қарағанда үлкен қалаларда өзгеріске ұшырауы оп-оңай. Сондықтан өткен ХХ ғасырда осы жаргон сөздердің алдын алу мақсатында бірқанша істер атқарылды. Ақын-жазушылар кітаптары ұлттық тамырдан нәр алып, оқырман зердесіне шуақ шашатын. Соның нәтижесінде шалғайдағы елді мекендерге дейін кітапты кеміре оқитын. Манағы үш буынның пікірін саралай келгенде, интернеттің әсері орасан болып тұр. Десе де, «көш жүре түзеледі» дейді.
Бұл - Алматы мәдениет ошағы һәм әсем сөйлейтін шаһарға айналса деген көптің тілегі!