ffin.kz

Ит - жеті қазынаның бірі...

Ит - жеті қазынаның бірі... Сурет: Уk-news.kz

Қастерлі жануар


Ерте замандардан үй жануарларын қастерлей білген. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамда итке қатысты түрлі көзқарас бар. Халқымыз «ит – адамның досы» деп текке тәмсілдемеген. Бүгіндері үй-жайында ит асырайтындар көбейген. Сол себепті де ертедегі адамдар білгендей адамға серік жануар деп атапты. Ғалымдардың айтуынша, адамның сөзін ұғып, қимыл іс-әрекетке баратын бірден бір мақұлық иесі екен. Сол себепті де үй жануары туралы бірқатар ойларды тарқатуды жөн санадық.


ИТКЕ ҚАТЫСТЫ ҰҒЫМДАР


Қазақы дүниетанымда қастерлі жан-жануарлардың бірі – «ит». Халқымыз өзін қоршаған дүниеден бөлмеді. Ғасырлар бойы туған біршама мифологиялық символдар, айуанаттарға немесе маңайына бағыттап сөйлеуге, айналасымен сырласып, тіл қатысуға болады дейтін пайымдаулар біртіндеп көркем фольклорға ауысып, сакралды («киелі») сипатта бағыт алды. 


Қазақтың көне наным-сенімдеріне байланысты қалыптасқан салт-жоралғылар, өзінің сакралды («киелі») маңызын әлі күнге дейін жоймай сақтауда. Осы орайда, академик Сейіт Қасқабасов: «...Адамдар күнде көріп жүрген аң-құстардың өздерінен өзгеше жан екенін біліп, олардың сырт түріне, қимылына, ерекшелігіне көңіл бөлетін болған, сөйтіп, өзін қоршаған жан-жануарларды жақсырақ, жақынырақ білуге тырысқан. Бұл істе оларға баяғы мифтік ұғымдар мен ескі наным-сенімдер жәрдемші болады», – дейді.


Қазақ арасында  дәл бүгінгі уақытқа дейін «иткөйлек», (әр өңірде, әр түрлі) «итжейде» («қасиет дарыған бала киімі») жаңа туған нәрестеге кигізеді. Арада қанша замандар өтсе де, түпкі мазмұнын, «қасиетін» бұбағаны аңғарылады. Ел арасында «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Десек те, әлі күнге шейін өзінің сиволикалық жағынан ерекше мәнге ие. Қайта, жылдар өткен сайын, халқымыздың жадында жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болуда. «Ит көйлек», «ит жейде» ең ежелден тамыр алатын салт-дәстүрдің қайнар көзі іспетті.


Көшпенділер сәбидің көйлегінің тігісін теріс қаратып, сыртына шығарып кигізудің қасиеттілік тұрғыда мән-мағынасын терең ұғынған. Сондықтан «итжейдені» теріс кигізгенде, бәле-жәледен сақтандыру мақсұт тұтылады. Дәлірек ғалым Халел Арғынбаевтың ойынан келтірейік. Зерттеуші: «Иткөйлектің етегін бүкпеу әдеті баланың жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеген ырымға да байланысты», – дейді. Мұнда нәрестенің нәзік етіне киімнің тігістері батпауы үшін арнайы теріс қаратылу өз алдына, оның фольклорлық өресі, 40 күнге дейін буыны бекіп, ит тиіп аурып қалмау мақсатында т.б салт-жоралғылар істелінеді. Мұндай жоралғыларды «тіл», «көз», «сөз» тимеудің амалдарының бірқатары деуге болады. Ең ғажабы, атқарылып жатқан ырым-кәделер, жасаушы мен көріп қатысушы (салтты үйренуші) тараптан да еш күмән туғызбайды. Бұның сакралды қасиетіне сену, илану жағы басымырақ.


Мұндағы сюжеттер ең басты үш топқа бөліп қарастырылады. Дәлірек: а) иткөйлек қауіп-қатерден сақтайды деп түсіну; ә) сәбидің тыныштығына септеседі; б) баланың болашақ ғұмырының жақсы болуына әсерін тигізеді. Осындағы тұжырымдардың басты символикалық бейнесі – ит. Сонымен қоса халқымыздың зердесінде, үй жануарларының алар орны бір төбе. Сондай-ақ сакралды түсініктерді, (наным-сенімдерге қатысты) былайша топтастыру жөн саналынды. Бірінші, ықылым дәуірлерден туындаған салт-дәстүр. Екінші, бастапқы қалпынан эрозияға ұшыраған жөн-жосықтар деп қарастыруға негіз бар. Аталған талдаулардың тамыры тереңге кетеді. Дегенмен, қаншама тезден өтті, бірақ («қастерлілік») астары қалды.       


Түбі бір түркі халықтарында, көрші моңғолда да ит ерекше қасиетке ие. Біздер оны салт-дәстүрімізде орын алған жөн-жоралғылардан білеміз. Бұл жайында А.Тойшан: «Сонымен бірге екі халықтағы осы сюжеттер, біздің ойымызша, қазақтағы «итжейде» салтының семантикасын ашуға деректеме бола алады. Нәрестеге «итжейде» кигізу салты - иттің түркі-моңғол халықтарындағы «тотем-баба» екендігінің бір дәлелі. Сонымен бірге осы мәтін ежелгі заманда «итжейде» салтымен бірге синкретті өмір сүрген деген пікірдеміз», – дейді. 


Қазақтың ескі кезеңдерден бергі («сакральды») наным-сенімдерінің бірқаншасы итпен байланысты. Жоғарыда, мысал ретіндегі иткөйлектің «киелі(лік)» функциясының ерекшелігі турасында айттық. Ғалымдар С.Қасқабасов, Х.Арғынбаев және А.Тойшанұлының пікірлері бір-біріне үйлеседі. Бәрінің тұжырымдары иттің көшпелі халықтар үшін орны бөлек дегенді аңдатады.


Сонымен қатар «Төрт түліктің қасиеті» деген еңбекте зерттеушілер А.Тоқтабай мен Ж.Сейтқұлова иттің «тотем» турасында мынадай пікір қалдырады. Олар: «Қазақ, қырғыз, өзбек және татарларда сақталып қалған «итжейде», «иткөйлек», «эткүлмәк» ғұрпының мәні иттің бағзы замандардағы маңызы мен тотем-бабаға табынудан қалған екен»,  – депті.


Сакральдылықтың тағы бір көрінісі сенушіліктен туындайды деп жүрміз. Ал иттің оқыс әрекеттері ырым-тиымдарда түрлі-түрлі сипатта бағаланады. Көбіне қазақтар айлы түнде иттің ұлуын жағымсыз белгілермен байланыстырады. Пенде үшін қараңғылық қаншалықты үрей берсе, бұл да соншалықты әсер берген. Осындай мезгілсіз ұлу, мезгілсіз теріс қылық көрсету халық санасында үреймен тұтастырылады.


Нақтырақ, наным-сенімдердегі иттің «ұлу» әрекетіне ой жүгіртелік. Иттің түрлі қылық әрекетін әр халық әртүрлі түсінген. Біреуі жақсыға жорыса, екіншісі жамандық сипатында ұғынған. Оған дәлелді мына мәтіннен қараңыздар: «Қазақ ырымында мезгілсіз уақытта иттің ұлып, қыңсылауы жамандықтың белгісі санап, ондайда «өз басыңа көрінсін!» деп иесі жасқап, дауыстап басып тастайды», – делінеді. Бұндай «жасқап» тастаудың астарында үлкен мән бар. Яғни, фольклордағы сескену, секемденуден туындаған («киелі тұту») «қастерлі(лік)» ұғымына саятындай құбылыс іспетті. 


Тегінде, сакральды («киелі») ұғымға негіз бола білетін, оның сыртында әулиелік (святое) дәрежесі айшықталған жануар – ит деген ой туады. Ойды ой түрте келе, бүгінге шейін итпен байланыстырылған салт-дәстүрлер ұмытылмай жеткенін білдік. Бұнда: 1) сенушіліктен туындаған түсінік;  2) наным-сенімнің ғасырлар бойғы қалыптасуынан шығатын қастерлілік ұғым;  3) құбылушылықтан (иттің қасиеттіге айналуын айтудамыз) туындаған заттар. Осы айтылған тұжырымдар ел-жұрттың санасында көмескіленгенімен, қайта түлеп, қастерлі сипатынан айнымағанын ұқтырады.


Сол себепті де болар, ұлы дала төсіндегі көшпенділер өркениеті мен мәдениетінде ит ардақталып, рухани құндылықтарына арқау көрген. Тек қана қазақ халқында емес, бауырлас, туыстас жұрағаттың бәріне дерлік осы тектес фольклорлық түсінік тарағанын аңғардық. Бұл  көріністен  ұғатынымыз, ол иттің барша үшін (әлемнің алдында да) қадір-қасиетінің жоғарылығын растап, қуаттайды.


Бүгінгі күні «Ит - адамның досы» деп ерекше қастерлейміз. Бұл ертеден  жеткен мәтелдей. Сондай түсініктердің бір көрінісін А.Тойшанұлы:  «Ертеде ауа райы   жылы боп, адамдар молшылықта өмір сүріп, аспаннан ақ ұн жауатын, тоқ заман болған екен-мыс. Сол уақытта бір кесір әйелдің көргенсіз баласы ауыр дерттен соң құйрығын аппақ ұнмен тазалаған. Соның кесапаты атып, жаратушы қаһарланып, аспаннан ұн орнына ақ қар жауғызыпты. Адамдар аштықтан қырылып, үсіп өле бастайды. Сол кезде ит жаратқанға жалбарынып, несібе сұрайды. Құдай оған бір тал бидайдың масағын береді. Осылайша иттің арқасында адамдар алғашқы дәнге ие боп, осыдан бастап оны жерге егіп, ырыздық ететін болған екен. Біздің қазіргі жеп жүрген нанымыз сол иттің несібесі көрінеді, сондықтан ит жеті қазынаға жатады. Ал зауалға ұшырағаннан кейін, адамдар бидайды молайтып егіп, азық-түлігін ауыр еңбекпен дайындайтын болған екен», – дейді.


Міне, қазақ мифтерінде келтірілген  мысалда адамдардың кесірінен хайуанаттарға зиян келіп жатады. Мұнда адамның  «күнә» (грех) жасауы салдарынан жақсы қасиетінен айрылады: а) әйелдің көргенсіз баласының ауыр дертке шалдығуы; ә) ауыр дерттен соң құйрығын аппақ ұнмен тазалауы; б) жаратушының қаһарлануы; в) иттің жаратқанға жалбарынып, несібе сұрауы.


Аталған пайымдаулардан келіп, иттің қадірі (қасиеті) артқанын аңғарамыз. Бірінен екіншісіне қасиет ауады. Фольклорда бұны қастерліктен қастерленуге (сакрализация) ауысуы дейді. Осы мысалға сүйене отырып, «Ит - жеті қазынаның бірі» дейтін тұжырымдаманы толықтай қолдауға болады.          


Құдайдың итке бір тал бидайдың масағын беруін Тәңірдің өзі оған «сакральды» қасиетін бергендей боп сезіледі.


Қазақ мифтерінде  иттің сакральды («қастерлі(лік)») қыры анық көрініс береді. Жалпы, әр нәрсенің иесі, «киесі» бары анық.


Мәтінде: «Құдай тағала әуелі адамның тәнін топырақтан жаратып болып, жерге қойып, өзі тәнге жан алып келмекші болып итке күзеттіреді. Міне, сол кезде шайтан келіп жынын келтірмекші болғанда, ит үріп жолатпайды. Сонда шайтан итке суық жіберіпті. Ит жүнсіз тақыр болып, өліп қалған мезгілінде, шайтан адамның тәніне бірнеше мәрте түкіріп жіберіпті. Сол мезетте Құдай тағала жанды тәнге салып шайтанға қаһар беріпті. Бірақ адамның бойында күнә қалыпты. Ал итке адал қызметі үшін жылы тон беріпті», – делінеді. 


Бұл мифте шайттанның  кесірінен жапа шегетін –  Ит. Ал Құдай жасампаз қаһарман, дүниені жаратушы әрі билеуші болып бейнеленеді. Ол өзінің құдіретті күші арқасында адамды жаратпақ ниетте еді. Құдай «жан» іздеуге кеткен сәтінде ит қасиетсіз сайтанға арам пиғылын іске асыруға мұрша бермейді. Осы ісінен  жон терісі ашылып қалса да, ит байғұс адалдық, берілгендік (верность) қасиетінен танбайды. Ақыр соңында шайтан өзі қазған орға өзі түседі. Адалдығының арқасында асығы алшысынан түсетін ит болады. «Қазақ мифінде кінәсі бар немесе күнәға батқанды  адамды жазалаушы Құдай». Екеуінде де иттің сүйкімді атануына оның адал тірлігі, пиғылы себеп болды. Сондықтан адамзаттың да, жаратқанның да алдында қастерлі бола білген. Мұнда иттің «күзетуші» функциясының алға шығуы. Құдайдың өзі оған осы қасиетті арнайы берген. «Бірақ сюжеттің түп негізіне қарасақ, олар алғаш кезде миф болғаны айқын сезіліп тұр. Кейінгі замандарда сакралдық сипаты жоғалған соң, олар екі аңның немесе жәндіктің қақтығысы туралы күлкілі әңгіме, бертін келе ертегіге айналып кеткен». Оның себебін  осы мәтіннен анық аңғардық. «Өзі жан алып келмекші болып итке тәнді күзеттіріп кетеді...» дейді. Тәңірдің оған сенгені - итке берген сыйы деп айтсақ та артық емес-ті. Ол осы қасиеті арқасында адам баласына бір табан жақын тұр.


Қазақы таным-түсінікте «Ит – адамның досы» дейді. Күнделікті тұрмыста иесі қайда бағыт алса, сонда жол тартатыны қайран қалдырады. Серігі, жолдасы боп еруінің де сакралды мағынасы бар-тын. Ғалым Н.Мыңжанұлынан мысалдайық. Ол: "Құдай тағала адам баласының қалыбын жасап, жаратқанда, кіндігінен ойып тасталған шөкім балшықтан түз тағысын жаратыпты. Иттің үнемі егесінен айрылмай, қайда барса, сонда еріп жүретінінің себебі сол», – деп жазады. 


 Шынында келтірілген мысалдың жаны бар. Иттің адамзат алдындағы негізгі функциясы - «үй-жайды», «мал-мүлікті», «қора-қопсыны» т.б нысандарды қорғау. Арасында оған аталған объектерді тапсырып, адам өзінің кез келген шаруасына жүре беруі итке сенім білдіргендігінің айғағындай. Бәлкім, ел ішінде: «Ит - жеті қазынаның бірі» дейтіннің қастерлі мәні осында болар.  


Ертегіде (хайуанаттарға қатысты) сакральды ұғым-түсініктер байланысты астарлы ойлар бейнеленеді. Иттің сыншылдығы турасындағы ертегіге зер салайық: «Ертеде бір Шайқожа атты адамның Майтабан деген төбеті бопты. Үй маңына бөтен адам келтірмейді әрі қара жолдың өтіне барып, алдыңғы екі аяқтарын төсеп жатып алады екен. Бір күні көрші ауылдың иті көріп: «Сен неге жатырсың?» – дейді. Сонда Майтабан әлгі итке: «Мен адам баласын сынап тұрамын, жақсы адам ештеңе істемей, айналып өтеді, жаман адам теуіп кетеді», – деп жауап беріпті. 


Аталған ертегі иттің сакралды (қастерлі) үй жануары екендігінің бір көрінісі іспетті. Мұнда төбеттің бойындағы  қасиеттерді былайша жіктеуге болады. 1) төбеттің иесіне адалдығы; 2) иттің мінез танығыштық қыры; 3) жаман мен жақсыны айыра алуы; 4) болған оқиғадан түйін шығара білуі.


Бұдан шығатын ой – жалпы, адамзат пен жануарлар арасындағы бейсаналы кейбір іс-әрекеттерден үлкен сабақ алуға болады. Бұл мысал сюжеттік құрылымы жағынан да, философиялық қырынан да һәм фольклорлық мағынасының өзгешелігі және рухани көркемдігімен ерекшеленеді. Ертегіде ит пәлсапа (сыншылдығы) жолында күрескер, сыншыл қайраткер етіп суреттеледі. Мәтінде баяндалған іс-әрекеттері итті сакралды дәрежеге тағы бір мәрте көтерді. Әдетте, оған зәбір беріп, зиянын шектіріп жататын көбіне айналасындағылар болып табылады. Тікелей айтқанда, иттің тыныш ғұмыр кешуіне тосқауыл кей адамдардың озбыр іс-әрекеттері немесе қаскөйлердің жауыздық пиғылы болмаса неше түрлі араздықтар себепші болып жатады. «Иесінің қамын ойлайтын сырттан немесе ит туралы шығармаларда оны «қасиетті» деп есептеген». Оның ең басты ерекше көзге түсетін қасиеті  – ұстамдылық.


Үй жануарлары жайындағы қазақ фольклорында алдыңғы қатардағы басты тұлға – ит. Оның ақкөңіл және елгезектік мінездері жалпыға аян. Кейбір сәттерде «өзгелердің» алдағанына иланып, бір орында тұрмай тыпыршып, ойламаған сәтте опық та жеп жатады. Ең ғажайып сәті – алыстан егесінің еңсесін көрген кезі. Сондай-ақ қорқақ кейпінде ұясында барып, алдыңғы аяқтарын ақ жастық ретінде  төсеп үндемей жатса да, бірақ үнемі, қашан қарасаңыз да, ол әрдайым батыр болып келеді. Расында, халқымызда «Адамның жақсысын ит пен бала біледі» деп астарланып, тәмсілденеді.


Аңызда сакралды түсініктер біршама бірізділенеді. Жұрт арасында «әр аңыздың түбінде бір шындық» деген сөз кезігеді. Сонымен, Қожамқұл-Бек Балхидің «Тарихи Қыпшақи» еңбегінен мысал келтіреміз. Онда Нұх пайғамбар заманындағы ит пен мысыққа қатысты аңыз бар. Топан су басқанда, ит пен мысық теке тіресі тағы байқалады. Ол аңыздың баяны мынадай: «...Кемеде ит әмірге қарсы шықты. Ол өзінің жұбымен ұйықты. Мысық бұл оқиғаны Нұхқа жеткізді. Ит сөгіс алды, бірақ мойындамай, мысықтың сөзін жоққа шығарды. Марғау өкініп, Құдайға жалбарынып: «Сен данасың, мен шын айтып отырмын. Ит мені өтірікші деп айтып отыр. Маған көмектесе көр!» дейді. Ит екінші мәрте өзінің жұбымен жақындасты. Құдай Тағала екеуін ажырамастай қылып жабыстырып қойды. Мысық Нұхқа ол туралы хабарлады. Ол итті мінәжат қылып: «Мысық мені халықтың алдында абыройсыз етті. Оның да абыройын ал!» деп өтінді. Оның бұл өтініші орындалды. Оған бір қасиет берді. Олар бір бірімен кездескен кезде таласатын болды. Кез келген бұл таласты естіген кезде, олар мысық пен ит екенін бірден білді.


ҚАСТЕРЛІ ЖАНУАР


Сакралды («киелік(лік)»)  тұрғыдан осы оқиғаны саралап көрелік. Бұл мәтінде мынадай жағдай байқалады. Онда: 1) Кемедегі ит пен мысықтың жанжалдасуы;  2) Ақыры бірін-бірі абыройсыз етуі;  3) Соңында кез келгеннің таласты естісе, мысық пен ит екенін бірден білуі. Бұл – ымырасыздық. Беделден айрылу. Демек, тартыс ешкімге опа әпермесі анық. Есте жоқ ескіде «қастерлі» саналған жануарлардың бертін келе «қарапайым» айуанға айналған сәттері де болады.


Қазақ жұртының қастерлі, қасиетті («священное») ұғым-түсініктерге қатысты көзқарасы тым ерекше. Байқасаңыздар, «бұ дүние мен фәни дүние» арасындағы күнделікті өмірдегі жағдайларды мақалдап һәм мәтелдеп, ойды астарлап жеткізген. «Тұтастай алғанда, мақал  дидактикалық мақсатта, тәлім-тәрбиелік және танымдық қызмет атқаратынын айту керек. Содан соң адамдарды бірдеңеден сақтандыру үшін айтылады, яғни бұл жерде ол «тыйым» түрінде болғандықтан белгілі дәрежеде магиямен байланысы бар екендігі байқалады...Тегінде, малға, хайуанатқа және табиғат құбылыстарына байланысты мақалдардың көпшілігі аллегориялық сипатқа ие болған. Олар көбінесе түпкі мағынасына емес,  жаңа тұлғада, адам өміріне қабыса жалғастырылып айтылады». Сакральды (қастерлі) түсініктердің қасиетін ашу мақсатында мақал-мәтелдерді қолдануды жөн санаймыз.



  • Ит – үйдің құлағы.

  • Ит жүйрігі тазы болмайды, ет майлы болып, қазы болмайды.



  • Ит үреді, керуен көшеді.


Қазақ арасында иттің қадір-қасиеті тым бөлек екендігінің  бір көрінісі осы мақал-мәтелдердің ғибраттылығында болса керек-ті. Бірінші мақал-мәтелде «үйдің құлағы», екіншіде, бәрі бірдей тазыға (қазақ үшін – қастерлі үй жануары) жетпейтіндігі, үшіншіде уақыт (пәлсапалық тұрғыда) өлшемінде де итті қоса баяндауы оған халқымыздың ықыласы «игі» екенін көрсетеді. Сондықтан «түз тағысы, қастерлі жануар» деген ойды қуаттайтындай боп көрініс береді. Бізде көбіне үй жануарларының ішінде ерекше дараланып тұратыны да – ит.


Қорыта түйіндейміз. Қазақ халқында, оның сыртында әлем халқының түсінігінде хайуанаттарды қастерлі санау – ғасырлар бойы қалыптасқан ұғым. Қазақ жұрты сыртқы жан дүниемен тығыз байланыста. Біз сөздің магиясы, құдіретті, қастерлі деп сенеміз. Қазақ халқы  кейігенде: «ит адам екенсің» немесе «мысық тілеулес» дейді. Біздің ата-бабаларымыз өте дана. Бұрынғылардың әрбір сөзінде астарлы ой сезіліп тұрады. Мақал-мәтелдерінде «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейді. Айналадағы жан дүниенің бәрінің қадір-қасиетін («сакралдылығын»)  бойларына сіңіргені соншалықты, жануарға зиян еткенді обал болады, олардың «киесі» ұрады дейтін. Жалпы, осыдай наным-сенімдерден «қасиетті», «киелі», «қастерлілік» ұғым-түсінігі қалыптасқанын аңғарамыз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32