ffin.kz

Еліміздің   Туы – тыныштықтың,   Елтаңбамыз – бейбітшіліктің нышаны

Еліміздің   Туы – тыныштықтың,    Елтаңбамыз – бейбітшіліктің нышаны turkystan.kz

4 маусым – Мемлекеттік  рәміздер күні


 


Егемендікке  қол  жеткізген  Қазақстан – 1992  жылы 4  маусымда  мемлекет  ретінде  өзінің  Мемлекеттік  рәміздерін – Туын,  Елтаңбасын  бекітті.  Осы  жылдың  11 желтоқсанында  «Мемлекеттік  Әнұран  туралы» заңға  қол  қойылды.   Осылайша  Мемлекеттік  рәміздеріміз  елдігіміздің  алтын  айғағына  айналды.  Содан  бері  елімізде  4  маусым – «Мемлекеттік  рәміздер  күні»  ретінде  аталып  келеді. Биыл  Мемлекеттік  рәміздерімізге  – 32  жыл!


Жер  бетінде  қанша  мемлекет  болса,  сонша,  символикалық  белгілер  бар.  Олардың  сипаты  да  әртүрлі.  Енді  соған  шолу  жасап    көрейік. Жалпы,  әлем  елдері  мемлекеттік  рәміздер    күнін  қалай  атап  өтеді?


Мемлекеттік рәміздерін  жалпыхалықтық  мереке  ретінде  кеңінен  атап  өтетін  елдердің  бірі – Кариб  теңізінің  шығысында  орналасқан  ергежейлі  мемлекет – Аруба.  Небәрі  65  мың  халқы  бар  Аруба  мемлекеті  жыл  сайын  мемлекеттік  Ту  күнін  айрықша  атап  өтеді.  Бұл  күні  халық  жаппай  мемлекеттік  Туларына  құлшылық  жасап, оны  көшелерге  басына  көтеріп  алып  шығады.


Сондай-ақ,  Швеция  елінде  де  мемлекеттік  Ту  күні мерекесі  бар. Түркіменстан  жыл  сайын  ақпан  айында  мемлекеттік  Ту  күні  мерекесін айрықша   атап  өтеді.  Ресей  Федерациясының  құрамындағы  Чуваш  Республикасында да  сәуір  айында  мемлекеттік  рәміздер  күні    өткізіледі.  Бұл  күні  елдегі  барлық  мекемелер мен  бірге  оқу  орындарында  арнайы  сабақтар  жүргізіледі.



Еуропа  елдерінің   символикалық  айырым  белгілері  көбіне    ұқсас  болып    келеді.  Десек те,  әлем елдері арасында мемлекеттік тулары  ұқсас мемлекеттер көп. Мәселең, Еуропалық елдердің басым көпшілігінің мемлекеттік жалаулары үш жолақты  болып  келеді. Үш түсті жолақтар кейбірінде тігінен орналасса (Франция, Италия, Ирландия, Бельгия, Румыния, Молдова, т.б.), енді бірінде көлденеңінен (Германия, Нидерланды, Болгария, Словения, Ресей, т.б.) тұрады. Сонымен қатар Солтүстік   Еуропалық елдердің туларында    айырым   белгілер ортақ болып келеді.



Мұнымен қатар түстерінде ғана айырмашылықтар бар елдер де бар. Мысалы, Скандинавия (Финляндия, Швеция, Дания және Норвегия) елдерінің тулары сол мемлекеттердің бір-біріне жақын екенін көрсетеді. Ал ұқсас байрақтарға келер болсақ, Ирландия мен Италияның туларын бір-бірінен ажырату қиын. Италия жалауында  жасыл-ақ-қызыл көбірек болса, Ирландия жасыл-ақ-қызғылт-сары түстерге басымдық  берілген. Осындай ұқсастық Оңтүстік Америка құрлығын мекендейтін Аргентина мен Уругвайда  да бар.  Аргентинаның жалауында күннің бейнесі орта тұсында, ал Уругвайдың туында сол жақ бұрышында бейнеленген. Егер АҚШ, Либерия және Малайзияның байрақтары алыста желбіреп тұрса, ажырата алмауыңыз мүмкін. Себебі аталған мемлекеттердің туларында қызыл-ақ көлденең жолақтар басым. АҚШ-тың жалауында Құрама Штаттарды бейнелейтін 50 жұлдызша болса, Либерияда үлкен бір жұлдыз, ал Малайзияның туында ай мен шоқжұлдыз орналасқан. Егер әлем елдерінің мемлекеттік туларын қарап шықсаңыз, ең әдемі, мәнді және жанды бейне салынған тек Қазақстанның ғана мемлекеттік байрағы екенін байқайсыз.


 Индонезия 1945  жылы тәуелсіздік алып, ақ-қызыл жолақты мемлекеттік туын жариялады. Сол кезде  дәл осындай туы бар Монако князьдығы бұған ресми қарсылық білдірді. Алайда Индонезияның мемлекеттік туы Монаконың туынан әлдеқайда көне екені дәлелденгеннен кейін князьдық ресми қарсылығының  күшін жойды. Индонезияның туындағы ақ-қызыл жолақтар XIV ғасырдағы    Маджапахит корольдігінен   қалған. 1945 жылы 17 тамызда бекітілген.


Ал Монаконың дәл осындай туы – 1881 жылы князь   Шарль  ІІІ-ші  ел билеген тұста белгіленген. Тудың түсі орта ғасырларда билік еткен Гримальди князьдарының таңдаған түсінен алынған. Ол –   1881 жылы 4 сәуірде бекітілген.



Тудың  жап-жасыл    болуының   қандай сыры  бар деген  сұрақтар   туындап  жүр.  Мәселең,  1977 жылы қабылданған Ливия елінің мемлекеттік туы әлемдегі бірден-бір    ешқандай декоры, суреті, нақыштары жоқ, біртұтас  жап-жасыл түсті ту. Тудың жасыл түске боялуы Ливияның мемлекеттік діні – ислам дінінің символын білдіреді. Сонымен  қатар  Африка әлемінде ислам социализмінің жақтаушысы   Муаммар Каддафидің әлемді тітіркендірген  «Жасыл кітабы» да жасыл түстен тұратынын ескерген жөн. Әйтсе де, Ливия Жамахириясы көсемінің билігі құлатылған соң, қарсыласу майданының уақытша  үкіметі өз туын көтеріп шыққан. Жаңа тудың бұрынғысынан айырмашылығы сол – жаңасының жоғары жағынан қызыл жолақ салып, ортадағы  қара жолақта ай мен бес бұрышты жұлдыз бейнеленген.



ТМД  елдері  арасында  көршіміз  Түркіменстан және  Әзербайжан    елінің   мемлекеттік  Туы  ғана  қанық   жасыл  түстес.


Әлем  елдерінде  үш  жолақты және үш түсті   тулар көп.   Еуропаның көптеген мемлекеттерінің тулары үш жолақты болып келеді.  Францияның туындағы көк түс – азаттықты, ақ – теңдікті,  қызыл – бауырмалдықты білдіреді екен. Ал Ресейдің көлденең жолақтарындағы ақ түс – православ дініне деген сенімді, көк – патшалық кезеңді, қызыл – орыс ұлтының символын айшықтайды десе, енді бір деректерде ашықтық – сенімділік, ерік-жігер мен махаббаттың белгісі деп түсіндіріледі. Францияның туына өте ұқсас Италияда жасыл түс – үміт, ақ – сенім, қызыл махаббатты білдіреді екен. Сондай-ақ, Қытай байрағындағы қызыл түс – коммунистердің белгісі болса, сол жағындағы үлкен жұлдыз коммунистік партияның құдіреттілігін танытады. Ал қалған төрт жұлдызша  – жұмысшылар, шаруалар, зиялы  қауым және патриот капиталистердің де бар екенін  білдіреді. Өзбекстанның туындағы ақ түс – бейбітшілік, жасыл – табиғаттың жаңаруы, ал қызыл сызықтар тірі ағза дегенді меңзейді.  Жарты ай –Тәуелсіздіктің белгісі. Қалған 12 жұлдызша шығыс күнтізбесіндегі 12 шоқ жұлдыз бен Өзбекстанның 12 облысын бейнелейді екен.


Қазақстанның    Әнұраны  елдік пен   бірлік  рухымен өрілген.   Көрген  жанды өзіне  бірден  баурап  алады,  тартылыс  күш-қуаты  зор. 



Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше тәуелсіз мемлекеттердің барлығының Әнұрандары бар. Әнұран Ту, Елтаңба – мемлекеттердің  аса  маңызды мемлекеттік рәміздері болып  саналады. Әнұранның негізгі міндеті – сол  елдің ішкі  қуатын, динамикасын білдіреді.  Әнұран – мемлекеттердің өткен тарихи дамуын  білдіреді. Еліміздің  мемлекеттік  рәміздері – жаңа  қазақстандық  патриотизмді  ұштастыру,  басқа  ұлттарға   өзіміздің  елімізді,  жерімізді,  ұлтымызды,  мемлекетімізді  сыйлауына,  бағыт  көрсетуіне  жол  ашу  үлгісін  паш  етеді.  Қазақстанның   көк  Туының  түсі –  бұлтсыз  ашық  аспанның  бейнесін көз  алдыңа  елестеді. Мұндай  түс  ежелден  тыныштықтың,  бейбітшіліктің,  молшылықтың  нышаны  болған. 



ТМД  елдері   мемлекеттері –  Әнұрандарының  мазмұны нені  білдіреді? Бұрын Кеңес Одағының құрамында болған қазір тәуелсіз мемлекеттердің көпшілігінің әнұрандарының белгілі бір атауы бар. Ал Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты елдердің әнұрандары «Ұлттық әнұран» деп аталады. Мысалы, Қазақстанның әнұранының аты – «Менің Қазақстанным».  Ол  қазақ  халқының  рухын  көтеріп,  теңдігімізді дәйектей  түсуде. Ал  Елтаңбамыз  – біздің  елдігімізді,  тұтастығымызды  білдіреді.



Біз  үшін  Ту – Тәуелсіздігіміз, қыран  –  айбарымыз, Күн – бейбіт сүйгіштігіміз!  Осыған  орай,  академик  Салық  Зимановтың:  «Біздің  Елтаңбада  қандай  да  бір  саяси я болмаса экономикалық  астар  жоқ. Онда тек  тарихи  мән-мағына  мен  Қазақстан  сипатталады» деген  тұжырымы  бар»- деуі  көңілге  қонымды.



Қалған елдердің аттары былайша болып келеді. Беларусь – «Біз – белорустармыз», Украина – «Украинаның даңқы да, еркі де әлі өлген жоқ», Армения – «Мер Айреник» («Біздің Отанымыз»), Гүржістан – «Азаттық», Әзірбайжан – «Әзірбайжан  маршы», Молдова  – «Лимба ноастрэ» (Біздің тіліміз) деп аталады. Латвияның әнұраны «Құдайым, Латвияны сақтай гөр» деп аталса, эстондарда – «Менің атамекенім – менің бақытым мен қуанышым», ал Литвада «Ұлттық ән» дейді. Тәжікстанның әнұраны «Тәжікстанның әнұраны» деп қана аталғанмен, әуенінің жеке атауы бар.  Орталық Азиядағы бұл елдің әнұранының әуені «Суруди  милли» деп аталады.


Рәміздерінде  қару-жарақ   бейнеленген  елдер де бар,    жалпы  ол нені білдіреді?  Ту мен қару жараспасы  анық. Ондай тәжірибелер бар. Мәселең,   Мозамбик елінің туы –  әлемдегі бірден-бір Калашников автоматы бейнеленген ту болып саналады. Мозамбик туындағы кітап, кетпен және Калашников автоматының суреттері тұтаса келе білім, өндіріс және қорғаныс ұғымын білдіреді екен. Ол ол ма, Калашников автоматы Зимбабве және Шығыс Тимор елінің мемлекеттік елтаңбаларынан да, орын алған. Зимбабве гербінде екі антилопаның ортасындағы қалқанның үстінде кетпен мен АК-47 Калашников автоматы бейнеленген. Мұндағы кетпен мен автомат бейбітшілік пен демократия үшін күресті, соғыстан бейбітшілікке көшуді білдіреді-мыс.     


Бұдан басқа, 2007  жылы 18 қаңтарда бекітілген Шығыс Тимор мемлекетінің гербінің қақ ортасында Калашников автоматы ойып тұрып орын алған.


АҚШ-тың әр штатының өзінің  дербес  туы  бар. Олар бір тудың астына тек соғыс жағдайында ғана жиналады. Мемлекеттік  басты  шараларда  Американың  көз  алдымызға  сіңісті болып кеткен қаптаған   жұлдызды   туы  көтеріледі.   АҚШ-та  мемлекеттік  Туды  пайдалану  туралы  моральдық  Кодекс  бар. Оның  бір  ерекшелігі  АҚШ  Туы  барлық  тулардан  ең  биік  тұруы  шарт.


Иә, әр  штаттың  өз тулары  бар. Олар орналасқан  табиғат  жағдайына  байланысты  белгілі  бір  принципті  басшылыққа  алған.    Мәселең, АҚШ-тың 31-ші штаты болып саналатын Калифорния штаты туында аю бейнесі  бейнеленген. Алғашқы кезде Калифорниядағы революционерлер туға алмұрттың бейнесін салмақ болған көрінеді. Алайда суретші революционерлердің жолдауындағы жазудың нашарлығынан «реаг» (алмұрт) сөзінің орнына «Ьеаг» (аю) сөзі деп қате ұғып, туға аюдың суретін салып жіберген деседі. Алайда  калифорниялықтар бұл қателікті түзетуге уақыты болмайды, себебі, күшпен жаулап алған Мексикаға туды тез арада көтеру керек болады. Содан бері Калифорния штатының туында аю бейнесі өзгеріссіз қалып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде аю бейнесі Калифорния штатының символы ретінде жергілікті тұрғындардың санасына әбден сіңіп кеткен.



Әлемде  ең  көне Ту,  Әнұран   қай  елдікі   екені  бізді  қызықтыруы  да  мүмкін  ғой.  Қызыл түсті, ақ түсті крестермен айшықталған Данияның мемлекеттік туы әлемдегі қазіргі кезге дейін   қолданылып жүрген ең ежелгі ту болып саналады. Даттықтар өз туын – даннеброг деп атайды. Бұл тудың шығу төркіні дат аңыздарымен астасады. 1219 жылы «Жеңімпаз» деп аталып  кеткен дат королі Вальдемар  әскері Балтық бойындағы Колывани жерінде   болған ұрыста  Құдайдан жалбарынып көмек сұрайды. Сол кезде көктен ақ крестері бар қып-қызыл өте үлкен кенеп мата –Даннеброг түседі. Мұны олар өздеріне арнап,    Құдай жіберген  жалау деп сенеді. Ол  даттықтардың  рухын оятып, күшке міндіріп, дұшпанын жеңдірген деседі.  Содан бері бұл  шайқас даттықтар  үшін жеңіс күні болып тойланып  келеді.



Ал  ең  көне әнұран – Нидерланды елінің  мемлекеттік  гимні болып саналады. Бұл әнұран – Нидерланды  корольі  әулетінің  негізін  салушы  Вильгельм І-ге, Оранский  ханзадасына арналған. Ол – 1568 – 1572 жылдары Испанияға  қарсы  көтеріліс  кезінде жазылған. Гимн ең  алғашқы  рет – 1574  жылы  орындалған  екен.  Рәміздеріміздің   32  жылдығы  құтты  болсын!


 


 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32