Елімізде трассалардағы жол белгілері жиі ұрланады.
Көбіне қауіпсіздік үшін қойылған қоршаулар, жарыққа шағылысатын және ескерту белгілері қолды болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Осылайша, өткен жылы республика бойынша 60 млн теңгеден астам шығын келіпті. Күре жолдың бойындағы қауіпсіздік қоршаулары мен ескертпе белгілерге деген сұраныс артып тұр. Көбіне елді мекендердің маңайындағылары ұрланады. Мал қорасын бітеп, құрылысқа қолданып, әйтеуір бір кәдеге жарататын көрінеді. Жолға жауапты мекеменің мәліметінше, былтыр 60 млн теңгеден аса зиян келген. Пысықайлардың бұл әрекеті жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп отыр.
"Жол белгілерінің ұрлануы жолдағы қауіпсіздіктің төмендеуіне алып келеді. Қарапайым жануарлардан қорғайтын қоршауларды жиі алып кетіп жатады. Өткен жылдың өзінде жануарлардың қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы болды. Сол 109 көлік оқиғасында 135-тен аса адам әртүрлі деңгейде жарақат алған. Қателеспесем, 30-дан аса адам қаза тапқан", - дейді «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметінің басшысы Адина Айнаева.
Биыл ұрланған немесе тозығы жеткендерінің орнына 10 мың жаңа жол белгісі орнатылады. Елімізде 25 мың шақырым жол торабы бар екен. Соның 473 мыңнан аса шаршы метрі ойылып, 90 мың шаршы метрі толқынданып кеткен.
Жолдың жылдам тозуына құрылыс сапасы мен ауыр жүк көліктері әсер етеді.
"Қазіргі таңда жүк көліктері 70 тоннаға дейін алып жүреді. Біздің жолдар ондайға есептелмеген, бір осьқа 8 тонна. Мысалы, КамАзды алатын болсақ, 3 ось бар, 24 тонна алып жүруіне болады. Ол 24 тонна – үстіндегі жүгі емес, машинамен бірге есептегендегі жалпы салмағы. КамАздың өзі 14 тонна болса, оның үстінен 10 тонна алып жүре алады", - «ҚазАвтоЖол» Алматы облысы бойынша бас инженері Берік Сарқытбаев.
Жүк көліктеріне қатысты уақыт жағынан да шектеулер бар. Көктем мен күздегі ылғалды ауа райында және жаздың шіліңгір ыстығында таңғы сағат 10:00-ден бастап, түнгі сағат 22:00-ге дейін шектеу қойылады. Бірақ барлық жүргізуші бұл ережені сақтай бермейді.