ffin.kz

Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ

Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.



Құрметті отандастар!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды  қастерлі Тәуелсіздігіміздің  мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын  дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық. Бірнеше ғасырдан бері үзіліп қалған  дербес мемлекеттілік дәстүрімізді қайта жалғадық.


Шын мәнінде, егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар? Ал, қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!


Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз. Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін  жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз.
Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары  қашанда  елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді.


Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды.
Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Баға жетпес мәдени мұрасы мен жауһар жәдігерлерін табыстады.
Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде  белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.


Мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болған дала заңдары ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі.


Қазақтың елдік жолындағы ерлігі  отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін  жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті.


Алпысыншы жылдарда төл мәдениетіміз ерекше дамып, қазақ әдебиетінде таланттар шоғыры  қалыптасты, бірегей туындылар  дүниеге келді. Көркем шығармалар ұрпақ санасын оятып, жақсылыққа жетелейтін тәрбие құралына айналды. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық.


Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұста азаттық туы көгімізде желбіреді.
Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы.  


Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды.


1991 жылы 1 желтоқсанда халқымыз оған бірауыздан дауыс беріп, сенім мандатын тапсырды. Ал, 16 желтоқсанда Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға қол қойды. Ақиқатын айтсақ, бұл халқымыздың тарихындағы ең қуанышты әрі бақытты сәт болды.  Сол сәттен Қазақ елінің жаңа дәуірі – Тәуелсіздік тарихы басталды. 17 желтоқсанда Елбасы Алматыдағы алаңға келіп, елдің ортасына шықты. Тұңғыш Президент «Халқымыздың билігі толық өз қолына тиді. Азат күн туды» деп халықтан сүйінші сұрады. Оның тебіреніске толы сол сөзі жұрттың жадында жатталып қалды.


Бәлкім, бүгін бәрі оңай көрінер. Тіпті, кейбір адамдар Тәуелсіздіктің құндылығын жете түсінбеуі мүмкін. Ал, аға буын оның қандай қиындықпен келгенін жақсы біледі. Тарихи күндердің әрбір минутын тек Елбасы ғана жан-жүрегімен сезініп, басынан өткерген деп айтсақ, артық емес. Тұңғыш Президент өзінің бір сұхбатында азаттықтың алғашқы әсерін  еске алғаны бар. Онда: «Жұрттың бәрі мәз-мейрам болып жатты. Менің де қуанышымда шек жоқ еді. Бірақ, қатты қобалжыдым. Өйткені, әрі қарай не боларына алаңдаулы едім» деген болатын. Бұл – шүбәсіз ақиқат. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті алу бір басқа, оны сақтап қалу бір басқа».  


Президенттің алдында жаңа мемлекет құру міндеті тұрды. Бірақ, сонымен қоса  өзіне сенім артқан халқын қиындықтан алып шығуы керек болды. Елдегі сан түрлі мәселені шешудің басты жауапкершілігі Мемлекет басшысына жүктелді. Соның бәрін Тұңғыш Президентіміз абыроймен еңсере білді. Түптеп келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың ұлы перзенті екенін өз еңбегі арқылы толық дәлелдеді. Жұртымыз оның дара басшылығымен  кедергінің бәрінен сүрінбей өтті.


Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан  мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер. Қиыннан қиыстырып, тосын шешімдер қабылдай алатын жасампаз реформатор. Осындай бірегей қасиеттің бәрі бойына тоғысқан біртуар тұлғасы бар қазақ – бақытты халық!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:48

10:30

10:13

09:54

09:12

08:52

08:35

08:20

08:10

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43