Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы оның бұрынғы жолдауларынан бірінші кезекте өзінің әлеуметтік бағытымен ерекшеленеді. Жолдау ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағын іске асыруға бағытталған, онда Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық және зайырлылықпен қатар әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіледі. Сондықтан да Мемлекет басшысы онда мемлекет пен оның органдары үшін Адам бірінші орында тұруы және оның әл-ауқатының деңгейін арттыруы тиіс екенін атап өтеді, бұл – елде жүргізіліп жатқан барлық реформалардың басты мақсаты. Ұлттық табысты әділ бөлу қажеттілігі – бүгін Мемлекет басшысы жариялаған Жолдауда өзекті жағдай.
Болашаққа сеніммен қадам басамыз
Азаматтардың әл-ауқатының деңгейі экономиканың жемісті дамуына тікелей байланысты екенін жақсы түсіне отырып, Президент шешілуі экономикалық өсуге, демек, елдің барлық азаматтарының әл-ауқатының деңгейін арттыруға ықпал ететін бірқатар мәселелер мен міндеттерді белгіледі.
Айталық, Мемлекет басшысы салықтық бақылауды цифрландыруды қамтитын жаңа Салық кодексін қабылдау арқылы салық салу жүйесін қайта қарау қажеттігін негіздеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұсынған қымбат жылжымайтын мүлік пен автомобильдерге дифференциалды салық салу жүйесі маңызды орын алуы тиіс, осыған сәйкес бай азаматтардың сатып алу әрекетіне, сән-салтанатқа жоғары салық салынатын болады. Мұны енгізу мемлекет бюджетін айтарлықтай толықтыруға ықпал етеді және нәтижесінде мемлекет алынған қаражатты елдің әлеуметтік дамуына бағыттауға қосымша мүмкіндік алады.
Сыбайлас жемқорлықпен заңсыз тапқан қаржыны тәркілеу – әлеуметтік саланы дамытудың бір көзі болмақ. Президент тұжырымдағандай, «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек». Демек, бұл қаржы, Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша, қазіргі кезде тапшылығы әсіресе ауылдық жерлерде өткір сезілетін заманауи мектептердің құрылысына ғана бағытталатын болады.
Мемлекет басшысының Жолдауында уақтылы көтерілген және әділ атап өтілген тағы бір мәселе – табысты ұлт болудың маңызды шарты – білім беру сапасы. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам баспақ. Біздің күшіміз – жастардың білімінде!Президент осы арқылы елдің басты игілігі – оның бай табиғи ресурстары (мұнай, газ, алтын, уран және т.б.) емес, нақты айтқанда ұлттың зияткерлік әлеуеті болып табылатынын атап көрсетеді. Сондықтан, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қорды құру және іске қосу туралы шешім революциялық, прогрессивті және халық көптен күткен шешім болды, ол балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табыстың 50%-ын аударады. Бұл мемлекеттің болашақ өскелең ұрпаққа деген ең басты әлеуметтік қамқорлығы.
Әділеттілікке деген сенімді нығайтады
Бұдан әрі Мемлекет басшысы жақында өткен конституциялық реформа барша қазақстандықтарды алаңдатып отырған және деструктивті күштер өздерінің саяси мүдделері үшін пайдаланып отырған жер мәселесіне нүкте қойғанын атап өтті.
Ел басшысы белгілеген мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өкілеттіктерді Үкіметтен салалық министрліктерге беру және тиісінше олардың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыру үшін жауапкершілігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту туралы мәселелер аса маңызды болып табылады, олар сол арқылы мемлекетке көмектесе отырып, жергілікті жерлерде көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге тиіс.
Жолдауда сот рөлін арттыру мен әкімшілік әділет саласының одан әрі дамуы да көрініс тапты, онда Мемлекет басшысы судьялардың тәуелсіздігіне және олардың қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды, бұл, сөзсіз, азаматтардың әділеттілікке деген сенімін нығайтуға және қоғамдағы құқықтық нигилизмді жеңуге ықпал етеді. Бұл ретте Президент мемлекет пен оның органдарының сот төрелігін іске асыруға қатысуын барынша азайтуды талап етеді. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, сот жүйесін одан әрі реформалау қажеттігі де айтылды.
Саяси плюрализмді одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталған Қасым–Жомарт Тоқаев саяси жүйенің барлық субъектілерінің саяси қызметі тек заң шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ азаматтардың қызметінің заңдылығы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі болып табылады.
Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтық қоғам мен заң қауымдастығы үшін де маңызды мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу, жеке адамға қарсы бірқатар қылмыстар үшін жазаны қатаңдату (мысалы, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу және т.б.), қаңтар оқиғалары кезінде маңызы аз қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасау, ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне тексеру жүргізу қажеттілігі.
Стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді
Құқықтанушы ғалым ретінде маған Мемлекет басшысының қолданыстағы заңдарды үнемі өзгертуге жол бермеу туралы ұстанымы ұнайды. Шынында да, заңдарға жиі өзгертулер мен толықтырулар енгізу әрқашан олардағы нормаларды іске асырудың тиімділігіне ықпал ете бермейді. Заң ерекше тәртіппен қабылданған, халықтың еркі көрінетін ең жоғары заңды күшке ие нормативтік құқықтық акт ретінде ұзақ мерзімді болашаққа, ал ондағы нормалар бірнеше реттік, тұрақты және ұзақ мерзімді қолдануға арналған.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің елімізде мемлекеттік институттарды қайта жүктеудің құрамдас бөлігі ретінде бір мәртелік президенттікті енгізу туралы шешімі өте маңызды, саяси негізделген және заңдық тұрғыдан тексерілген болып табылады. Бір мәртелік президенттік бағыт демократиялық және құқықтық қатынастарда дамып отырған кейбір елдерде бар. Қазақстанда президенттіктің бір мәртелік жеті жылдық мерзімі қоғамды одан әрі демократияландыру процесіне ықпал ететін болады, билікті басып алу мүмкіндігі үшін нақты құқықтық кедергі болады. Бұдан басқа, жеті жылдық мерзім (қолданыстағы бес жылдық мерзіммен салыстырғанда) ҚР Президенті лауазымында болу уақытын ұлғайтып қана қоймай, жаңадан сайланған Мемлекет басшысына толық көлемде, оның ішінде белгіленген ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолының нақты және нық қадамы болмақ.