ffin.kz

БАҚ-тың бағы жансын

БАҚ-тың бағы жансын Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті


Алматы төрінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумы мәресіне жетті. Аймақтағы БАҚ-тың өзекті мәселелерін «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деген тақырып шеңберінде қаузаған алқалы жиын екі күнге созылды. Оған әр облыс, қаладан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100-ден астам медиа маман келді.


Алтын көпір


Форумның алғашқы күні «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру», «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары», сондай-ақ «Салалық журналистика» тақырыптарында панелдік отырыстар өтті.




  Бұқаралық ақпарат құралдары халық мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан мемлекет ақпарат құралдарының еркін де сапалы жұмыс істеуі үшін әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Өңірдегі халықтың көңіл күйін жеткізетін тілшілер болғандықтан, аймақтағы ахуалдың бет-бейнесі оқырманға жеткізілетін ақпараттың сапасына байланысты екені де белгілі. Мерзімді басылым заман талабына, өмір ағымына сай түрленуі керек. Бұл форум өңірлерден келген ақпарат өкілдері үшін жемісті әрі тиімді болды деп ойлаймын, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов.



Форум аясында спикерлер тәжірибелерімен де бөлісті. Мәселен, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жас кадрларды көптеп тарту, журналистерді ынталандыру үшін «Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.



Алматыны БАҚ орталығы деп айтуға әбден болады. Себебі, біздің мегаполисте мерзімді басылымдар көп шоғырланған. Олардың арасында тарихы тереңде жатқан, әлі де шығып жатқан, мазмұнын да жоғалтпаған газеттер аз емес. Газеттердің ең сенімді ақпарат көздерінің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Бізде «Alatau-Аqparat» медиахолдингі бар, аясы кең. Оның қызметкерлері бүгінде түрік тілі курсын тегін оқып жатыр. Осылайша әріптестеріміздің халықаралық деңгейге көтерілуіне жол ашылмақ, – деп атап өтті Айдар Рахымжанұлы.



Ал «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында контент сапасын арттыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті.


Сараптама «сөйлесін»


Иә, бүгінгі өмірімізді, тыныс-тіршілігімізді ғаламтор торлап, әлеуметтік желілер байлап-матап алған интернет дәуірінде мерзімді басылымдардың оқырманын қайтсек көбейтеміз деген мәселе әлі де өзекті.


Форумның пленарлық отырысында «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп және «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбеков сараптамалық материал жазу стилі, журналистік зерттеу тәсілдері туралы сөз қозғап, дәл осы жанр газет оқырманын ұстап тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Ал филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева баспасөз беттерінде қате қолданылып жүрген сөздер мен тіркестер туралы тарқатты. Әсіресе, жас буынның өзіміздің қазақы, ұғынықты сөздер тұрғанда, орыс тілінен тікелей аударылған калька сөздерге, шетелдік терминдерге әуестігін сынға алды.



Оқырман не сұрайды?


Мерзімді басылымда жазудан бөлек, беттелуі, дизайны, суреттермен көмкерілуі де үлкен рөл атқарады. Бәсекеге төтеп берудің тағы бір жолы – осы.  «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева газеттің қатталуы, мақалаларды, оның тақырыптарын тартымды, «ойнатып» беру әдістері туралы қозғаса, «Казахстанская правданың» фототілшісі Юрий Беккер газеттің матералдарға өзгеше әр беріп, жазусыз-ақ «сөйлетіп» тұратын суреттердің шебер берілу жолдарын, кәсіби шеберліктің маңызды қырларын әңгімеледі.


«Kursiv Media» іскерлік басылымының бас редакторы Мира Халина кезінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін және оларды қалай еңсергендері жайында тарқатты.



Түрлі баспаларда жұмыс істедік. Газеттер дағдарысқа ұшырап, тым аз оқылатын жағдайға дейін түсіп кеткен кездеріміз де болды. Мәселені шешу үшін заман ағымына сай оңтайландыру жолдарын іздеуге көштік. Берілетін мақалалардың мазмұнын жақсарттық, жарнама берушілерді тарту үшін түрлі-түсті беттер қостық. Сондай-ақ, материалдарды инфографикамен, коллаждармен көмкере бастадық. Басылымның оқырманға жедел жету мәселесі де жолға қойылды. Жалпы, БАҚ әрқашан оқырманға қарай икемделуі керек, ал оқырманға керегі нақты, шынайы ақпарат, – деді ол.



YouTube та газетке қызмет етеді


Медиа мамандар мерзімді басылымдардың жұмысын ілгерілету, бәсекеге қабілетті ету үшін әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің, танымал бейнехостингтердің мүмкіндігін пайдалану маңызды дегенді айтты.


Мәселен, жазылушысының саны 275 мыңға жетіп жығылатын «Сұрауы бар» YouTube-жобасының жетекшісі Ербол Сейілхан газет-журналдар да өзінің YouTube арнасын ашып, дамыту керек деп есептейді.



YouTube-арна ашу оңай әрі көп қаражат шығындамайсыз. Арнаны неғұрлым тезірек ашсаңыз, ұйымның қаржылық кірісін көбейту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Университеттерде YouTube арнасын қалай жүргізу керектігін үйретпейді, бәріміз өзіміз үйрендік. Мәселен, бейнехостингті үйренуге күніне он минут уақытыңызды қисаңыз, көп ұзамай сіз бұл мәселені жақсы меңгеріп шығасыз, – деді Ербол Сейілхан.




Жас оқырман


ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумында журналистика ұстаханасында шыққан халық қалаулылары – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депуаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бапи де сөз алды. Олар мерзімді баспасөзге бизнес көзі деп емес, ақпараттық саясат, ұлттық идеологияны жүргізудің тиімді құралы ретінде қарау қажет дейді. Сондықтан балалар басылымына да мемлекеттік қолдау керек деп отыр.



Газет-журнал оқырманын көбейту үшін алдымен балалар басылымын дамыту қажет. Бала жастайынан газет оқу мәдениетіне үйренсе, болашақта оқырман ұрпақ қалыптасады. Бұған мемлекет тарапынан үлкен маңыз берілу керек. Мұндай мысалдар шетелдерде бар. Мәселен, Францияда 18 жасқа дейінгі азаматтарына қалауына қарай мерзімді басылымдарға жаздыртады. Спикерлер басылымдар балалар контентін қалыптастырса деп жатыр, соның идеологиялық шарттары мен тетіктерін нақтылау керек деп ойлаймын, – деді Нұртөре Жүсіп.



Балаларға арналған басылымдарға көбірек көңіл бөлу мәселесін «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы Қымбат Әбілдәқызы да қолдады.


Сондай-ақ, панельдік сессияға қатысушылар елді әбігерге салып жатқан су тасқыны жайында беріліп жатқан ақпараттардың шынайы болуы, дұрыс берілуі, оқырманына дұрыс жетуі, кейбір блогерлер тарататын жалған мәліметтерге мұқият болу жайын да қозғады. Газет-журналдарды шалғай ауылдарға уақытында жеткізу де маңызды екені, кадр жетіспеушілігі, жергілікті тілшілерді ынталандыру жайын қарастыру керектігі де айтылды.


Үздіктер марапатталды


Өңірлік мерзімді басылымдар форумының нүктесін қойған ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес осынау іс-шараның маңыздылығын атап өтті.



Құрметті әріптестер! Салмақты мәселелерді талқыға салған екі күн тиімді өтті деп ойлаймын. Сіздердің БАҚ-тың бағын ашсақ деп талпынған ниеттеріңізге, белсенділік көрсетіп, ой-пікірлеріңізбен бөліскендеріңізге қуаныштымын. Мерзімді басылымдардың таралымын көбейту, контент құру, әлеуметтік желілерде ілгерілету сынды өзекті мәселелер көтерілді. Біз өңірлік мерзімді басылымдар беделін бірге биіктететін боламыз, – деді Ержан Байтілес.




Республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумында 5 панельдік сессия өтті. Отыздан аса медиа маманы тәжірибесімен бөлісті. Форум соңында әр аймақтан келген 10 журналист салтанатты рәуіште «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Осы сала мамандарының ең жоғары марапаты болып саналатын төсбелгі «Almaty aqshamy» газетінің «Қала тынысы» бөлімі редакторы Нұржамал Әлішеваның да кеудесінде жарқырады. Ал министрліктің Құрмет грамотасын иеленген 8 әріптестің ішінде газетіміздің «Ақпарат және жаңалықтар» бөлімінің редакторы Рая Ескендірдің де мерейі үстем болды.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32