Бұл саммит климаттық қаржыландыру мәселелеріне арналады.
2024 жылғы қарашада Бакуда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптары конференциясының 29-шы сессиясы өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменованың Әзербайжанға жұмыс сапары барысында айтылды.
Конференция Конвенцияның шешім қабылдайтын жоғары органы болып саналады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген үкіметтердің өкілдері Конференцияға жиналып, климаттың өзгеруін болдырмау және оның салдарын жою жөніндегі жұмыста күштерін біріктіреді.
Сапар аясында Зүлфия Сүлейменова және Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Президентінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі көмекшісі Х. Гаджиев, Энергетика министрі П. Шахбазов, Экология және табиғи ресурстар министрі, СОР29 президенті М.Бабаев, Милли Мәжіліс депутаты, COP29-дағы БҰҰ-ның климат жөніндегі жоғары деңгейдегі көшбасшысы Н. Арпадараи, Сыртқы істер министрінің орынбасары, COP29 бас келіссөз жүргізушісі Я.Рафиевпен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында COP29-ға дайындық мәселелері талқыланды.
З. Сүлейманова Әзербайжанды осындай маңызды іс-шараның өткізілуімен құттықтап, Қазақстанның қолдау көрсетуге және тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде әзербайжандық әріптестер Қазақстанға қолдауы үшін алғыс білдіріп, COP29 төрағалығы аясындағы Әзербайжанның басымдықтары мен бастамалары, осы беделді іс-шараға дайындық жұмыстары, мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен келіссөздер процесі туралы ақпарат берді.
Кездесулер барысында тараптар дамудың экологиялық үлгісіне көшу бойынша тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, әзербайжандық әріптестер экологиялық таза энергия өндіру бойынша, оның ішінде Қарабақ өңірінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Жасыл электр энергиясын Еуропаға экспорттау мақсатында Қара және Каспий теңіздерінің түбімен электр кабельдерін өткізу елдеріміздің жасыл күн тәртібін ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі болатыны аталып өтті.
ҚР Президентінің кеңесшісі Қазақстан көшбасшысының қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударатынын айтып, әзербайжан тарапын Қазақстанның жасыл энергетикаға көшу жөніндегі бастамалары туралы, оның ішінде Алматыда құрылып жатқан Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесі туралы хабардар етті. Бұл кеңсе шеңберінде жобалар портфелін қалыптастыру басталды. СОР29-дағы Әзербайжан төрағалығын қолдау мақсатында З. Сүлейменова климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша бірлескен жобаларды әзірлеуді ұсынды. Әзербайжандық әріптестер ұсынысты қолдап, Қазақстанның экологиялық бастамаларды ілгерілетудегі және тиісті заңнаманы қалыптастырудағы елеулі жетістіктерін атап өтті.