Бұл ауру туралы бізге №16 Қалалық емхананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі және балалар хирургы Куаныш Иманбаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Маманның айтуынша, сколиоз-бұл балалар мен жасөспірімдерде жиі диагностикаланатын омыртқаның бүйірлік қисаюы. Бұл ауру егер ол уақтылы анықталмаса және емделмесе баланың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
«Сколиоз балалардың 5-10%-да диагностикаланады. Қыздар ер балаларға қарағанда 9 есе жиі ауырады. Қауіп санатына 5 жастан 12 жасқа дейінгі балалар кіреді. Осы кезеңде омыртқа қарқынды өседі. Егер бала партада дұрыс отырмаса, спортпен шұғылданбаса, сколиоз тез дамиды», - деп атап өтті хирург.
📌Сколиоздың себептері
Сколиоз бірнеше себептерге байланысты дамуы мүмкін және көп жағдайда оның нақты себебі белгісіз болып қалады. Ең көп таралған факторларға мыналар жатады:
1. Идиопатиялық сколиоз: көп жағдайда себебі белгісіз. Сколиоздың бұл түрі жасөспірімдерде жиі кездеседі және барлық жағдайлардың 80%-ын құрайды.
2. Туа біткен сколиоз: жатырішілік даму кезінде омыртқаның дамуындағы ауытқуларға байланысты пайда болады.
3. Неврологиялық сколиоз: церебральды сал ауруы немесе бұлшықет дистрофиясы сияқты неврологиялық бұзылулары бар балаларда дамуы мүмкін.
4. Дегенеративті сколиоз: балаларда сирек кездеседі, омыртқаның жасқа қарай өзгеруіне байланысты ересектерде жиі дамиды.
📌Сколиоз белгілері
«Сколиоз омыртқаның қисықтық дәрежесіне байланысты әртүрлі белгілермен көрінуі мүмкін. Негізгі белгілерге мыналар жатады: иықтың немесе жамбастың біркелкі емес орналасуы; кеуде қуысының бір жағының айқын шығуы; белдің асимметриялық орналасуы; қалыптың бұзылуы; кейбір жағдайларда арқадағы ауырсыну пайда болуы мүмкін»,- деп мәлімдеді Куаныш Иманбаев.
📌 Диагностика
Сколиозды ерте анықтау оны сәтті емдеуде шешуші рөл атқарады. Диагностика әдетте төмендегіні қамтиды:
1. Физикалық тексеру: дәрігер иық, жамбас және омыртқа симметриясын тексереді.
2. Рентгенография: омыртқаның қисықтық дәрежесі мен бұрышын анықтауға мүмкіндік береді.
3. МРТ немесе КТ: омыртқа құрылымын егжей-тегжейлі зерттеу үшін күрделі жағдайларда тағайындалуы мүмкін.
📌 Сколиозды емдеу
Сколиозды емдеу тәсілдері қисықтық дәрежесіне және баланың жасына байланысты болады. Негізгі тәсілдерге мыналар жатады:
1. Бақылау: Аздап қисықтық болған кезде дәрігер аурудың дамуын бақылау үшін тұрақты тексерулерді ұсынуы мүмкін.
2. Корсеттер: Әлі өсіп келе жатқан балаларда одан әрі қисаюдың алдын алу үшін қолданылады. Корсет бар қисықтықты түзетпейді, бірақ оның нашарлауына жол бермейді.
3. Физиотерапия: Арнайы жаттығулар арқа бұлшықеттерін нығайтуға және қалыпты жақсартуға көмектеседі.
4. Хирургиялық араласу: Асқынып жатқан елеулі қисықтық кезінде омыртқаны түзету үшін хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін.
«Балалардағы сколиоз-бұл мұқият емдеу тәсілін және уақтылы диагностикалауды қажет ететін күрделі ауру. Тұрақты медициналық тексерулер мен баланың қалпын бақылау сколиозды ерте кезеңдерде анықтауға және емдеуге көмектеседі, бұл баланың сау болашағы мен жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз етеді»,- деп қорытындылады дәрігер.