Ауылға құрмет – жалпы, қазаққа құрмет

Ауылға құрмет – жалпы, қазаққа құрмет aqshamnews.kz

Ауыл әр қазақ үшін алтын тұғыр, алты қырды асып кетсе де айналып келіп ат басын тірейтін алтын қазық. Ал ол кіндік қаның тамған, ат жалын тартып мініп, азамат атанған туған топырағың болса тіпті ыстық, ата-бабаң мекен еткен және солардан тараған сан буын ұрпақ өсіп-өніп, өркен жайған өңір болса тіпті қадірлі, тіпті қасиетті. 

Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Шығанақ ауылы – көптің жұ­мылған еңбегімен іргесі бекіген ба­йырғы мекен. Кеңестік кезеңде мал шаруашылығымен айналысқан ірі ұжымшар ретінде атағы аспандаған ауыл халқының бүгін де еңсе­сі биік, жүзі жарқын. Тереңнен тамыр тартқан береке-бірлігі бекем, қойнауы құтты, ынтымағы мықты Шығанақ топырағындағы дүбірлі думан: ауылдың 60 жылдық мерейтойы – соның бір айғағы.

Осы атаулы шараға орай жақында «Шежірелі Шығанақ» жинағы жарық көрді. Жинақта кезінде осы елдімекенде тұрған, оны көркейтуге еселі еңбек сіңірген байырғы шығанақтықтар жөнінде олардың бүгінгі ұрпақтары мен көзін көрген замандастары сөз қозғайды. Шалғайдағы Шығанақ кітапқа естелігі енген әр адам үшін ерекше ыстық, ерекше қымбат. Өмірінің қандай да бір кезеңі, тағдыры осы өңірмен байланысты әр адамның жүрегінде осынау аядай ғана ауылға деген үлкен сүйіспеншілік, ұланғайыр сағыныш бар. Бастамашы топтың «Ауылдың 60 жылдығын жай атап өтіп қана қоймай, ертеңге естелік болардай кітап қалдырайық, бүгінгі береке-бірлікке, мамыражай тірлікке жол салып берген ардақты әкелеріміз бен асыл аналарымызға, аға ұрпаққа тағзым ретінде олардың ерен еңбегін ұлықтап, үлгі-өнегесін, тағылымын еске алайық» деген ізгі ниеті көпшілік тарапынан қызу қолдау тапқаны да  содан.

Бірі – ата-анасы, бірі бауыры, енді бірі досы, ауылдасы туралы сыр шерткендердің басым көпшілігі жазу-сызуға, әдебиетке қатысы жоқ қарапайым адамдар. Бірақ солай бола тұра, олардың қай-қайсысының да ағынан жарыла айтқан әңгімесі айтарлықтай әсерлі, жүректі шымырлатарлықтай шынайы. Өйткені олар да – cол тарихтың ажырамас бір бөлшегі, уақыт тезімен бүгінде қай қиырға, қай қияға қоныс тепсе де ең бір қимас сәттері Шығанақпен біте қайнасқан жандар. Олардың жазған-сызғанынан сол өткен дәуірдің демі сезіледі, қилы-қилы тағдырлар көрініс береді. Оқи отырып кішкентай ғана ауылдың шежіреге, өзіндік тарихқа соншалықты бай екенін аңғарасыз.  

Естеліктер сипатына қарай бірнеше бөлімге топтастырылған. «Өмірі – өнеге» атты алғашқы бөлімге ұрпақтарының бақилық болған ата-анасы, жақындары туралы естелігі енсе, «Енесі жақсы қандай-ды» бөлімінде кешегі жас келін, ал бүгінде бір әулеттің салиқалы отанасына айналған жандар ақ ниетпен аттаған босағасы, қайын енеден алған тағылымы жөнінде кейінгіге сабақ болардай келелі сөз қозғайды. «Жұлдыз-ғұмырда» жарық дүниедегі күндері күрмеуге келместей келте болғанымен, сол қысқа өмірінде-ақ елеулі із қалдырып, көзін көргендер айта жүрер жылы естеліктердің кейіпкеріне айналған Шығанақ шырақтары жөнінде баяндалған. «Ауыл өрендерінде» өңірдің талапкер жастарының шығармашылығы көрініс тапса, «Ауыл мақтаныштары» бөлімінде осы топырақтан түлеген және бүгінде әр салада табысты еңбек етіп, айтарлықтай жетістікке жеткен жандардың, кәсіпкерлер мен танымал азаматтардың өмірбаяны берілген. «Ауыл әңгімелері» мен «Ауыл айтқыштары» бөлімінде Шығанақта әр кезеңдерде болған қызықты оқиғалар мен елдің есінде қалған, жұрттың аузында жүрген әңгімелер жинақталған.              

Ауыл болып өз алдына шаңырақ көтергеніне аттай 60 жыл өткен Шығанақ тарихы мен оның әр тұрғынының өмірдерегін егжей-тегжейлі қамтуды бір кітаптың көлемі көтермейтіні мәлім. Алайда бір анық нәрсе: ең бастысы, ешкім де, ешнәрсе де ұмытылған емес және ұмытылмайды да. Совхоздың қалай құрылып, шаруашылықтың қалай өркендегені, ауылды көркейтуге тұрғындардың қалай жұмылып, қандай қиындықтар мен қызықтарды бастан өткергені өзін «шығанақтықпын» деп есептейтін әр адамның көз алдында, көкірегінде күні кешегідей сайрап тұр.

Өткен тарихқа ой жүгірту барысында солардың қай-қайсысының да ерлікке бергісіз еңбекпен күн кешіп, ел қатарлы түтін түтеткеніне, ұл-қызына үлгілі тәлім-тәрбие беріп, артында ұлағатты ұрпақ қалдырғанына тәнті болмау мүмкін емес. Кезінде ата-аналары табан ақы, маңдай терімен көктеткен, өркендеткен өңірді ұмытпай, 60 жылдық мерейтойына орай ауылда дүбірлі той ұйымдастырып, лайықты сый-сияпат, тарту-таралғы жасаған да, той хабарын естіген бойда кеңбайтақ еліміздің түкпірүкпірінен ағылып келіп, туған топырағына қасиетті Қағбадай тәу етіп жатқан да – солар!.. Жалпы, ауылға құрмет, ол қазаққа құрмет. Ауылды көтеру, ол қазақты көтеру деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл баршаға үлгі боларлық жайт.           

Таңқаларлықтай тағы бір жағдай ғылым-білімнің, мәдениеттің үлкен орталықтарынан шеткері жатса да, кішкентай ғана Шығанақтан білімі мен білігі, парасат-пайымы ешкімнен кем түспейтін, өз саласының маңдайалды маманы ретінде есімі бүгінде күллі Қазақстанға танылған тұлғалардың, зиялы азаматтардың көптеп шығуы. Біздіңше, бұған да жердің киесі, текті ата-бабадан ғибрат алған еңселі елдің қайнары тұнық қасиеті себепкер болса керек.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:45

18:25

17:50

17:29

17:11

16:51

16:45

16:41

16:12

16:01

15:47

15:45

15:43

15:40

15:32

15:13

15:11

15:06

15:03

14:46

14:45

14:27

14:26

14:22

14:18