Пенде Алла Тағалаға жалбарынып, дұға еткеннен кейiн «әмин» деп, тiлегi қабыл болуын сұрайды. Бұл амал өз бастауын Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар заманынан алады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған намазда және дұғада «әмин» (деп айту) нәсіп болды, бұл менен бұрын Мұсадан басқа ешкімге нәсіп болмаған, Мұса дұға қылғанда, Һарун «әмин» деп тұратын. Сондықтан дұғаны әминмен аяқтаңдар. Өйткені Алла сендерден мұны қабыл етеді», – деп өсиет еткен (Ибн Хузайма).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Имам «әмин» дегенде, сендер де «әмин» деп айтыңдар. Өйткені кімнің («әмин» деп айтқан) сөзі періштелердің айтуымен тура (пара-пар) келсе, оның бұрынғы өткен күнәсі кешіріледі», – деген (Бұхари, Мүслим).
Тағы бір хадисте: «Әмин деп айтпайтын адамның мысалы бір адамдармен бірге жорыққа шыққан кісіге ұқсайды. Олар жеребе тартып, жебе суырысқанда, барлығының жебесі шығыпты да, оның жебесі еш шықпапты. Сонда ол: «Менің жебем неліктен еш шықпады?» – дегенде, оған: «Өйткені, сен «әмин» деп айтпадың», – делініпті» (Әбу Яғлә).
Негізінде «әмин» арабтың сөзі емес, басқа тілден енген сөз. Имам Қуртуби (Алла оны рақымына алсын) айтады: «Ғалымдардың басым көпшiлiгiнің пікірінше, «әмин» сөзi «Уа, Алла! Бізден қабыл ет!» – деген мағынаны бiлдiрiп, дұға ұғымында қолданылады».
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) айтады: «Мен Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «әмин» сөзiнiң мағынасы не?» деп сұрағанымда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Тiлегiмдi қабыл ет», – деп жауап бердi» («Әл-Жамиғу ли ахкам әл-Құран»). Сондай-ақ ғалымдар оның «солай болсын», «үмітімізді еш етпе» деген мағынасы да бар дейді.
Арабтар әлиф әрпін созып («әәмиин») және созбай («әмиин») екі түрде айтады. Қалай айтылса да, мағынасы өзгермейді, солай қала береді. Қазақ халқының дұғада «әмин» немесе «әумин» деп айтуы – «Алла қабыл етсін, сауабын жазсын» деген ниетінің көрінісі. Екеуі де қолданыстағы сөздер болғандықтан, мағынасы бірдей деуге болады. Қазақ әу бастан бата бергенде «әумин» деп те қолданған. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған «Орфографиялық сөздікте» қазақ тілінің заңдылығы бойынша «әумин» деп жазу керектігі көрсетілген. Сондықтан оны қате деп айтпаймыз.
Бұл мәселеде «олай емес, былай» деп талас-тартыс жасамау қажет.
«Мұнара» газеті, №11, 2021 жыл
«Мұнара» газеті, №11, 2021 жыл