Telegram-да ашығу барлық ауруларға шипа деген ақпарат тарады. Егер аптасына бір рет ештеңе жемей, тек су ғана ішсе, мұның жағымды әсері болады екен. Бұл мәлімдемелер қаншалықты шындыққа сәйкес келе ме?
Жарияланымда жапон молекулалық биологы Ёсинори Осумидің есімі аталады. Ғалым бір күндік ашығудың пайдасы барын анықтағаны үшін Нобель сыйлығын алған делінген. Шын мәнінде, Ёсинори Осуми марапатты 2016 жылы аутофагия механизмдерін ашып, зерттегені үшін иеленген. Ежелгі грек тілінен аударғанда аутофагос өзін-өзі жеу дегенді білдіреді. Яғни, аутофагия процесінде дене жасушалық деңгейде тазартылады.
Аутофагияны өткен ғасырдың 60-жылдарында биохимик Кристиан де Дюв аштқан. Ал Ёсинори Осуми бұл процестің адам ағзасына да тән екенін дәлелдей алды. Бірақ ол адамдарда тәжірибе жасамаған. Ғалым негіз ретінде ашытқыны қолданған. Ол күрделілігі жағынан адам жасушаларына ұқсайды, бірақ генетика тұрғысынан онымен жұмыс істеу оңайырақ. Осуми ашытқы жасушаларында аутофагияның болатынын дәлелдеді. Содан кейін адамның бойындағы аутофагияға жауап беретін гендер тірі бір жасушалы организмдердің гендерімен бірдей екенін анықтаған. Адам ештеңе жемесе, лизосомалар қажетсіз, кейде жасушаларымыздың бөтен компоненттерін өңдейді. Нәтижесінде зақымдалған ақуыздар мен органеллалар жойылады, яғни қабыну процестері баяулайды.
Егер жасуша өзін-өзі сіңіре алатын болса, онда бұл процесті обыр жасушалары үшін де, инфекциялармен, тіпті қартаю процестерімен де күресу үшін қолдануға болады, дейді профессоры Константин Северинов. Алайда, бұл әзірге ғылыми дәлелі жоқ болжам ғана.
Ашығудың қандай да болмасын ауруға қалай әсер ететінін зерттеу үшін ғалымдар жануарларда тәжірибе жүргізеді. Мысалы, Британдық деменцияны зерттеу ғылыми институтының профессоры Дэвид Рубинштейн тышқандармен не болатынын айтты. Ашығу арқылы жүйке жасушаларында ұйыған қан қалыптасытратын ақуыздарды жоюға болады. Бұл ағзаны деменцияның түрлерінен қорғауға әкелуі ықтимал. Бірақ ғалым ашығудың Альцгеймердің панацеясы болама, жоқ па, білмейді.
Адамдарда жүргізілген зерттеулердің бірі терапевтік ашығу мен қандағы инсулин деңгейін қалыпқа келтіру арасындағы байланысты анықтады.
Тағы бір ғылыми еңбекте ашығу арқылы семіздік пен коморбидті ауруларды (бір адамның бір-бірімен байланысты созылмалы аурулары) емдеуге болатындығы жазылған.
Адам ағзасы биологиялық сағат немесе тәуліктік ырғақ бойынша өмір сүреді. Адамдарда белгілі бір уақытта мелатонин және кортизол өндіріледі. Энергия мен тәбет гормоны – кортизол – таңертең қалыптасады. Ал мелатонин тәбетті төмендетеді, ұйқышылдық тудырады. Ол кешке қалыптасады. Ырғақ циклын бұзбас үшін күндіз зиянды тағамды көп жемей, кешке артық тамақтанбау керек.
Джонс Хопкинс университетінің нейробиологы Марк Мэттсон 25 жылға жуық уақыт бойы мерзімді ашығуды зерттеген. Мұндай ашығудың жолдары көп. Адам стресске төзімді болады, қандағы қант деңгейі қалыпқа келеді, қан қысымы төмендейді. Дегенмен, ғалымдар әлі де болса, тамақтан бас тартудың қалай жұмыс істейтінін және оның адамдарға қаншалықты пайдалы екенін толық анықтаған жоқ. Сонымен қатар, қарапайым адамдардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы берілген режимді өздігінен ұстана алмайды.
Мерзімді, аралық немесе басқа ашығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңескен жөн. Ұзақ уақыт бойы тамақтанбау денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал. Ғалымдар барлық ауруға ем болатын дәрі-дәрмекті әлі ойлап тапқан жоқ, сондықтан кез келген ауру кезінде ашығу көмектесе алады деген пікір жалған және шындыққа жанаспайды.