Жазылған жай: пікір, тілек ұсыныс
Мағрипа Жылқыбаева (1945-2019) – Есік қорғанынан шыққан Алтын адамның күміс зереншедегі 26 таңбасының шифрын кванттық физиканың көмегімен ашып, дүниежүзі тарихына қатысты орасан мол мәлімет ұсынған ғалым.
1970 жылы Қазақстандағы Есік қорғанынан табылған Алтын адам еліміздің символына айналғаны белгілі. Қазба жұмыстары кезінде Сақ қорғанынан төрт мыңнан астам алтын бұйымдармен бірге күміс тостаған шыққан. Тостағандағы 26 таңба көптеген ғалымдардың назарын аударғанымен, оның кілтін тауып оқып, ғылымға қажетті мол мәліметті шығарған ешкім болмады. Тек 1980 жылдардың соңында физика-математика ғылымының кандидаты, доцент Мағрипа Жылқыбаева Алтын адамның тостағандағы жазуы жайлы баспасөз беттерінен көріп қалып, әр таңбада ғылыми формула бар деген ойға келеді. Сөйтіп, өзінің қызмет орнын тастап, Алтын адамды зерттеуге 30 жыл ғұмырын жұмсаған. Осы тақырыпта «Алматы ақшамы» газетінде берілген танымдық материалдан кейін («Алтын адамның аманаты», «Almaty aqshamy», № 42, 21.04.2022 ж) редакцияға хабарласып, автор мен оның ғылыми-зерттеу еңбектеріне қызығушылық танытқан оқырман көп. Әйгілі 26 таңбаның құпиясын физика-математикалық әдіс-тәсілдермен зерттеген ғалымның көп томдық мұраларымен таныстыруды өтінгендер де аз емес. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов тұжырымдағандай, «халықтың көзі,құлағы һәм тілі» болған газет үшін қашанда оқырман талабына үн қату – парыз.
Сонымен, Сақ қорғандары қандай құпия-сырларды сақтап келді? Оқырмандар өтінішіне орай «Алтын адамның» әлемдік тұлғасын танытуға өмірін арнаған ғалымның «Алтын адамның мұрасы» деп аталатын кітабынан үзінді ұсынуды жөн көрдік.
1969-1970 жылдары Есік қаласы түбінен табылған қорғанның мүлкінде күміс зеренше жазуы болды. Барлығы 26 ТАҢБА екенін баршаға жариялап та үлгердік. Бүкіл Одақтың ғалымдары жабылып, ол ТАҢБАны оқи алмады. Әліге дейін оқылмағаны белгілі. Десек те, бұны жалған оқып жүрген ғалымдар бар көрінеді. «Оқылды» деген сөзді де ел арасына таратып жүр. Жарайды, «оқылған-ақ» болсын делік. Сонша мың жыл сақталып келген ол таңбалардың бізге бергені не? Оқылғандағы нәтижесі кәнеки? Көзге көрінерлік ештеңесі болмаған соң ол жазудың оқылғаны да өтірік деуге болады. Әр нәрседен белгілі бір нәтиже көрінуі қажет қой. Күміс зеренше жазуы оқылған болса, тиесілі мәтін шығар еді. Айтылған мәселе халыққа жетуі керек. Кім оны оқыды және нендей мәліметтерін алды? Бұның жауабы мүлде белгісіз болып қалған. Ендеше жасырын оқушылардың ісі де өтірік болғаны.
Мемлекеттің аумағынан табылған археологиялық дүниелердің әрбіреуі сол мемлекеттің игілігіне қызмет етуі қажет. Осы кезге дейін неше «Алтын адам» табылды? Олардың практика түріндегі берген мәліметтері қане? Оның игілігін қайсы мекеменің қызметкерлері көріп жүр? Ешкім де ештеңені білмейді. Кез-келген қорғанды қазып алушылар бар да, сол қорғандар туралы бір сөзді де естіртпестен барын жинап әкетуші топтар жүр. Ол байлықты кімге апрарып өткізуде? Үкіметтік комиссия жинап алып жүрген шығар. Халыққа естілері тек «табылды» сөзі ғана. Нені таптық? Бұл кімдерден қалған дүние? Осы жағы «соқыр тұман». Баяғы Одақтың кезіндегі «мылқаулар» ойындары әлі жалғасуда.
Археология тарих үшін қызмет етеді. Қанша қорғандар қазылып келеді? Солардың тарихқа бергені не? Ешбір археологиямен байланыссыз қазақ тарихы тұр. Бар болғаны Гирей мен Жәнібек хан ұйымдастырып кеткен бес жарым ғасырлық өмір белгілі. Жерімізден қазып алынған «Алтын адам» мұраларының оған қатысы бар ма, жоқ па? Бар мәселе осыған келіп тірелуде. Күміс зереншедегі 26 ТАҢБАны оқып алғандары да тарих үшін бір сөз айтпаған. Этнос үшін де ештемесі естілмеген. Археологтардың қазба жұмыстары да бұл қазаққа мүлде қатыссыз «андроновтық» бірдеңе болып келді. Сонда тұтас институтты несіне ұстап отырмыз?
Археология институты мемлекетке не бере алды? Жайдақ диссертацияларды көбейтіп, қаржыны жегеннен басқа ешбір пайдасы болмапты. Ол диссертациялар да тек өз ішіндегі мамандарына ғана қажет. Халық одан нендей рухани азық, пайда алды? Ештемені де. Ең болмаса өз үйіңнің іргесінен табылып жатқан «захоронение» аталғандар жайында бірауыз тұшымды мәлімет бар ма?
Қазылған орынның әрбіреуі тарих үшін орасан мәліметтер беретіндей еді. Ешбір маман онысын оқи алмапты. Соқыр сенімге әбден жаттығып алған бас мамандарыңыз, кез-келген «захоронениені» белгілі «традицияда» хаттай салады екен. Жаттап алған советтік ережесінен айнымай әлі келеді. Көне моланы қазуда қажет білім басқаша деңгейде болуы керек-тін. Баяғы дүниенің болмысын тани алардай «көздер» қажет. Тас дәуіріне қазіргі таныммен қарап бағасын беру – мүлде қате.
Ол кезеңдегілердің дүниетанымы бізден көп жоғарыда. Археологтар болса Тас дәуіріндегілерге төңкерілген танымда баға беріп келген. Тоғыз санын төңкеріп оқысаң «6» шығатыны секілді өмірдеміз. Алтын адамның алып шыққан мәселесі орасан дүниеге қатысты. Оның бәрін бүгін игере алмасақ та, ертеңгі өмірге керегі бар. Бір ғана мұнай өніміне қатысты құпиясы қанша табыс әкелгелі тұр? Тас көмірдің сыры мүлде ашылмаған бойы таусылуға айналған екен. Бұны да күміс зереншедегі жазудан оқып білдік. Жер Планетаның ішкі қойнауы нендей кереметтерді жасыруда дейсіз? Осының бәрі де баяғы Тас дәуірінде толық зерттеліп болыпты. Дайын мәліметінен бізді хабардар етуде, міне.
АСПАН дүниелерін астрономдар зерттеп келді. Бізге олар нені айтуда, естіген халық бар ма? Жоқ. Кез-келген ғылым халық үшін болуы керек. Көпшілікке жол нұсқайтыны да сол ғылым. Астрономдардың елге бергенін кім пайдаланып, нендей биіктерге самғауда? Мүлде басқа дүние секілді томаға-тұйық астрономия жатыр. Иә, жатыр. Есік қорғанының ішінен шыққан күміс зереншедегі 26 ТАҢБАның шешуі алғашқы қабаты бойынша таза астрономиялық мәліметтерге тола болды. Тарих пен этнос жайы содан кейінгі қабаттарынан шықты ғой. Бізге қажеті физик ретіндегі керектісі еді.
Астрономиялық мәліметтерге бойлап, қызыққан сәтте, тарихи мәліметтерін төге салды. Біздің мамандық тарихшы емес қой. Тарихшы болмасақ та қызыға зерттедік. Этнос туралысы тіпті де керемет екен. География мен биосфера жайындағы тың жаңалықтары, бізге физик екенімізді ұмыттырып, елпітіп әкетті. Аспан күштері жайлы алғаш рет осы жазудан оқып білдік. Дегенмен, қазір айтуға оңай болып көрінер бұл жұмысты осындай жеңілдікке жеткізгенше де өзіміз өліп-тірілген едік. Тозақтың не екенін, тіпті онда отырып көрген жалғыз планеталық секілдіміз. Беттің деформациялануы содан болды. Кісі жаны шектен тыс азапқа салынса, оның сүйектері де деформациялана бастайды.
Сонымен, күміс зереншедегі 26 ТАҢБАның сыры ашылып оқылғанша 13 жыл өтті. Біздің өмірдегі ең тозақты 13 жыл сол. Оның бірінші жылында қара шашым аппақ болды. Саусақтың тырнақтарына дейін деформациялануы үшінші жылында көрінді. Сөйте-сөйте бет-ауыз да адам танығысыз болып бұзыла берді. Енді міне, «түрі жаман» кісіміз. Берген құрбандық аз дейсіз бе? Ешкім осылайша беріліп оқымаған соң да бұл 26 ТАҢБА сырын ашпай 33 жыл ұстады. Оны оқушының қайсысы да жай мәтін секілді оп-оңай түрде игере салуды көздеген ғой. Бұндай оп-оңайды Тас дәуіріндегілер ойластырмаған. Өздерінің кибернетикалық қабілетімен өлшеп жазғандай. Бәрін де БАИТИ тәсілінде беріпті. Бүгінгі компьютерлердің БАИТИ бөлімі сондай емес пе?
Бас жетпеген нәрселерді машинаның көмегімен шешкенің соңғы ғасырда ғана. Оған дейінгі өмірде «машина бастылар» аз болды ма? Тас дәуіріндегінің кез-келгені «машина басты» болыпты. Жазуларына қарасаң, сондайлық қат-қабаттыдан. Қат-қабатты жазуды ешбір тарихшың оқи алмасы аян. Сондықтан да біз ешкімді кінәлай алмаймыз. Жартастағы жазуларды да тек физик-математиктер оқуы керек. Өзге мамандардың жүрісі босқа кеткен термен тең. Физиктердің де кез-келгені ондай жазуға қызықпайды. Физика маманының ішінде жақсы оптик болса, сол ғана игере алады. Математикалық құпияларды білетін оптик керек.
Алтын адамның күміс зереншедегі 26 ТАҢБАсын оқып алған соң бұл өмірде жүрген түрколог, шығыстанушылардың кітаптарына көз жүгірту қажет болды. Кімнің деңгейі қандай екеніне физиктің көзімен де бір қарау керек қой. Айтуға ұят мәліметтерге тірелдік. Анау «Казахстан. Летопись трехтысячелетий» деген қара кітапты 100000 данамен неге шығарғанына таң қалдық. Ресейлік қос доктордың берген кітабында бүкіл өзендеріңіз көшіп-қонып жүр ғой? Ефрат өзені ғана көшіп-қонбапты. Оның Солтүстік жағындағы Аракс өзені келіп «Амудария» болған. Иран оған қуана ма, қалай ойлайсыздар? Әрине, қуанады. Баяғыда ТАНАИСТИ болған қазіргі Донның атауын бесінші сынып оқушысы да жете біледі. «ТАНАИС – Сырдария»» деп жазған россиялық екі ғалым доктор ше? ОКСАТИ – ОКА өзенін де, ИАХСАРТИ дариясын да, «УЗБОЙ» дегенін де, әйтеуір көшіріп-қондыра берген.
Біздегі екі дарияның атауын 7 өзенмен алмастырыпты. Бәрі де орнында ағып жатқан тірі өзендер. Кеуіп қалған арнасын сөз етсе де, кешірімді еді. Географиялық картада бадырайып тұрған АРАКС атауын «Амудария» деп жазған дүмшелікке жол болсын. Ол да ештеңе емес-ау, өздерінің Ресей аумағында жатқан ЧУЛЫМ өзенінің орны мен ЕНИСЕЙ-дің географиялық орнын шатастырып, екі түрлі СИБИРЬдің аймағын да бажайлай алмауы кешірімсіз-ақ. Баяғы «андроновская культураны» ауызға алмақ болып бәрін солай бытпыратуда. Көне кезде өмір кешкен Шыңғысханды бұндай авторлар сауатты түрде көрсете ала ма? Орта мектептің географиясын білмейтін тарихшы түгілі, физик пен математиктер сондай сауатсыздығын көрсетсе қызметтен кетуі керек. Орта мектептің аттестатын қалай алған бұл докторларың?
Осындай деңгейдегі «көшіп-қонған» өзендері бар бұл кітапты біздің университеттер тарих факультеттеріндегі басты оқулық ретінде қалай ұстап жүр? Неткен сауатсыздық! Осындай шығармалардан білім алған студент, Арменияға қыдырып барып, Аракс өзенін көргенде «біздің Амудария»» деп, қуанса, ақындарыңыз оған жыр арнайды емес пе?
Өкінішке орай бұндай «Аракс – Амударияның» авторлары бізде кумир ретінде жүреді.
Алтын Адамның жазуы таза физикалық десе де болады. Бір қарағанда-ақ белгілі. Берілген ТАҢБАның әрбіреуі белгілі түрдегі мәнімен орналастырылған. Сонымен бірге оптикалық жақсы көріністе тұр. Әсіресе осынысы маңызды болатын. Бізді бірден алаңдатқаны осы оптикалық көрінісі. Соған бола алданып, тұзаққа түстік. Бұл жазуды көрмей жүрген кездегі ішкі ізденісіміз бірден сәйкес келіп, алдап түсірді. Қуантты да, жылатты да.
Бұндағы 26 ТАҢБАның бәрі де бізге ертеден таныс-тын. Физиктердің қай-қайсысы да ондай әріптерді көріп те, пайдаланып та жүр. Күміс зереншедегімен оның айырмасы сәл-пәл «түзетілген» түрлерінде ғана. Әйтпесе интегралды білмейтін студент жоқ қой. ПИФАГОРдың түбірлік белгісін білмейтін мектеп оқушысы бар ма? Күміс зереншедегі 26 ТАҢБАның арасында бірде-бір бөтен әріп кездеспейді. Қазақ орта мектебін ерте кезде тәмамдаған кез-келген тракторист көрсе де есіне түсіріп беретіндей оңай. Орта мектепте дұрыс оқымай докторлық атаққа ие болғандарға, әрине ол 26 ТАҢБА таныс емес.
Алтын Адамның кереметі сол, тізіле берілген 26 ТАҢБАдан керекті сөйлемдерін қалай шығарып алуға боларын ашық көрсетіп қойыпты. Бізді бірден тартқаны сол еді. Оп-оңай түрде алғашқы сөйлемдерін шығарып алдық. Одан арғысы да дәл солай оңай тиеді деп үміттенгенбіз. Онымыз бекер болды. Матлогика жетіңкіремей әбден қиналдық. Бар қиындық содан басталды. Шашты ағартқаны осы матлогика. Еңіретті.
Он үш жылдың әрбір минуттары қатаң есепте тұр. Еңіреп отырып минуттарды санаған кез өтті. Түн мен күн ұласқан тоқтаусыз ізденістер артта қалды. Ол тозақтан шығамыз деп ойламаған едік. Мәңгілік байлауда сөйтіп қалатын секілдісің.
Алтын Адамның мәселесі өте күрделі де ауқымды. Ол берген сөйлемдердің әрқайсысы 49 қабаттан тұрады. Баяғы ХАҢЛИ ТИЛ жүйесі бойынша сондай күрделі екен. Оның ТСИПІРИ дегендері де сөйлей алады. Мысалы, 2 санын алайық. Бұның бүгінгісі: 2. ХАҢЛИ дәуіріндегісі: Z – екеуі де жетіскен жайды білдіріп тұр демеңіз. Онысы «эк» ықпалымен болған. Біздің «екі» деп жүргеніміз: «эк» – үлкен ӘЛЕМнің ықпалындағы ортақ ритмде әсер етеді. Бүге-шігесін ашып жазсақ, бір томдық көлемді алады. Әрбір ЦИФРИдың информативтілігі сондайлық, кісіге жазған хатты да тек цифрмен жібере салуға болады. Ол түгілі Тас дәуіріндегі ХАҢЛИ геометриясымен БАИТИ өлең жазуға мүмкіндік болған. Алтын адамның жазуы сілтеген орындарға барып тексергенде соған куә болдық. Геометриялық фигураларды тізіп беріп мақал-мәтелдерді түсірген. Жартасқа салынған әрбір бейне солай сөйлейді. Әр суреттің орны бөлек. Әрбір таңбасы соншалықты мазмұнды.
Күміс зереншедегі 26 ТАҢБАдан алған мәліметтер бізді физик ретінде жетілдіре түсті. Математикалық параметрлеріне өзгеше көзбен қарауды үйретті. Күтпеген жерден тарихшы етіп алды. Ойламаған геологияға да үңілдіріп келді. Жертану дегеннен ауылы алыс физик болсақ та, Планетаны танып білуге еріксіз көндірді. Биосфераның бүге-шігесін де жете көрсетіп тұр. Бұдан кейінгі өмірдің жаңа 250 мың жылдық жоспарын ше? Ол жоспарды БУДДА жазуы таныстырды. Алтын адамның жазуы бойынша Кегенге бардық.
Кеген иелігі барын соған дейін естіп жүрсек те, онда жартастар туралы білмеген едік. Алтын адамның жазуында сілтеме жасаған жартасты жерлердің атауы 19 түрлі еді. Соның он бірі Кеген аймағында екен. Қалған сегізінің төртеуі Нарынқолда болды. Нарынқолдың бұрынғы әкімі Жетіген деген кісі бізді итпен қуып жолатпаған-тын. Босқа шаршап, көп шығындалдық. Кейінде екінші рет барып біраз нәрселерді іздестіргенбіз. Бәрібір де Алтын адамның жазуындағы сілтемеден маңыздыларына жете алмай қайттық. Бір нүкте – ШАРТАСТИ-де бола алмадық. Босқа барған секілдісің. Ең керектісі осы ШАРТАСТИ еді, жаңбыр мүмкіндік бермеді.
Одан басқа жерлердегі біз бармай қалған үш нүкте мынандай атауда болатын: СУМБИЛАТИ, ХАРАТИМТИ ТУУУСАААРИТИ ГАААНДИТИ, ХОСЕТЕПЕТИТИ ХУТИМТИ МИРАССИТИ және БИСАААРИ ТЕПЕТИ ХУТИМТИ ЖУГАЛЛИБАИЛИ ТАЛДИ БЕКЕТИТИ. Қысқа сәтте Хостөбеге бір қарап үлгерген сол сапардағы мақсатымыз анау төрт орынды жақсылап зерттеу еді. Онымыз іске аспады. ЖАААБРАЛИ тауының үстіндегі екі нүктені де көре алмай кеттік қой. Соның біреуінде Қожанасырдың қолтаңбасы бар делінген. Қожанасыр Түркиядан табылғанымен, тұңғыш Қожанасырдың бейіті Қостөбеде. Оны да іздеп тапқанбыз. Бізге дейін біреулер ашпақ болыпты. Сол маңды сатып алған жер иесі осындай еркіндікке барған екен. Үш метрден арыға өте алмай тастаған кезінде біз барып көрдік. Одан бері бір жыл өтті. Мүмкін бәрін ақтарып та үлгерген шығар.
ХОСЕТИТЕПЕні іздестірудегі мақсатымыз Қожанасырдың орнына бола басталған еді. Жергілікті әкімі жақтырмай қуып жіберген соң ол да аяқсыз қалды. Енді мынау пирамида да солай бұзыла берсін бе? Оның үшкір төбесін трактор қиратып тастапты. Бұдан көп жыл бұрын да оның үстіне антенна орнатпақ болып қырнатқан сияқты. Қасында отырған қазіргі иесі бұл пирамиданы білмейді. Білген сәтте ақтаратыны анық. Жай төбешік болып жатқан Қожанасырдың қорғанын қолымен бұзған кісілер дайын тұрған пирамидаға қызықпай ма? Есігі тұрған жақтан сыртын ашса, тіпті де оңай кіреді. Қоржын бастың екі жағын тінтісе бітті. Ондағы 22 денеден қорықпастай қимылға дереу көшеді. Гауһар тасты дүниелерден кім тайынсын?
Қоржын басты етіп жасалған қос пирамиданы жас шыммен орап жасырған екен. Аспаннан найзағай түсіріп құртатын болған соң сөйтіп жасыруға мәжбүр болған. Кез-келген құрлықта пирамида орнатуға АСПАНның ИЕсі рұқсат бермепті. Бар болғаны үш орынға кеңшілік беріп жасатқан. Олардың бәрін де осындай ПАИГАМБАРИ АТИМдер барып тұрғызып келген. Сондықтан да «эллиндік пирамидалар» болып аталуда. ЭЛЛИНИдің көне атауы жазулы тұр. «Ізсіз жоғалып кеткен эллиндер» бүгінгі біздің арғы ата-тегіміз болып шықты. БУДДАның жартастағы жазулары осыны айтуда. Физика маманы бізге ешқандай «ЭЛЛИНИ» керек емес-тін. Іздегеніміз радиация жайындағы мәліметтер еді. Күтпеген жерден «ЭЛЛИНИТИ» атауына кез болдық.
Осы ЭЛЛИНИТИ жасаған неше пирамида осында екен? Бұл сұраққа біз жауап бере алмаймыз. Өйткені, анау 26 ТАҢБАның жазулары нұсқаған орындардың бәрінде біз бола алмадық. Жартастағы жазулардың өзін де түгел оқып үлгермедік. Үш ай ішінде нені тындыра аласың? Үнемі жартас аралап жүрген жетік маман да емеспіз. Алтын Адамның жазуында көрсетілген 19 орынды түгелдей көріп шықсақ бәрі де ашылғалы тұр. Бұл пирамиданы толықтай жалаңаштау қауіпті. Аспаннан найзағай жаудырып қазір быт-шыт етеді. Ол кезеңде рұқсат етілмеген орында бүгін жасата ма ондай пирамиданы? Үлкен қаланың ішінде болса бірсәрі. Трактормен бұзылған үстіңгі деңгейі қандайлық күйде ойсырағанын да білмейміз ғой. Тапталған топырақты ашатын болсақ, қиратылған төбе жақтан кірген жаңбырдың суы ішіне қарай өтіп жүрмей ме?
Пирамиданың екі жағында 22 дене бар делінген. Оның 21 тұлғасы алтын заводта болған өрттің құрбандары – өңшең жас жігіттердікі. Сондықтан арнайы бальзамдалыпты. Екінші басында жалғыз дене жатуы керек. Он бір мың жылдық жасы бар. Үш түрлі ПАТШАның қызметін атқарыпты. Олардың атаулары: АААМУУУРИТИ ХУТИМТИ САААРИТИ, АААРТУУУРИТИ ПРМТИХУТИМ және ТОБЭИ ХАААНДИТИ – ТОБХТИ. Планета ЖЕРдің бетін тегістей билеген «Планеталық АКИМТИ» аты тағы бар.
Он бір мың жылдық өмірді ХҰДАИ оған бізді есіркегендіктен беріпті. Осынша саналы біреу басқармаса Планета ЖЕРдің үстіне жаңадан келіп енді ғана тыңын игермекші жас ХАААЗААХТИге өте қиын болған. Үш жақты жау бірден тиісіп титықтатқан. Оның біреуі аспандағы көп ПЕРШТИдің топтары. Әр ПЕРШТИ өзінше тәжірибе жасап құлдануға кіріседі. Батпаққа аунатып жүріп, батырып өлтіретін де ПӘК ПЕРШТИ АСПАН ішінен ықпал еткен. Сасық тұманда үзбей ұстап, қалың елді 5-6 жылдан тұншықтырған да ПӘК ПЕРШТИ болыпты.
Биосфераны тұтастай жек көріп, бәрін де солай біртіндеп өлтірмекші ПӘК ПЕРШТИлердің үлкен жоспары әлі де жалғасуда екен. Қанды соғыстарды өршітіп, екеуара қақтығыстарды көбейтуші де солар. Ми жүйеге үстіден ықпал етіп қағындырады. Төбелестіреді де, пышақтатады. Ұрыс-керістерді жасатқызады. Бәрі де осы биосфералық өмірге деген қарсылықтан. Биосфераны тезірек тоздырса, Планетаны да дереу жоятындай ерегісте жүр.
Алтын адамның жатқан жері үш қабатты екенін біздің археология білген бе еді? БУДДА жазуы бойынша қарасақ, бұл орынның астында тағы да 13 кісінің сүйегі бар көрінеді. «Алтын адам» дегенің АДАМ ПАИГАМБАРдың қорғанынан табылып тұр. Ондағы үшінші қабатта ХАУАНАның мұрағаты бар екен. ХАУАНАдан кейінгі 12 әйелінікі де сонда болды. Бұлардың мүлкі де бір қабатында сақтаулы делінген. Одан өзге тағы бір тең аталады. Ол теңді Африкадан алып келіпті. АДАМ ПАИГАМБАРдың бір тең киімін, оның он тоғызыншы әйелі Африкадағы ұлының үйіне теңдеп әкетіпті. Содан қайтарып әкелінгенін АДАМ ПАИГАМБАРдың өзі ашқызбастан көміп тастатқан. Сонда бұл киімдерді ол көп уақыт бұрын өзі көмдіріп тастаған болды. Шірігені бар ма, жоқ па, бізге белгісіз ғой. Десек те ПАИГАМБАРдың киімдерін бүтіндей көру маңызды.
ХАУАНАның қасындағы 12 дене де бальзамдалмаған. Жай сүйек болып қойылғанға дейін жоғарыда ұсталған. Әбден қурап болғанда апарып 25 метрлік тереңдікке түсіртіпті. Он үші бірге апарылған. Олардың киімдері қасындағы жеке теңдердей. ХАУАНАның теңінде ерекше таңба соғылған. Оның түсі ақ сырлы. Қара қошқыл сыр жағылған екі тең бар. «Бұлардың ішінде алтын бұйымдар жатыр» дейді. Алтындардың келген орны Шы-ГУСИНАИТИ. Қазіргі құм басып жатқан Шы-Гу сол ғой.
ХАУАНАның есімі: ХАААБИБАТИ. Қасындағы он екі АНАның өз есімдері белгілі. Олардың әрбіреуі 9 ұлдан туыпты. ХАУАНАдан 7 бала туылған. Жетеуі де ПАИГАМБАРИ. ХЗРИ ПАИГАМБАР да осы ХАУАНАның баласы. Өз ұлдарынан басқа 32 ұлды тәрбиелеген ХАААБИБАТИды жұрт ХАУМТИ АНАға айналдырған. АДАМ АТА мен ХАУАНАның бірінші үйлері қазіргі ЧОҢКЕМИН иелігінде болыпты. Бұның көне дәуірлік атауы: ЧАААҢГИ КАААМАААНКАТИ, қазіргі қос КАМЕНКА осыдан бері келе жатқан зор тарихи орын. Орыс тіліне оның қатысы жоқ. Қайта екі таңбасы өзгеріп, қатаң дыбысты «қ»-мен байланысты болыпты. Дұрыс айтылуын еске алсақ: ХАААМАААНХАТИ.
Күміс зереншенің 26 ТАҢБАсы 31 мәселені бізге әкелгенін айттық қой. Содан үстіңгі бесеуі ғана таза физикадан. Төртеуі мұнай мен тас көмірдің бүгіні мен ертеңгі табиғатына қатысты ғылыми теориядан тұрады. Бес түрлі мәселесі металлургияның келешегіне тиесіліден. Мақтаға қатысты бір мәселе бар. Жүгері жайындағысы да біреу. ХМЗТИ түрлерін сөз етіп, оның болашағына берген ғылыми кеңесі де бір мәселе ретінде саналды дейміз. Балалардың тәрбиесіне арналған екі түрлі шығармасы аталып тұр.
Отбасының қамы үшін баяғы ГУННИТИлік дөңгелек үйлерді жаңғырту мәселесі де сөз болған. Адамзаттың алдында тұрған анау катаклизм түнінде осындай үйлер бізді сақтап қалмақшы. Өзге үйлерге сенім жоқ. Барлығы да құлап басады. Планетаның екі Полюсі орын алмастыруға дейін жететін күшті сілкіністе ештеңе де төтей алмастай. Гуннилік дөңгелек үйлер төтейді екен. Баяғыдағы ауыр сынақтардан жақсы өткен сол үйлерді кім келіп жердің астына қарай бүтіндей түсіртіп жойды? ПӘК ПЕРШТИлер жойыпты. Адамзатқа жау болып тиген ПӘК ПЕРШТИлердің жасамағаны қалмапты. Соларға арналған халықтың лағнеті анау үлкен АРАСАНның сыртқы жағында жазулы тұр. Туристер өшіріп кетпесе әлі тұрған шығар. Былтырғы көрінісі өте айқын еді.
1 қыркүйек, 2003 жыл.