Аталған кәсіпті «маған да үйретші» деп ниет танытып жатқандар көп екен
Алматы облысының тұрғыны Жәнібек Сейітов пластикалық бөтелкелерден тұрмысқа қажетті заттар жасап шығарады. Ол бұл кәсіп түрін интернеттен өз бетімен үйренген. Бүгінде кәсіпкердің тұрақты тұтынушылары да бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жәнібек Сейітов Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласының тұрғыны. Бұған дейін таксист болған, биылдан бастап жаңа кәсіпті меңгерді.
«Бұл істі осы жылы қыста қолға алдым. Бұған дейін пластикалық бөтелкелерден түрлі заттарды жасауды интернеттен көріп, содан қызығушылық туындады. Басында бір зат жасап көрдім, кейін ақырындап көбейте бастадым. Пластикалық бөтелкелерден жасалған заттарды көрген таныстарым, көршілерім мені қолдай бастады. Сосын ақырындап жасаған дүниелерімді Instagram, Tik-Tok, YouToube желілеріне жария еттім. Ол жерде де қызығушылық танытып, жылы пікір қалдырғандар көп болды», - деді Жәнібек Сейітов.
Өнертапқыш әзірге пластикалық бөтелкелерден сыпырғы мен жіп жасайды. Десе де алдағы уақытта басқа да заттар жасау ойы бар.
«Жіп жасау оңайырақ, тез болады. Ал сыпырғы дайындау уақыт алады. Жалпы күніне 4-5 сыпырғыға дейін дайындай аламын. Оның үстіне жіпке қарағанда сыпырғыға сұраныс басым болып тұр. Бір сыпырғыны 2 мың теңгеге сатып жатырмын, ал жіп 200 теңге тұрады. Кейбір тұтынушылар 2 мың теңгенің сыпырғысын қымбатсынып жатады. Бұл жерде мәселе пайданың астында қалу емес, пластикалық бөтелкеден сыпырғы жасау технологиясы қиындау және ол еңбек пен уақытты талап етеді. Тиісінше баға да жоғарылау. Пластикалық бөтелкелерді өзім іздеп табамын. Көпқабатты үйлердің қоқыс контейнерлерінің жанында пластикалық бөтелкелерге арналған бөлек жәшік бар, сол жерден жинап аламын», - дейді ол.
Үшқала тұрғынының шағын кәсіпкерлікті қолға алғанын естіген жергілікті әкімдік пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіпкерге бизнестің қыр-сырын үйрене түсу үшін біліктілігін арттыру курсынан өтуді ұсыныпты.
«Келесі жылдың басында іскерлікті оқып алуды ұсынды. Негізі бұған дейін «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқығам, бірақ емтиханнан өте алмай қалдым. Енді соны қайтадан меңгеру мүмкіндігі туып тұр. Егер оқу сәтімен болса 500 мың теңгенің бизнес грантын ұтып алуға да болады. Пластикалық бөтелкелерден заттар жасауға қатысты идея толып жатыр, бірақ бәрі айналып келіп қаржыға тіреледі. Себебі ол үшін заманауи құрылғы керек, қазір нешетүрлі станоктар бар», - деді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, аталған кәсіпті «маған да үйретші» деп ниет танытып жатқандар бар екен.
«Болашақта арманым, осы пластикалық бөтелкелерден заттар жасау кәсібімді ұлғайтып, ірі кәсіпорын ашқым келеді. Қазір не көп, пластикалық қалдық көп, шикізат жағынан проблема жоқ. Сол сияқты алдағы уақытта сыпырғы мен жіптен басқа да заттар жасап шығаруды жоспарлап отырмын», - дейді өнертапқыш.