Қаладағы 316 407 адам екпе алды, бұл шаһар халқының 16%-ын құрайды.
Қала дәрігерлері Алматыда екпе шаралары қалай жүріп жатқанын баяндап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Халықты КВИ-ға қарсы вакцинациялау қызмет бабында көпшілікпен (медицина қызметкерлері, учаскелік полиция, әкімдік қызметкерлері, коммуналдық қызмет, қоғамдық тамақтану, сауда қызметкерлері) күнделікті байланыста болатын мамандардан басталды. Бүгінге дейін 316 407 адам вакцинацияланды, бұл қала халқының 16%-ын құрайды және оған қоса ауырып жазылған адамдар 5%, барлығын қосқанда, қала тұрғындарының ұжымдық иммунитеті 21%-дан асты.
КВИ сырқатының ауырлығы бойынша тәуекел тобына жататын 60 жастан асқан екпе алғандар 32 758 адамды немесе осы жас санатындағы адамдардың жалпы санының 12%-дан астамын құрайды. (Қаланың медициналық ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және сауда ойын-сауық орталықтарында 211 вакцинациялау пункті жұмыс істейді. Олардың санын әрі қарай 250-ге дейін көбейтуге болады. Осы жұмыстарға құрамында 1 257 маманы бар 304 егу бригадасы жұмылдырылды).
Аурудың төмендеуіне шағын және орта бизнес нысандарында ASHYQ жүйесін енгізу, мониторингтік топтар тарапынан нысандарды жүйелі бақылау, КВИ-дің белсенді ошақтары бар көп пәтерлі үйлердің қоғамдық орындарында (кіреберістер, баспалдақ аралықтары, лифтілер, балалар ойын алаңдары) профилактикалық дезинфекция жұмыстарын жүргізу оң әсерін тигізді.
ASHYQ жобасы Алматы қаласында ақпан айынан бастап жүзеге асырылуда. Басты міндеттердің бірі - оң нәтижелі ПТР тесті бар тұрғындардың, сондай-ақ олармен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне баруға қолжетімділігін шектеу және сол арқылы 14 күндік үй карантинін сақтау болып табылады. Алматы қаласында енгізілген сәттен бастап ASHYQ мобильдік қосымшасының көмегімен QR-кодпен өз мәртебесін сканерлеу нәтижелері бойынша ASHYQ жобасы шағын және орта бизнес нысандарына кіруге келесі тұрғындарға жол бермеді: 1235 тұрғында қызыл мәртебе, 298 тұрғында сары мәртебе расталды. Оның ішінде оффлайн сканерлеген кезде – ASHYQ жобасы өкілдері жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарға кірген кезде 551 тұрғынның «қызыл» мәртебесі, 131 адамның «сары» мәртебесі расталды. Қалғандары өзін-өзі бақылау үшін онлайн режимінде жұмыс істейді, осылайша «көк» мәртебесі бар келушілер арасында КВИ ауруын жұқтыруды және тіркеуді болдырмайды. Сондай-ақ, ASHYQ жобасы тұрғындарға мобильді қосымшаның көмегімен үй карантинін бұзбай, өз мәртебесін «қашықтан» тексеруге мүмкіндік береді. Интернеттегі әдіспен 649 тұрғынға қызыл мәртебе, ал 144 тұрғынға сары мәртебе расталды.
Аталған шаралар кешенінің нәтижесінде КВИ бойынша тәуліктік өсім 6 есеге, мамыр айының басында 1,2%-дан бүгінгі күні 0,2%-ға дейін төмендеді. Соңғы тәулікте Алматы қаласында мамыр айының алғашқы күндеріндегі мәліметке қарағанда 605-608 болған көрсеткіштен 143-ке азайған.